Тәлімді, тәрбиелі және өнегелі дегенді кейбіреулер үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірсе болғаны деп ойлайды. Ал тәлім- тәрбиенің ішіне ұлттық салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, ана тіліміз де кіреді емес пе?! Бұлай деп сөз бастауыма түрткі болған өзімнің әскерде азаматтық борышымды бірге өтеген Мақсат досым. Әңгімені арыдан тарқатайын. Әскерде жүргенде Нарынқол өңірінің тумасы Мақсат Алдабергенов деген азаматпен жақсы сыйласып, дос болдық. Өйткені Мақсат екеумізде ауылда туып-өскен қарапайым қойшының баласымыз.
Сол кезеңдерде Мақсат орыс тілін мүлдем білмейтін. Өзі де оны көпшіліктен жасырмайтын. Командирлер орыс тілін білмеген Мақсатқа жауапты тапсырмаларды мүлде жүктемейтін. Сонда да ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, ел қатарлы елге ор-алды. Осыдан екі жыл бұрын ойда-жоқта Мақсатты «Фейсбук» желісі арқылы тауып алдым. Ол Алматы қаласында тұрады екен. Сол күннен бастап екеуміз телефон арқылы сөйлесіп тұрдық. Жақында Мақсатты іздеп, Алматы қаласына арнайы барып қайттым. Досым мені көрген сәтте сол баяғы ақкөңіл мінезімен құшақ жая қарсы алып, үйіне қонаққа шақырды. Үйінде жолдасы, екі немересі жүр. Бір қызығы Мақсатты танитындардың бәрі «Макс» деп атады. Байқап отырсам Мақсаттың немерелері қазақ тілінде мүлдем сөйлей алмайды. Мақсаттың өзінің айтқан әңгімелерінің бәрі жартылай орыс тілінде. Алғашқыда таңырқап қарап отырдым. Әскерде орыс тілін білмейтін сарбаздың еліміз Тәуелсіздік алғанда орыс тілін үйренуге құштарлығы қалайша артқан екен? Әрине, бұл мен үшін таңғаларлық оқиға болды.
Мұндай сәтте үнсіз отыруға болмас деп, досыма «бала тәрбиелеуде қатты қателескенсің» деп, отбасындағы кемшіліктер жайында сөз қозғадым. Сонда Мақсат досымның айтқаны: «Біздің балалар туғалы осылай орыс тілінде сөйлейді, олар сөйлеуді телефон арқылы үйренген. Бұл істе менің кінәм жоқ. Осылай болғанына қоғам кінәлі. Өйткені, теледидар да, телефон да бәрі орыс тілінде сөйлейді» деп, кінәні өзінен емес өзгеден іздеді. Оның өзіндік пікіріне қарсылық білдіріп, ақыл-кеңесімді айтып едім ол маған: «Балалар қандай тілде сөйлегені маңызды емес, самое главное тәлім-тәрбиелі, өнегелі болса одан артық не керек?» деп жауап қатып, өзінің әскерде тіл білмей қиналғанын мысалға келтіріп, қазіргі таңда айналысып жүрген кәсібіне мемлекеттік тілдің қажеттілігі жоқ деген тұжырымын жеткізді. Сол сәтте Мақсаттың зайыбы Айнұр: «Дворда тұрып жатқан балалардың бәрі орыс тілінде сөйлейді, садикте де тоже самый на русском языке. Сонда біздің балалар как будта тупой сияқты жүре ме?» деп жұбайының сөзін сөйлеп мені жақтырмай қалды.
Әңгіме барысында Мақсат ұлы Қайраттың Астанада тұра-тынын айтты. Өкініштісі ол да мемлекеттік тілде мүлдем сөйлей алмайды. Мақсаттың айтысына қарағанда Қайрат орыс, ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген. «Соның арқа-сында бір компанияның басшысы болып қызмет жасап жүр» деп, езуі екі құлағына жетіп, мақтанып отырды. Өзінің Ана тілінде сөйлей алмайтын баланың беделді болғанынан не пайда деп іштей қынжылып отырдым. Әттең, көп жылдан бері сағынып жүрген досымның үйіне алғашқы баруым болғандықтан көңіліне қаяу түсетіндей сөз айтпауға тырысып бақтым.
Бір қуантарлығы, досымның төргі бөлмесінде бесінші атасы Әлімбай батырдың дуылғасы мен Алдаберген атасының тобылғы сапты он екі өрім қамшысы және домбырасы ілулі тұр. Әскерде жүргенде Мақсат досым әңгіме барысында осы тарихи жәдігерлер жайында айтып жүретін. Дуылға бәрімізді жамандықтан қорғайды. Ал қамшы мен домбыра үйге құт-береке әкеледі деп үлкендер ырымдам сақтап қойған дейтін-ді.
Бүлдіршіндерден сол жәдігер дүниелер жайында сұрағанымда олардың одан бейхабар екенін аңғардым. Мақсат досымда немерелеріне жәдігерлердің тарихы жөнінде осы күнге дейін ешнәрсе айтпағанын мойындады. Енді балаларға Ана тілде сөйлеуді үйрете алмаған әке өмірден өтіп кеткен аталарының қолданған заттарын неғылсын деп іштей қынжылып тұрдым.
Осылайша алыстан аңсап барған досымның осындай күйге түскенін көріп, көңілім қатты қалды. Қоштасарда екі бүлдіршінді бауырыма басып, олардың болашағына алаңдағандықтан болар етжүрегім елжіреп, жанарыма жас тығылып, көкейімде бір өксік тұрды.
Бала - біздің болашағымыз. Сондықтан оларға дұрыс тәр-бие беру-біздің ең басты парызымыз. Жаңадан дүние есігін ашқан бөбекті бесік жырымен ұйықтатып, тілі жаңа шыққан сәтте оларға аңыз әңгімелерді, ертегілерді ана тілінде тың-датып, саналарына ұлттық құндылықтарымызды сіңірсек, тәлімді-тәрбиелі, өнегелі деген осы емес пе?!
Мен жоғарыда мысал келтірген тек Мақсаттың отбасындағы келеңсіздік. Бұндай жағдайлар өзім араласып жүрген құда-жекжат, өзім-нің кейбір туыстарымда да кездеседі. Бәрінің айтар сылтаулары бірдей.
Жалпы, кінәні өзгеден емес өзімізден іздеген абзал. Менің досымның пікірі бұл жерде мүлдем дұрыс емес. Теледидар мен телефондарда да мемлекеттік тілде бағдарламалар баршылық. Мысалы, «Балапан» телеарнасында «Данышпан қарға» деген кейіпкер ұлттық ертегілер мен аңыз-әңгімелерді мәнерлеп астарлы сөздермен түсіндіреді. Сонымен қатар, үш тұғырлы тілді үйренуге арналған бағдар-ламалар да баршылық.
Сонымен қатар, барлық елде мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де — мемлекетіміздің негізгі атри-буттарының бірі.
Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Қазақ тілінің болаша-ғын ойлайтын тіл жанашырлары мемлекеттік тілді насихаттау барысында сан түрлі мысалдарды келтіріп, небір нақыл сөздермен түсіндіріп жүр. Тіл мәселесі жайында сөз қозғалса көсемсіп кететіндер жетерлік. Кей кездері осындай сөздерден оң нәтиже шығаратын болсақ қой деген ойда қаламын.
Бәріміз біркісідей мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосайық!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».