Ауылшаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы енгізілді. Ауыл халқының табысын арттыруға арналған аталмыш жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды жұмыстар басталып, бірқатар жұмыс орындары ашылуда.
«Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында болғандықтан аграрлы ауданымыздың тұрғындары бұл жобадан шет қалмады.
Мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар аудан тұрғын-дары жеңілдетілген несие алып, өздерінің жоспарлап жүрген кәсіптерін ашып, шаруаларын бастап та кетті.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша «Ауыл аманаты» бағ-дарламасы бойынша аудан көлемінде бүгінгі күнге дейін өткізілген 226 құжаттың 130-ы мақұлданып, олардың 73-і жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, шаруашылықтарын ойдағыдай жүргізіп жатыр.
Осындай іскер азаматтың бірі -Бақанас ауылдық округіне қарасты Үшжарма ауылының тұрғыны Сабыр Ибраймов. Ол осыдан 32 жыл бұрын жұмыс барысымен Алматы қаласына қоныс аударған екен.
Ауыл тұрғындарының жеке кәсіп ашуға немесе бұрыннан бар кәсіптерін дамытуға мүмкін-дік беретін аталмыш жоба жайында естіген жерлесіміз бірден туған жерге оралуға бел буып, несие алудың қамына кіріседі.
Арада бірқатар уақыт өткен-де өзінің бұрыннан армандап жүрген кәсібін ашуға мол мүмкіндік туып «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 8 млн. 620 мың теңге несие алып, алынған қаражатқа 38 бас ірі қаралар сатып алған. Оның 19-ы ана бас. Мал шаруашылығымен айналысу мақсатында алынған қаражатты арада 12 ай өткен соң 4 жыл ішінде белгіленген кестеге сәйкес қайтара бастайды.
Мал шаруашылығын дамытуды енді ғана қолға алған «Шаңырақ» шаруа қо-жалығының жасап жатқан жұмысын көзбен көру мақса-тында өткен аптада аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруа-шылық бөлімінің бас маманы Қарлыға Жинақбаевамен бірге Үшжарма ауылына арнайы барып қайттық.
Мал өсіруді көптен бері армандап, атакәсіпті өркендетуге бар ынта-жігерімен білек сыбана кіріскен Сабыр Қалтайұлымен сұхбаттасқанымда ол өзінің алдағы уақытта мал басын көбейтіп, асыл тұқымды аталық бұқаларды сатып әкелуді жос-парлап жүргенін, қысқы мал азығы ретінде 100 орама шөп, 50 қап жем сатып алғанын және қосымша мал азығын алатынын, сондай-ақ ірі қараларды сатып әкелгеннен кейін мал дәрігер мамандары күзгі емдеу, қан алу жұмыстарын жасап кеткені жайында әңгіме өрбітті.
Әңгіме барысында Сабыр Ибраймов бұл ауқымды жұмыстың жүйелі жүруіне өзінің зайыбы Құмар Серіко-ваның көп қолдау көрсеткенін айтты. Сондай-ақ Құмар Нұрға-лиқызының мамандығы көз дәрігері екен. Біздің аудан тұр-ғындары үшін де таптырмайтын мамандықтардың бірі.
Шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп қара-ғанымызда сатып алынған ірі қаралардың қора-жайы талапқа сай жасалынған екен. Сонымен қатар шөп турайтын және жем тартатын құрылғыларды сатып алыпты. Ал ірі қараларға су құятын, жем-шөп салатын астаулары шаруашылық иесі өзі темір-терсектерден құрас-тырып, дәнекерлеп жасап алған.
Жаңадан қаз-қаз тұрып, енді ғана алға қадам басқан жеке шаруашылықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысы шаш-етектен. Биылғы қыстың жайлы өткенін армандап жүр-ген бір адам болса, ол біз әңгіме арқауына айналдырып отырған «Шаңырақ» ШҚ-ның иесі Сабыр Қалтайұлы. Өйткені оның сатып әкелген ірі қаралары әлі жерсіңбеген. Сол себепті шаруашылық иесі ана бас сиырларды өріске шығарып, бұзауларын қыс бойы қорада ұстауды жөн көріпті. Даланың шүйгін шөбіне қанша жайылып келсе де сиырларға кешкітұрым жем-шөп беруді күнделікті жұмыс кестесіне енгізіп қойған.
Төрт түліктің бабын таба білген адамға мал шаруашы-лығымен айналысу қолайлы шаруа. Ал мал өсірудің қыр-сырын білмеген адамға бұл шаруа оңайға түсе қоймас.
Қолынан іс келетін әрбір азаматтың жаңадан бастаған ауқымды жұмыстары нәтижелі болуы өзінің іскерлігіне тікелей байланысты. Өйткені мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар қысы-жазы қол қусырып отыра алмайды. Жылдың төрт мезгілінде де ат үстінде жүретін азаматтардың бар арманы мал басының жылдан- жылға саны арта түсуі.
Мал өсірумен айналысып жүрген шаруашылықтардың асығы алшысынан түсіп, мол табысқа кенелгені ауданның экономикасының артуына оң серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан да оларға қым-қуатқа толы жұмыстарына толағай табыстар тілейміз. Еңбектің наны қашанда тәтті.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».