Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны да ерекше. Мемлекеттік қызметшілербилік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Олар өзінің қызметтік міндеттерін мінсіз орындау арқылы ел азаматтарының мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырып, өз іс-әрекетімен сыбайлас-жемқорлықтың кез-келген көрінісіне төзбеушілік қағидатын ұстанып, қоғамда сыбайлас-жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға атсалысуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші өз қызметінде мемлекеттік қызметтегі әдеп ережелерін реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алады. Кодекске сәйкес, мемлекеттік қызметшілер жоғары кәсібилік нышаны, адал, әділ, қарапайым, сыпайы болуы, жалпыға ортақ моральдық-этикалық талаптарды ұстануы, өз міндеттерін сапалы, тиянақты орындауы тиіс. Бүгінгі таңдағы технологиялар барынша дамыған қоғамда және БАҚ-ның еркіндігінде әрбір мемлекеттік қызметші халықтың алдындағы жауапкершілік жүгін анық сезінуі үшін ең әуелі өзінің моральдық-әдептілік құндылықтарын дамытуға күш салуы керек. Олай болу себебі, Әдеп кодексіндегі талаптарды сақтауы – олардың қызметтік парызы, ал бұзуы Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеліп соғады.
Мемлекеттік қызметшінің шыншыл болуы – оның маңызды моральдық қасиеті болып табылады. Ол екіжүзділікке, өтірік айтуға, жеке мақсаты, мансабы үшін өзгеше сипатта қарауға қарсы тұруы керек. Мемлекеттік қызметші жағымсыз тәкаппарлық қасиеттен де аулақ болғаны абзал. Ол адамдармен қарым-қатынастарда менмендік, олардың білімі мен тәжірибесін менсінбеушіліктен, өз лауазымын аса биік бағалаудан, қолы жеткен табысқа мастанудан, өз мүмкіндігін асыра бағалаудан байқалып тұрады.
Мемлекеттік қызметшіге қажет тағы бір қасиет – тыңдай білу. Тыңдай білу сөйлеушінің сөзін бөлмей мақұлдау ғана емес, оның ойына, сезіміне ортақтасу. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, сөйлеп отырған адамның сөзін бөлмей, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру қажет. Әдеп кодексінде «клиентке бағдарлану» қағидасының мәні де осы сөзімізге дәлел бола алады. Шағым түскен жағдайда туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдауы және болашақта ұқсас жағдаяттардың алдын алуға әрекет жасау керек.
Жалпы, мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет, жұмыстан тыс уақытта өз іс-әрекетімен мінез-құлығына жауапты екенін, ал кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауы қажет.
Нұрсұлтан Сейдалиев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.


