Алматы облысының тұрғындары неге шағымдануда?

    e45dedc4-2b67-4d86-84cc-1998bc18fb9e.jpge45dedc4-2b67-4d86-84cc-1998bc18fb9e.jpg

     Санэпидқызметке 1034 өтініш: Алматы облысының тұрғындары неге шағымдануда?

     Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі 9 айындағы жұмыс қорытындылары туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов баяндады. Оның айтуынша, басты мақсат – өңір тұрғындарының санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

     Жыл басынан бері аймақта 4,5 мыңнан астам жұқпалы ауру ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам қатынаста болған адамдар тексеріліп, 995 ошақ толық дезинфекцияланған. Сонымен қатар, кене энцефалиті, безгек және туляремия секілді ауруларға қарсы кешенді шаралар жүргізілген.

     “738 гектар жерге кенеге қарсы, 70 гектар су айдынына безгекке қарсы өңдеу жасалып, 2 мың гектар аумақта туляремияның табиғи ошағында дератизациялық шаралар өткізілді”, – деді Марат Исмаилов.

     Жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында тұрақты мониторингтің арқасында 52 ауру тіркелмей, 28 нозология бойынша сырқаттанушылық төмендеген. Олардың ішінде туберкулез 72%-ға, созылмалы В гепатиті 33,3%-ға, бруцеллез 33,9%-ға азайған. Бұл аймақтың эпидемиологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартқанымен, вакцинация мәселесі өзекті болып қалуда.

     Бас дәрігердің айтуынша, вакцина алмаған балалар арасында қызылша, көкжөтел және А вирустық гепатиті секілді аурулардың өршуі байқалады. Осыған байланысты халықты вакцинациядан өтуге шақыру – маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

     Сонымен қатар, санитарлық қызмет мемлекеттік бақылау мен қадағалау бағытында да белсенді жұмыс істеп келеді. Биыл 1 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың барлығы “Е-лицензиялау” порталы арқылы автоматтандырылған. Бақылау нәтижесінде 620 тұлғаға 300 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұдан бөлек, жеке және заңды тұлғалардан 1 034 өтініш қаралып, 90%-ы ауа мен судың ластануы, жоғары шу деңгейі, бөгде иістер және санитарлық-қорғау аймақтарының сақталмауы мәселелеріне қатысты болған.

     Марат Исмаиловтың мәлімдеуінше, санитарлық қызмет халық денсаулығын қорғау және жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жұмыстарын қарқынды түрде жалғастырады.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр