Төрт түлік мал өсірумен айналысатын шаруалар жылдың төрт мезгілінде де тыным таппай еңбек ететіндері жасырын емес. Қашанда қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Бірінші малды алға қоятын халық төрт түлік өлім-жітімнен аман болса, жан да аман болады дегенді білдірсе керек. Сатсаң пұл, сойсаң ет, саусаң сүт малдың қасиетін осыдан-ақ аңғарасың. Әйтеуір мал баққан ел аш болмайды, көштен қалмайтыны ақиқат.
Ал аграрлы ауданымыздағы мал қыстату науқаны аудан бас-шысының тікелей назарында тұрғандықтан аудандық ауыл шаруашылық мамандары бұл жұмысты үнемі бақылауға алып отыр.
Осы аптаның жұмасы күні аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевпен бірге Миялы ауылдық округіне қарасты «Қайсар» шаруа қожалығына арнайы барып қайттық.
Аталмыш шаруашылыққа атбасын бұрғанымызда шаруа-шылықтың басы – қасында үнемі жүрген Алмат Төреханұлы жауапты һәм күрделі науқанды қалай еңсеріп жатқаны жөнінде баяндай жөнелді.
Алматтың айтуынша қысқы мал азығын дайындау жұмыс-тарын жүйелі жүргізіп, жаз айларында 5 тонна арпа, 300 орама жоңышқа және 1000 орама табиғи шөп дайындап алған.
Мал қыстату науқанына ерте қамданған шаруашылықта қысқы мал азығы жеткілікті. Сондықтан да олар күнделікті ірі қараларға шөп шашып, мал қоңын қалыпты ұстап келеді.
Әңгіме барысында Алмат Байзақов «Қайрат» ШҚ-ғы 2004 жылы Төрехан әкесінің көзі тірісінде құрылғанын және бүгінгі таңда әулеттің ұлкен ұлы Аян төрағалық жасап отырғанын айтты. Әке жолын жалғаған ағайынды Аян, Дәулетхан және Алмат сынды ер азаматарға аналары Ләззат Әбдіханова бас – көз болып, шаруашылықтың тасын өрге дөңгелетіп келеді.
Дастарқаны жиылмаған Ләззат ананың айтуынша көтем, жаз айларында сауынға сиыр ұстап, айран –сүт, құрт – ірімшік, әзірлеп алады. Бұл жұмыстарға келіндері де білек сыбанып дайын тұрады екен.
Ауызбірлігі жарасқан ағайынды жігіттер мал қыстату, мал төлдету және қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын үнемі бірлесіп атқарып жүр. Қысқы мал азығын дайындау науқанында шөп тиегіш құрылғы орнатылған «МТЗ -80» тракторды, «ЗИЛ – 131» жүк көлігі тіркемелерімен шөп шабуға арналған Германка комбайны және шөп престегіш техникалары сақадай сай тұрады екен.
Ірі қара тұқымын асылдандыруды қолға алған шар-уашылықта 220 ірі қара болса, оның 140 ана бас. Сондай-ақ 280 бас жылқы және 60 бас қой бар.
Мал өсірумен тұрақты айналысуды мақсат тұтқан шаруашылық иегерлері мемлекеттік жер қоры есебінен Құланбасы баурайынан 430 гектар жер алса, кейіннен мал өрісін кеңейту мақсатында Малайсары асуының маңына 550 гектар және Дәулет қыстауынан 650 гектар жер алған. Шаруашылықтарына тиесілі мал жайылымдарына көктем, жаз айларында қоныс аударып отырады. Сонымен қатар суармалы егіс алқабында 60 гектар жоңышқалық жерлері де бар.
«Қыс қатал сыншы» болса, мал қыстату науқаны өте маңызды. Науқанда арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан да бұл жауапты істе қысқы мал азығын үнемдей білген жөн.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».