Осы аптаның жұмасы күні облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданымызға арнайы іс-сапармен келіп, аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындары алдында өзінің есептік кездесуін өткізді.
Кездесу жиын басталмас бұрын облыс басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс – пікірлерін тыңдады.
Азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау аяқталғаннан кейін Мәдениет үйінде ұйымдастырылған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, Бақанас аграрлы - индустриялдық колледжінің, аудандық кітапхананың көшпелі кітап сөресі және аудандық ауыл шаруашылық өнімдері қойылған көрмені тамашалап, «жергілікті өнімдерге сұраныс бар ма?» деген сұрағын қойып, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жиын барысында алдымен аудан әкімі Азат Құтпанбетов аудан көлемінде жыл басына бері атқарылған ауқымды жұмыстары жайында баяндама жасап, алдағы уақытта жоспарланған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Аудан басшысы өзінің баяндамасында «Ауыл аманаты», «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары, сондай – ақ қысқы мал азығын дайындау, бөлшек тауар айналымы, пайдаланбай жатқан жер телімдерін қайтару, ветеринария және өнеркәсіп, инвестиция салу, орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс саласы, табиғи газ құбырын тарту және жол салу жұмыстары бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға баса тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс көлеміндегі атқарылған жұмыстар жайында баяндамасын жасап, Балқаш ауданы аграрлы аудан болғандықтан бұл өңірдің әлеуметі зор екенін және егін, мал шаруашылықтарды қатар дамытуға қолайлы екенін тілге тиек етті.
Баяндама барысында облыс басшысы Тасмұрын магистральды каналының бастапқы су алу гидроторабын жаңғырту және оның магистральдық каналын мол сумен қамту үшін Іле өзенінен бұрандалы бөгет салуға қатысты жобалық - сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын, ауыл шаруашылығы саласында шикізаттық бағытынан өнімдерді тереңдете өңдеуге көшуіміз қажет екенін қадап айтты. Және де қайта өңдеу өндірістерін ашуға инвесторлар тарту – маңызды міндет екенін айта келе, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында біздің ауданда 206 жоба іске қосылғанын айтты.
Сонымен қатар шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне арналған түрлі бағдарламалар бар екенін айта келе «Даму» қоры мен «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» ұйымдарының несиелік, кепілдік және субсидиялық өнімдері, «Ауыл аманаты», жастарға арналған жеңілдетілген несиелер, әлеуметтік кәсіпкерлер мен осал отбасылар үшін қайтарымсыз гранттардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етіп, ауылдық округ әкімдері тұрғындар арасында мемлекеттік қолдау бойынша түсіндіру жұмысын тұрақты жүргізіп, қызығушылық танытқан жандарға өз кәсібін ашуға ықпал жасап, ауыл әкімдерімен бірге кәсіпкерлік басқармасы және өңірлік даму орталығы бірлесіп инвесторларды тарту жұмысын жандандыру мәселесін атап өтті.
Күн тәртібіне байланысты баяндамалар толықтай тыңдалғаннан кейін аудан тұрғындары өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Сұрақ – жауап барысында аудан тұрғындары тарапынан Бақбақты ауылдық округіне спорт кешені салынса, табиғи газ жүргізілген ауылдарда орналасқан Мәдениет ошақтарының көгілдір отынға қосылуына ықпал жасасаңыз, Бақанас ауылындағы Самал ықшам ауданына газ құбыры жүргізілсе, биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Жиделі ауылдық округіндегі Мәдениет үйінің құрал-жабдықтарына және кеңсе жиһаздарының жаңартылуына қаражат бөлінсе, Балатопар ауылындағы ауруханаға күрделі жөндеу немесе жаңадан ғимарат салынса, Бірлік ауылындағы кейбір көшелерге ауыз су құбыры жүргізілмеген. Сол көшелерге ауыз су құбырын жүргізуге қол ұшыңызды берсеңіз деген ұсыныстарын іркіп қалмады. Сондай – ақ көктемгі тасқын судан сақтану мақсатында Бақанас ауылына тұспа – тұс ағып жатқан Іле өзенінің жағалауына бекініс орнатса және Бақанас – Қонаев бағытындағы жол бойында мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың көптігінен жол бойында бағымсыз төрт түлік түрлерінің есепсіз жүретін айтылып, жол бойына жол белгілерін орнатса және жол жөндеу жұмыстары сапалы жасалса деген мәселелер ортаға салынды.
Өңірдегі өзекті мәселелер толықтай тыңдалып болғаннан кейін облыс басшысы аудан тұрғындар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс – пікірлердің назарға алынатынын және олардың орындалуын өз бақылауына алатынын атап өтті.
Кездесу жиын аяқталғаннан кейін Марат Сұлтанғазиев Бақанас ауылының маңындағы ауыл тұрғындарына қауіп төніп тұрған Іле өзенінің жағалауын арнайы барып көрді. Ол жерге бекініс салу бойынша жоспарланған жұмыстың мәселесін талқылады. Аудан басшысы Азат Үкітайұлы осы өзекті мәселе жайында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
Мұнан соң аудан орталығындағы «БиоКарбон» ЖШС-не атбасын бұрды. Облыс басшысына «БиоКарбон» ЖШС-нің директоры Андрей Антипов ол жердегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында түсіндірді.
Осыдан кейін облыс әкімі Бақанас ауылындағы «Юбилейный» кинотеатрын барып көрді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевқа аудан әкімі Азат Құтпанбетов жеке кәсіпкердің атында тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілсе, балалар өнер мектебінің оқушыларын осы жерде дәріс алуларына қолайлы болатынын және кинотеатр сахнасының жас өнерпаздардың шыңдалуына серпін беретінін түсіндірді.
Сондай - ақ аудан орталығындағы құрылыс жұмысы аяқталып қалған жастарға қызмет көрсету орталығының ғимаратын және құрылыс жұмысы жаңадан бастау алған 2 қабатты 4 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысып, құрылыс компанияларына сапалы құрылыс салу жөнінде тапсырмалар жүктеп, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.
Келесі кезекте Бақбақты ауылдық округінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 2 пәтерлі 5 тұрғын үйлердің құрылыс нысанына барып, тұрғын үйлердің салыну сапасына көңіл бөліп, сол жердегі жауапты мамандармен құрылыс жайында кеңінен әңгіме өрбітті.
Жалпы, бұл кездесу жиынның негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өңірлерді дамыту, аудан тұрғындарының ұсыныс – пікірлерін назарға алып, олардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, ел игілігі үшін облыс және аудандарда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында халыққа түсіндіру.
Өңірлердің дамуы ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының алға қадам басуына тікелей байланысты. Сондықтан ел экономикасын көтеру үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып, кәсіпкерліктің көк жиегін кеңейтіп, ауыл шаруашылық саласын өркендетіп, халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды қолға алған абзал.
Ауыл қашанда халқымыздың бетке ұстар алтын босағасы. Ал босағасы берік шаңырақтың іргесі еш уақытта сөгілмейді. Ең бастысы ел ішіндегі ауызбірлік ажырамаса тәуелсіз мемлекетіміз жылдан – жылға дами түсері сөзсіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».