«Атом» десе, біздің халықты қорқыныш сезімі билейді. «Атомнан аулақ!»,- деп байбалам салған жұрт әлеуметтік желіге жазып та жатыр. Әрине, олардың «сау басымызға сақина тілемейік!»,- деген дұрыс ниетін түсінуге болады. Бірақ, біздің «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» демей, байыппен бағамдап, алдымен бізге АЭС не үшін қажет болғанын ғылыми түрде зерттегендердің пікірін тыңдағанымыз дұрыс болар. Сонда ғана Президенттің «Қазақстанға атом электр стансасы қажет»,- деген мәлімдемесінің мәнін толық түсінер едік.
«Атом» десе, халықтың есіне алдымен Екінші дүниежүзілік соғыста атом қаруынан қырылған жапон, одан қала келмеске кеткен Кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс, Семей полигоны түседі.
Біз көбіне оның қауіпті жағын ғана білеміз. Ал екінші жағы – энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін өнімді энергия қайнары екенін біле бермейтін көрінеміз.
Әлемде қазірге дейін 500-ге тарта атом электр стансасы бар. Оның көбі АҚШ пен Еуропада орналасқан. Одан кейін Жапония, Қытай, Ресейде де бар. Сонымен бірге басқа дамушы елдерді қосқанда, жалпы 50 мемлекетте ядролық реактор бар. Елімізбен одақтас Беларусь, Арменияда ядролық реактордың иелері.
Елімізде Уранның сақталу мөлшері әлем бойынша бірінші орында тұр. Бұл біздің атом энергиясына қажетті шикізаттың қайнарына кепілдік береді. Атап айтқанда, еліміздің АЭС салуда басқа елдерге қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары.
Атом электр стансасы кейбіреулер ойлағандай атом қаруы емес! Екеуінің алыну әдісі ұқсағанымен, функциясы мүлдем басқаша. Атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана пайдаланып жатқан жоқ. Оны біз сияқты дамушы елдер өз игілігіне жаратып отыр. Сол үшін, «шегірткеден қорыққан егін екпестің» керін келтірмей, атом десе ат тонымызды ала қашпай, елдің ертеңін ойлап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдағанымыз дұрыс! Бізге атом электр стансасы қажет!
Материал «Егемен Қазақстан» газеті сайтынан алынған авторы Ербосын НҰРМҰХАН