автожолдарды жаңғырту, әуежайлар салу және Транскаспий бағыты қалай дамуда

2024 жылғы Президент Жолдауы: автожолдарды жаңғырту, әуежайлар салу және Транскаспий бағыты қалай дамуда

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан Еуразияның жетекші транзиттік хабына айналуға ұмтылуда. Бұл бағытта Мемлекет басшысы автожолдарды жаңғырту, жаңа көлік дәліздерін салу, логистикалық орталықтарды жақсарту, сондай-ақ көлік үдерістерді оңтайландыру бойынша цифрлық шешімдер енгізуге қатысты негізгі тапсырмалар берді. Бүгінгі таңда Үкіметте еліміздегі экономикалық өсу мен халықаралық көлік желісіне ықпалдасуының негізін құрайтын бірқатар іс-шара қабылдануда.

Негізгі автожолдарды реконструкциялау жұмыстарын аяқтау және цифрландыру

 

2024 жылдың наурыз айында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кемінде 12 мың шақырым автожолды реконструкциялау және жөндеуден өткізуді тапсырған болатын.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаға 10 мыңнан астам техника мен 25 мың маман қатысты. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, ал жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 89%-ға дейін жақсарды.

Негізгі басымдықтардың бірі стратегиялық маңызы бар төрт автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау болды:

«Қарағанды – Алматы» (885 км): төрт жолақты, заманауи тосқауыл қоршаулары және толық жарықтандыру арқылы бірінші техникалық санатқа дейін реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жоба аясында 33 көпір, 48 өткел салынып, сондай-ақ 700 су өткізгіш құбыр орнатылды.

«Талдықорған – Өскемен» (768 км): жол I–II техникалық санатқа дейін қайта жаңартылды. Құрылыс барысында жаңа көпірлер, жол айрықтары мен су өткізу құрылыстары пайда болды, бұл Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасындағы қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын едәуір арттырды.

«Атырау – Астрахан» (212 км): Қазақстанды Ресей Федерациясымен байланыстыратын бұл маңызды көлік бағыты II санатқа жаңартылды. Жолдың барлық ұзындығына 6 көпір, 1 өтпе жол, 60 өткізу құрылысы және демалыс орындары салынды.

«Ақтөбе – Қандыағаш» (96 км): реконструкциялау жолдың төрт қозғалыс жолағымен I–II санатқа дейін жақсаруына әкелді. Жұмыс аясында 700 мың тоннаға жуық асфальт-бетон қоспасы төселіп, 10 көпір, 5 жол өтпесі және 3 жол айрығы салынды.

Биыл құрылыс-жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымнан астам жолды қамтыды, оның 7 мың шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жезқазған – Петропавл», «Мұқыр – Құлсары», «Орал – Атырау» және басқа да автожолдар қамтылды, «Орталық – Батыс» автожолының, сондай-ақ «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» учаскелерінің, Сарыағаш, Рудный және Шымкент айналма жолдарының құрылысы басталды. «Қалбатау – Майқапшағай» жолы аяқталады.

«Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылдың аяғына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр», — деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Транскаспий бағыты Еуразиялық логистиканың негізгі буынына айналуда: соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты

 

Мемлекет басшысының Жолдауында серіктес елдер  – Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде.

Серіктестермен бірлесе отырып 2027 жылға дейін «тұйық» жерлерді синхронды жою бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында «Достық–Мойынты» теміржол желісі пайдалануға берілді, Алматы стансасының айналма жолы салынуда, порт инфрақұрылымы жаңғыртылуда: Құрық портының акватория түбі тереңдетілді, қуаттылығы 1 млн тонна астық терминалыжәне Ақтау портында контейнерлік хаб  іске қосылды.

2023 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның қатысуымен Middle Corridor Multimodal Ltd бірлескен кәсіпорнының құрылуы маңызды қадамдардың бірі болды. Компания «бір терезе» қағидаты бойынша кепілдендірілген тарифпен және жеткізу мерзімімен мультимодальды тасымалды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Қытай теміржолдарының еншілес компаниясы CRCT-ның бірлескен кәсіпорынға қосылуы жоспарланып отыр, тиісті меморандумға 2024 жылдың қарашасында қол қойылды.

Қазақстаннан тыс жерде де порт инфрақұрылымы белсенді дамып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымында Грузияның Поти портында аумағы 8,9 гектар жылына 120 мың контейнер өңдеуге қауқарлы қазақстандық мультимодалды терминал іске қосылды.

Нәтижелер айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр: соңғы бес жылда бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі алты есеге ұлғайды – 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Тек былтырдың өзінде тасымал көлемі 62%-ға артып, контейнерлік тасымал 2,7 есеге көбейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында тасымал көлемі 2,3 млн тоннаға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық болды.

Сонымен қатар контейнерлік тасымалдардың айтарлықтай артуына кедендік рәсімдерді автоматтандыру да ықпал етті: енді бір контейнерлік пойызды рәсімдеуге небәрі 30 минут кетеді, бұрын бұл процесс үш сағатқа дейін созылатын еді.

«Жуырда қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлық терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда», — деді Мақсат Қалиақпаров.

Транскаспий бағыты бойынша қытай автопойыздарының қозғалысының басталуы да маңызды оқиғалардың бірі болды: 2024 жылы Құрық порты арқылы 3,5 мыңға жуық жүк көлігі өтті, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында олардың саны мыңнан асты. 

Бұл шаралардың барлығы Транскаспий бағытын Еуразиялық логистиканың негізгі буыны ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, бұл еліміздің халықаралық сауда мен транзиттегі позициясын күшейтеді.

Қазақстан теміржол инфрақұрылымын қарқынды дамытып жатыр: ірі жобалар елдің транзиттік мүмкіндіктерін бірнеше есеге арттырады

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда елдің көлік-логистика әлеуетін дамытуға арналған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінде бұл бастамаларды жүзеге асыру қарқынды түрде жүруде. Теміржол саласында ұзындығы 1,3 мың шақырымнан асатын төрт жоба жүзеге асырылуда. Олар – «Достық – Мойынты», Алматы айналма теміржолы, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз». Биыл Алматы айналма теміржолы мен «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолы аяқталады, бұл жүк тасымалдау көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауқымды жоба – Транқазақстандық теміржол дәлізі іске қосылды. Оның аясында «Мойынты – Қызылжар» учаскесінің құрылысы (366 шақырым) және 1,6 мың шақырым жолды жаңғырту аяқталды. Алдағы 5 жылда 16 мың шақырым жол салу және жөндеу жоспарлануда.

«Сондай-ақ 125 вокзал жаңғыртылуда. Ғимараттардың қасбеттерді, инженерлік желілері, залдарды, платформалары жаңартылуда, мобильділігі төмен азаматтар үшін қауіпсіздік жүйелері мен ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Биыл жолаушылар вагондарының паркі 175 бірлікке толықтырылады, оның ішінде Stadler компаниясының 51 вагоны бар», — деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.

Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталықтарға айналады

 

Авиациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның көлік саясатындағы басымдықтарының бірі болып қала береді. Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәйкес еліміздің жетекші әуежайлары – Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе – логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын заманауи мультимодальды орталықтар ретінде дамуда.

Астанада 2025 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайын жаңғырту жобасы басталды, оның шеңберінде $1,1 млрд. көлемінде инвестициялар тарта отырып, екінші ұшу-қону жолағын, сондай-ақ үшінші жолаушылар және жүк терминалын салу көзделген. Сондай-ақ, индустриялды-логистикалық аймағы, бизнес-орталықтары, қонақ үйлері және сауда алаңдары бар «Аэротрополис» көпфункционалды кешені құрылатын болады.

Алматы әуежайы 2050 жылға дейінгі дамудың бас жоспары бойынша жаңғыртылмақ. Бүгінде бірінші кезең басталып кетті, ол ішкі рейстер терминалының реконструкциясын, такси жолын салуды, ҰҚЖ мен отын инфрақұрылымын жаңартуды, заманауи жүк перрондары мен техникалық қызмет көрсету ангарын құруды қамтиды. Сондай-ақ қонақ үй мен көп деңгейлі автотұрақ салу жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, одан кейінгі операциялық қызмет барысында 550 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Шымкентте 2024 жылдың 25 желтоқсанында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн жолаушыға дейін артты. Алдағы жылдары ұзындығы 3,5 мың метр болатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жоспарланған. Сонымен бірге әуежайды «Оңтүстік» АЭА аумағымен байланыстыратын мультимодальды хаб құру жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбеде биыл ауданы 15 мың шаршы метр болатын көпфункционалды логистикалық хабтың құрылысы басталды. Мұнда қазіргі заманғы қоймалар, соның ішінде қауіпті және тез бұзылатын жүктер үшін тоңазытқыш камералар мен бағалы тауарларға арналған секциялар қарастырылған.

Сонымен қатар, жанармай құю кешенін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Ол аяқталған осң отынды сақтау көлемі екі еседен көп артпақ. Әуе айлағы JET-A1 маркалы отынды жеткізуші алғашқы аймақтық әуежай болады. 

Сондай-ақ, екінші ұшу-қону жолағының құрылысы қарастырылуда, бұл қолданыстағы жолаққа ұшыру-қондыру процесін тоқтатпай-ақ күрделі жөндеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Үкімет елдің ірі әуежайларының аумағында арнайы экономикалық аймақтардың шекараларын кеңейту туралы шешім қабылдады. Бұл инвесторларды тартуға, өнеркәсіп пен логистиканы дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның әуе тораптарын Ұлттық экономика үшін қуатты өсу нүктелеріне айналдыруға мүмкіндік береді.

  Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарын дамыту есебінен елдің туристік әлеуетін ашу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл жолдағы басты қадам сапалы жол инфрақұрылымын жүргізе отырып, заманауи әуежайлар салу болды.

Бүгінде болашақ әуе айлақтарын орналастыруға арналған алаңдар анықталды. Зайсанда әуежай Сатпай ауылының маңында, қаладан 25 шақырым жерде және сол аттас көлдің жанында бұрынғы әскери әуеайлақ аумағында салынады. Катонқарағай ауданында жаңа әуе айлағы демалыс аймағынан 27 шақырым жерде, Белқарағай ауылының маңында салынады. Кендірліде әуежай курорттық аймақтың жанында, Каспий жағалауынан небәрі 15 шақырым жерде орналасады.

Сараптамалық зерттеулердің қорытындысы бойынша бұл учаскелер оңтайлы деп танылды: олар метеожағдайлар мен жер бедерінің ерекшеліктеріне сәйкес келеді, ұшақтарды екі бағыттанда қабылдауға және одан әрі кеңейту мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері жер телімдерін берді. Мердігерлік ұйымдар дайындық жұмыстарына кірісті: құрылыс материалдары әкелінді, 250-ге жуық техника мен техникалық персонал жұмылдырылды, уақытша инфрақұрылым мен бейнебақылау жүйелері орнатылды, құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде және ұшу-қону жолақтарының негіздері орнатылуда.

Бұл жобаларды жүзеге асыру көлік қатынасына қолжетімділікті едәуір арттырады және Қазақстанның курорттық аймақтарын туристер мен инвесторлар үшін тартымды етеді. Жаңа әуежайлар заманауи туристік инфрақұрылымды дамытудың іргетасы және өңірлердің экономикалық өсуіне маңызды үлес болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалықта әуежайды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жаңа аэровокзал кешені мен ҰҚЖ-ны реконструкциялау қалаға әуе қатынасын қайтарады.

  Арқалық әуежайы 1992 жылдан бері жұмыс істемеген. Зерттеу көрсеткендей, ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуді, ал ескі терминал ғимараты мен инженерлік желілер толық қалпына келтіруді қажет етеді. Осыған байланысты жаңа заманауи жолаушылар терминалын салу және барлық инфрақұрылымды жаңарту туралы шешім қабылданды.

Жоспар бойынша жаңа ҰҚЖ мен жолаушылар терминалы сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсете алады.

Қазақстанда авиатасымалдарды дамыту: техникалық парктерді жаңарту және жаңа бағыттар

 

Бүгінгі таңда елімізде әуе кемелерінің паркі 104 бірлікті құрайды, оның ішінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жеткізілген 6 жаңа Airbus A320 типті ұшағы мен 1 Boeing 737 MAX 8 жаңа ұшағы.

2030 жылға дейін техникалық парк тағы 103 ұшақпен толықтырылады, нәтижесінде 216 бірлікке дейін арттырады.

«Биыл 36 жаңа халықаралық маршрут ашылып, нарыққа 8 шетелдік авиакомпания келді. Ел ішінде 61 бағыт бойынша аптасына 850 рейс жасалады», — деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.

Сондай-ақ елімізде көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қолдау үшін Қазақстанның 9 облысында 21 субсидияланатын маршрут жұмыс істейді. Оларды жүзеге асыруға 2025 жылы 6,4 млрд теңге бөлінді. Үшарал, Үржар, Көкшетау, Түркістан және басқа да туристік бағыттарды дамытуға ерекше назар аударылды.

#Автожолдар #Азаматтық авиация #Инфрақұрылымдық даму #Көлік #Логистика #Президенттің тапсырмасы


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысында ҚР Президентінің тапсырмасы аясында 76 мыңнан астам ағаш отырғызылды
  • В Алматинской области высажено свыше 76 тысяч деревьев в рамках поручения Президента РК
  • Алматы облысында аманаттықтар 2500 оқушыны мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етті
  • В Алматинской области аманатовцы обеспечили 2500 школьников необходимыми принадлежностями
  • АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛІ