МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛАШАҒЫ - БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті  Жолдауында "Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек" деген болатын-ды.

Мемлекет басшысының айтқан осы бір сөзі халықтың жүрегінен орын алып жатса,  нұр үстіне нұр болар еді ғой шіркін!. Алайда өзіміздің қаракөздеріміз ұлт болашағы үшін мың ойланып, жүз толғанып шешім шығарған Президентіміздің сөзіне құлақ аспай тұрғаны жасырын емес. Мемлекеттік тілдің болашағы бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Олай дейтінім, елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкіл-деріне қарағанда өзіміздің қара-көздеріміз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалыспай тұрған жайы бар.  

Мемлекеттік тіл жайында ел арасында сөз бастай қалсаң кейбір азаматтар «Қазақтың балалары білімді болу керек. Сондықтан олар бірнеше ұлттың тілін білгені дұрыс» деп кеменгердей көсіліп, көкірегін көкке көтеріп шыға келеді. Ал сондай көсемсіген азаматтардан қанша ұлттың тілін білесің деп сұрасаң, тіпті өзінің ана тілінде толыққанды сөйлей алмайтын болып шыға келеді. Бұл біздің қаракөздеріміздің Ана тілге деген еш құрметінің болмағандығын білдіреді. Сондай-ақ қазақ тілі шұбарланып бара жатқанын аңғарамыз. Әрине жастардың бірнеше ұлттың тілін жетік меңгеріп, білімді болғаны жақсы ғой. Бірақ өзінің Ана тілін бәрінен жоғары қойса тіпті керемет болады. 

Қазіргі таңда ел аузында кеңінен тараған кірме сөздерге құлақ түрсеңіз, ол сөздердің қазақ тілінде   аудармасы жоқ па деп ойлап қаласың. Өйткені әңгіме барысында «давай», «пока», «гудбай», «окей», «если что», «чё там», «просто так»,  «потому что», «полюбому», «сразу», «потом», «привет» тағы басқа сөздерді жиі естиміз. 

Кейбір қаракөздеріміз еңбек етіп жүрген жұмыс орнынан зарплат алса, магазинге барып, продукт жасайды. Олар апта сайын баняға барып, тазикке жуынады. Олардың балалары садикте тәрбиленіп, школдан білім алады. Ал жазатайым сырқаттана қалса больницаға барып, врачқа қаралады. Жаңа дүние сатып алсаң «новидан алдың ба?» деп сұрайды. Осы сөздерді айтып отырған адамға қазақша сөйлесеңізші дей қалсаң «Бұл біздің өзіміздің үйреншікті сөз-деріміз» деп жауап береді.

Сонымен қатар адамдар қандай да бір жетістікке жетсе сол адамды құрметтеп, «ой молодец», «поздравляю» деп айтатындар да жетерлік. Сонда бұл сөздерді қолданбасақ қазақ тілінің сөздік қоры азайып қала ма? деген күмәнді ойда қаласың. 

Өз заманында ұлт болашағын ойлап, тіл жанашырларының бі-регейі болып, туған  халқына қалтқысыз қызмет жасаған Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан-дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деген болатын. Ал   тамырын кеңге жайған бәйтеректің көркем болып өсіп-өніп, жай-қалып тұрғанын жасыл-желек  жапырақтарына қарап аңғара-сың. Кешегі ұлт жанашырлары қазақ тілінің негізін қалап кетсе, бүгінгі жас ұрпақ тәуелсіз елдің мемлекеттік тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жұмыла кіріс-се, бәйтеректей жайқалған Ана тіліміздің болашағы ешбір алаң-сыз болар еді.    

Сондықтан әлемдегі Тәуелсіз мемлекеттердің қатарында көк байрағымыз желбіреп тұру үшін мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, тұғырына қондырып алғанымыз абзал. Туған елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде Ана тіліне деген сүйіспеншілігі болса, біздің мемлекеттік тіл ешқашанда дәл бүгінгідей шұ-барланбас еді.  

Ана тілін жоғалтқан халық-тың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы жайында небір тарихи деректерді мысалға келтіріп, тіл жанашырлары үнемі айтып та, ақпараттық құралдарда жарияланып та жүр.  Мемлекеттік тілдің мәртебесі жөнінде газет - журналдарда жазылып жатқан сантүрлі мақалалар мен биік мінберлерде айтылып жүрген нақыл сөздерге құлақ түріп, рухани жігерлене алмаған адамды «мәңгүрт» деп айта беруге болатын шығар.

Осы орайда мен сіздерге мемлекеттік тілдің болашағын еш ойламайтын бір азамат жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдім.  

Мақалама «тұздық» ретінде қолданғалы отырған әлгі бейтаныс азамат мектепті орыс тілінде тәмамдаған. Оның   әңгімесінің бәрі жартылай орыс тілінде өрбиді екен. Сөз орайы келгенде әлгі жігіт ағасына «мұның қалай бауырым?» деп сұрақ қойғанымда, ол менің көзіме тура қарап, басын шайқап,  «Ой сізде бір такой человек, который родной язык» деп постоянно миды ашытатын. Маған қанша айтсаңда ничего не получается. Потому что мен орысша оқыдым. Қазақ тілінде қойылған вопростарға сначала орысша ойланам, потом барып жауап беремін. Самый главный менің сөзім түсінікті айтылады. Орыс тілі для меня как родной язык. Мен бұл тілді никогда ұмыта алмаймын. Маған говори, не говори бәрібір. Государственный язық деп менің сөзімді түзегенше басқасын жөндеп алыңдар. Осы сөз постоянно айтылып жүр ғой. Мен как мамбет жүргім келмейді. Біз бұрыңғыдай юртада тұрып жатқан жоқпыз ғой. Қашанға тупой болып жүреміз» деп ашулана жауап берді де, кері бұрылып өз жөнімен кете барды.

Аяқ - қолы балғадай, қос жауырыны қақпақтай, тепсе темір үзетін қазақ жігіттің аузынан осындай сөздерді естігенде төбе шашым тік тұрды.  Өмір көрген үлкен кісілер «жаның қиналғанда жотаңнан салқын тер шығады» деп айтушы еді. Сондай бір жәйсіз жағдай дәл сол кезде менің басымнан өтті.

Мемлекеттік тіліміздің болашағының күңгірттеу болып тұрғаны осындай қара-көздеріміздің Ана тіліне сал-ғырттық танытқандарының салдары. Менің ойымша ол жігіттің  отбасында балалары да мемлекеттік тілде толық- қанды сөйлей алмайтын шығар. Өйткені сондай әкеден тәрбие алған бала елінің болашағын ойлайды, Ана тілінің жанашыры болады дегенге сенбеймін.

Тәуелсіз мемлекетіміздің басты нышандарының бірі - мемлекеттік тіл. Өзі туып - өскен  Отанын қадірлеп, мемлекеттік тілінің мәртебесі мен оның қолданыс аясын кеңейтіп, дамыту мәселелеріне баса мән бермеген адамды «халық жауы» немесе «сатқын» деп айтсақ ақиқаттан алшақ кетпейміз.

Мемлекеттік тілдің ақ-сап тұрғаны сонау Кеңес дәу-ірінде дүние есігін ашқан сәбилерге берілген Туу туралы куәліктердегі қателіктер деп ойлаймын. Соның салдарынан жеке куәліктегі және барлық құжаттардағы адамдардың есім-дері қате жазылып жүр. Алайда оны түзету мүмкін емес болып тұр.    

Аудандық газетте жұмыс істегендіктен мен осы қате-ліктің күрделі мәселе екенін аңғардым. Өйткені газетке мақа-ла берушілер өздерінің аты-жөндерін жеке куәлігі бойынша береді.

Аудан айнасы «Балқаш өңірі» газетінің директор – бас редакторы Күмісбек Жарылқасынұлы мақала берушілерге аты - жөнін қазақ тілінде жазуды талап етсе, мақала авторы «менің атым жеке куәлікте осылай жазылған» деп дауласып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар?

Жұмыс барысында Әлима есімді бір бойжеткен өз есімін "Алима Умирбекова" деп  жазуды талап етті. Бойжеткенге сіздің азан шақырып қойған есіміңіз Әлима, ал әкеңіздің аты Өмірбек. Қазақ халқында Алима, Умирбек деген есімдер болмайды деп түсіндіргенде, ол бізге «Алима» деген есім өзіме ұнайды. Қазақ әліпбиіндегі «Ә», «Ө» деген әріптерді қолданыстан алып тастау керек» деп ашуға мініп, мақаласын газет бетіне жариялаудан бас тартты. Сонда қазақ әліпбиіндегі ерекше тоғыз әріптің ешбір қадыр-қасиеті қал-мағандығы ма?

Қазақ әліпбиінің авторы атан-ған Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін    қазақ әліпбиіне осы әріптерді ендірді емес пе? Сонда ұлт көсемінің ақтық демі біткенше жан аянбай күрескен еңбегін еш кетіргеніміз бе?

Мемлекеттік тілдің өрге қа-дам басуына бірден-бір кедергі келтіріп жүргендер еліміздегі кә-сіпкерлер қауымы. Олай деуіме себеп болған сауда орталықтары мен мейрамхана сынды халыққа қызмет көрсететін орындарда жарнамалар мемлекеттік тілде жазылмайды. Осы жағдайды көрген сәтте оларға ескерту жасай қалсаң «бұл менің жеке- меншік дүнием, қалай жазсам да өзім білемін» деп мұрындарын аспанға көтеріп, қашан көрсең кісі болып тұрады. Ал оны Заң талабына сай ауыстыру жөнінде әңгіме қозғай қалсаң, жаңағы қате жазылған жарнаманы қыруар қаражатқа жасатқанын айтып, өзінің бір теңге ден екі теңге құрай алмай қиналып  жүргендерін айтып шыға келеді. Бұл мәселені де қиындатып тұр-ған өзіміздің қаракөздеріміз.

Сондықтан да құрметті оқырман! Ана тіліміздің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына атсалысып жүрген тіл жанашырларына қолдау көрсетіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бірге атсалысайық. Мемлекеттік тілдің болашағы - біздің қолымызда.

                                                                Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ақпараттық хабарлама
  • Алматы облысында Республика күніне орай 170-тен астам іс-шара өткізіледі
  • Алматы облысында 500-ге жуық мемлекеттік ту балкондар мен қоғамдық орындарға ілінеді
  • Алматы облысында 87 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды
  • Алматы облысында өрт оқиғасы 5,2%-ға азайған