ҒАЖАЙЫПҚА ТОЛЫ ЖАҢА ЖЫЛ

f832e18c-d686-4a59-a518-7763eeae7785.jpg

Жаңа жыл көпшіліктің көңіліне үміт ұялатып, жақсылықтарға қадам жасауға жетелейтін ерекше мереке. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл мерекені біздің аудан жұртшылығы да қуанышқа толы, үлкен үміт сеніммен салтанатты түрде қарсы алды. 

Адамзатқа биік мақсат, үлкен үміт арқалатқан мереке күні Бақанас ауылының тұрғындары аудандық Мәдениет үйінің алаңына жинала бастады. Өйткені бұл жерде жасыл шырша әлде-қашан безендіріліп тұрған болатын.

Ел аяғы жиналып, қуаныштарын бір-біріне жеткізіп, мәре-сәре болып жатқанда мереке күннің шырайын келтіретін аудан өнерпаздары дайындаған  сахналық қойылым басталып кетті. Жаңа жыл кейіпкерлері жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Аяз ата мен Ақшақар ортаға келді.  Сол сәтте аудан әкімі Азат Құтпанбетов мінбе төріне көтеріліп, жиылған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Жиылған көпшілікке жаңа жылдық ақ тілегін арнаған аудан басшысы «Жаңа жылды қашанда алдағы уақыт көшінен қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткен өмір жолымызға есеп беретін, келешек бағыт-бағдарымыз бен мақсат-міндеттерімізді белгілейтін үміт пен сенім мерекесі ретінде асыға күтеміз.

Халқымызда «Ескi жыл есiркесiн, Жаңа жыл жарылқасын» деген қанатты сөз бар.

Өтіп бара жатқан 2023 жыл еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт   Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында ауданның экономикалық дамуы, абаттандыру, әлеуметтік сала нысандарын және жолдарды жөндеу бойынша бірқатар маңызды істер атқарылды. Өткен жыл ауданымыз үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде егін және мал шаруашылықтарында жемісті жұмыстар атқарылды. Тұрғындар өмірінің сапасын жақсарту бағытындағы бұл шаралар әлі де өз жалғасын табуда. Ең бастысы қай істе болсын ауызбіршілік пен ынтымақ, сабырлық пен тұрақтылық керек.

Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақ-тарыңызға бақ-береке тілеймін!

Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашан да берік, туы биік болсын! Киелі Балқаш елінің құты мен ырзығы арта берсін» деді.

Аудан басшысының құттықтау тілегінен кейін, мекемелерін әсем етіп безендірген жұмыс орындары мен сауда орталықтары марапатталды.

Жаңа жылдық сый - құрметке бөленген мекемелерді атап айтар болсақ, бас жүлдені аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы жеңіп алды. Ал  І-ші орынға «Жасұлан» балабақшасы лайықты болса, ІІ-ші орын Бақанас мектеп-интернатына бұйырды. Жүлделі  ІІІ-ші орынға М. Сеңгірбаев атындағы орта мектебі қол жеткізді. Сонымен қатар Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясы «Үздік шырша» атанса, «Айсана», «Бірлік», «Қарой» және «Назерке» дүкендері «Үздік кәсіпкерлік нысан» номинациясының иегері атанды.

Мұнан соң аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұралған бишілерде өз өнерлерін көрсетіп, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жаңа жылдық мерекенің көрігі қызған сәтте жан-жақтан отшашулар жарқырап, түңгі аспан түрлі-түсті сәулелермен безендіріп қойғандай әсерге бөледі.

Осылайша аудан орталығында ғажайыпқа толы Жаңа жылдық мереке есте қаларлықтай әсерлі ұйымдастырылды. Осындай  мереке барлық ауылдық округтерде  де жоғары деңгейде өткізілді.

                                                                                                    Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».

 

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР