Татулық – тұрақтылық негізі

     edm_0521-750x375.jpg 

    Есік қаласындағы «Алтын адам» инно­вациялық мектебінде Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы кеңесінің отыры­сы өтті. «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы аясында ұйым­дастырылған жиында өңірдегі этносаралық келісім мен тұрақтылық мәселесі талқыланды.

    Отырысқа аймақ басшысы, облыс­тық Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның төрағасы Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов, Ассамблея мүшелері, этномәдени орталықтар­дың өкілдері, аналар мен ақсақалдар кеңестерінің төрағалары және медиа­торлар қатысты.

    Күн тәртібіндегі алғашқы үш мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов баяндама жасады. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасы аясында «Этномедиация: этносаралық қатынас­тар саласындағы жанжалдарды рет­теу» тақырыбында өткен кездесуде берілген тапсырмалардың орындалуы турасында сөз қозғады.

    – Алматы облысы еліміздегі этнос өкілдері ең тығыз қоныстанған өңір болғандықтан, этносаралық саладағы қатерлер мен тәуекелдерге қатысты алдын алу шараларын тұрақты жүр­гізу маңызды. Осы орайда даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге септігін тигізетін аса маңызды құры­лым­ның бірі – медиация. Өңірде этномедиация саласының жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында 2025 жылдың басынан арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру жоспарланды. Бұл курста кәсіби дәріс беру үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық медиация кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатовты шақыру көзделген. Бүгінде облыста қоғамдық медиаторлардың саны 17-ге жетті, – деген басқарма басшысы медиаторлар 6 қарашада Қонаев қаласында өткен этномедиация процесінің тиімділігін арттыру мақ­сатында Шерзод Аббозовичтің қатысуымен семинар-тренингте білімін шыңдағанын айтты. Сонымен қатар Ерік Әзілжан­ұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов­тың төрағалығымен өткен ҚХА кеңесі отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы­ның жүзеге асырылуы мақ­сатында облыстық ҚХА құрамына мәслихат төрағасын енгізуді сұрады.
    «Ассамблея. Парламент. Мәс­лихаттар» жобасының мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихаттардың, мемлекеттік органдардың және Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара тұрақты іс-қимыл жүйесін ұйымдастыру. Нақты айтқанда, депутаттар өздерінің жұмыстары барысында халықтың өзекті мәселе­лерін үнемі айқындап, алдағы уақытта этноәлеуметтік саланың да мәселелеріне атсалысып отырады», – деген Ерік Әзілжанұлы 1 желтоқсанға дейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық мәслихат жанынан құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобымен бірлескен 2025 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы әзірленіп, бекітілетінін жеткізді.
    ҚХА мүшесі, Алатау қалалық мәслихат төрағасы Роза Әбілова Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының жұмысын үйлес­тіру бойынша сөз қозғап, жобаның өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар осынау бірлескен жұмысқа алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарды да жұмылдырудың тиімділігі жөнінде айтты.
Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гамзе Гейдаров «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» қоғамдық жобасы жайында айтып, атқарылған жұмыс барысын баяндады.
Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ел игілігі үшін Президент, Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан көптеген жоба дайындалып, халықтың әлеуметтік деңгейін арттыруға септігін тигізер түрлі бағдарлама жасалып жатқанын, бірақ олар белгілі бір шағын аудиториядан ары аспай, шектеліп, қарапайым халыққа жетпей қалатынын айтты.
    – Бұл – біздің бірлесе жұмыс атқара алмай жатқанымыздың көрінісі. Осы орайда қоғамдық институттар енжар­лық танытпай, бір кісідей бәрі бірлесе атсалысса, жаңағы жобалар елдің түпкір-түпкіріндегі ауылдарда тұратын әр азаматқа толыққанды уақытылы жетсе, олар сол бағдарламаларға қатысып, шарапатын көрсе, еліміз дамыған ел­дердің қатарынан ойып тұрып орын алар еді, – деген Қуат Сұлтанұлы өңірдегі этносаралық қатынастарға да аз-кем тоқталып, ҚХА-ға мүше болып енген мәслихат депутаттарын таныстырып өтті.
    Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев кеңес хаттамасы барлық қатысушыға жолданатынын атап өтіп, жүктелген тапсырмалардың орындалуына қатысты бақылауды жалғастыру қажеттігін айтты.
Отырыс соңында Қазақстан Рес­публикасында ел бірлігін нығай­туға, татулық пен келісімді сақтауға, меценаттық және қайырымдылық қызметті дамытуға тигізген үлесі үшін ҚХА мүшесі, «Алматы облыстық татар және башқұрт мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ильдар Юлдабаевқа «Бірлік» алтын медалі, Талғар аудандық түрік этно­мәдени орталығының төрағасы Абасалы Исмаиловқа «Жомарт жан» төсбелгісі, Талғар аудандық этномәдени орталығының төрағасы, Ассамблея ардагері Ровик Цой мен кәсіби медиатор, Ұйғыр аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжахан Аликееваға Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы, «ATA YURD – NOMAD» әзербайжан этномәдени бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Расим Алиев пен Еңбекшіқазақ аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі Рүстем Алиевке Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты табысталды.
ҚХА мүшесі, қоғам қайраткері әрі қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман отырыс соңында сөз алып, өңірдегі этносаралық қатынастың татулық пен қоғамдық келісім аясында құрылып, халықтың бейбітшілік пен бірлікте өмір сүріп жатқаны осынау тұрақтылық­тың нәтижесі екенін жеткізді. Мұндай басқосулардың маңызы зор екенін атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі Марат Елеусізұлы өңірдегі этно­саралық келісімді нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың әрі қарай жалғасатынын айта кетті.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр