Бұл жоба 35 жасқа дейінгі облыс жастарына жеңілдетілген несие арқылы баспана алуға мүмкіндік береді. Өтініштер 2024 жылдың 1-15 қазан аралығында қабылданады.
Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Естияр мәлімдеді.
Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі – кемінде бір жылдық ресми жұмыс өтілі болуы шарт, ол зейнетақы жарналары арқылы расталуы қажет. Сонымен қатар, өтініш берушінің соңғы бес жылда өз атында тіркелген жылжымайтын мүліктері болмауы тиіс.
«Бағдарлама жастарға өз баспанасын алуға үлкен мүмкіндік береді. Жеңілдетілген шарттар арқылы көптеген жас азаматтар баспаналы бола алады»,– деді Анар Естияр
Бағдарлама бойынша ұпайлар жүйесі келесідей есептеледі:
-Жұмыс өтілі:1 жылға – 2 балл, әрбір келесі жылға – 1 балл (5 жылға дейін);
-Отбасылық жағдайы:Некеде тұрғандарға – 5 балл, некеде тұрмағандарға – 1 балл;
-Балалар саны:Бір бала үшін – 2 балл, екі және одан көп балаға – 1 балл;
-Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері:5 балл;
-Жалдамалы пәтерде тұратын бюджеттік сала қызметкерлері:10 балл;
-500 мың теңгеден жоғары депозиті бар банк клиенттері: 2 балл.
"Алатау жастары" бағдарламасы жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам»,– деді Алматы облыстық жастар саясаты жөніндегі мәселелері басқармасының басшысы Мади Ахметов
Бағдарлама жеңімпаздары төлем қабілеттілігін тексергеннен кейін өздері таңдаған баспананы сатып ала алады. Бұл ретте Отбасы банкі 18 миллион теңгеге дейін несие береді. Егер үйдің құны 18 миллион теңгеден асса, үміткер айырмашылықты өз қаражатымен төлеуі қажет. Несие шарттары бойынша алғашқы жарна 10%, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%, ал несиені өтеу мерзімі 19 жылға дейін.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 2 мыңға жуық жас баспанаға қол жеткізген болатын.