ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

12ba62d2-48df-4d02-bb8f-ea06178cde56.jpg

        Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті,  мейірімділікті қажет ететін мамандық ұстаз болу. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден адамзат тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған ең мейірімді адам. Ал шәкірт жанды ұстазға құрмет көрсету барша ұстаздар қауымының мәртебесін көтерудің бірден-бір белгісі.

Бұлай деп сөз бастауыма себеп болған Көкжиде орта мектебінде «Ұстаз ұлы есім» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара. Әңгімені арыдан тарқатар болсақ, бар ғұмырын ұстаздық жолға арнап, аталмыш білім шаңырағында 45 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәні-нің мұғалімі болып еселі еңбек сіңірген екі мәрте «Ұлағатты ұстаз», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері атанған Айгүл Дәуітбаеваға құрмет көрсетіп, зейнеткерлікке шығарып салды.

Аталмыш іс-шараның шымылдығын түрген Айгүл Мейрамбекқызының анасы Секербала Ахметова шашу шашып, аталмыш білім шаңырағында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді.

Келесі кезекте сөз алған Көкжиде орта мектебінің директоры Лаура Дәндіғараева Айгүл Дәуітбаеваның ұзақ жылдар сіңірген жемісті еңбегі жайына кеңінен тоқталып, ұлағатты ұстаздың тәрбиелеп ұшырған шәкірттерінің өмір белесінде әртүрлі мамандықтарда қызмет жасап жүргенін және олардың арасында ұстаздық мамандықты таңдаған шәкірттердің бар екенін мақтанышпен айтты. Ал Көкжиде ауылындағы «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Айсара Нұралиева Айгүл Мейрамбекқызымен ұзақ жылдар бірге қызмет атқарғанын тілге тиек етіп, ол кісінің ұстаздық жолда тәжірибесі мол екенін айтып, өз саласының нағыз маманы екеніне кеңінен тоқталып өтті.    

Мұнан соң тәрбиелік мәні зор кешке арнайы келген Айгүл Мейрамбекқызының тәрбиелеп ұшырған шәкірттері кезекпен сөз алып, ұстазға деген жылы лебіздерін білдірісіп жатты. Түлектер арасында өзінің ақ тілегін білдірген Құралай Ойшықызы өз сөзінде «Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпынады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол өзінің ұлағатты ұстазы» деп қанат қағып, түлеп ұшқан өзінің алтын ұя мектебіне мәңгі қарыздар екенін жеткізді.  

Ақ тілегін білдірген шәкірт-тердің бірі Айгерім Әмірқызы да «Мен үшін мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»  деп Ұлы дала ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық.  Ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді. Осындай дана ұстаз-дарымыздың бірегейі – еліне еңбегі сіңген мейірімді жан біздің ұстазымыз» деп өзінің мұғалімі Айгүл Дәуітбаеваны мақтан тұтатынын жеткізді.

Шара барысында Айгүл Дәуітбаеваның туған-туыстары да  сөз кезегін алып, аталмыш білім шаңырағына ризашылықтарын білдірсе,  аудандық  балалар өнер мектебінің оқытушылары Нұрдәулет Мейрамбек пен Айбол Жолдас ұлттық аспаптарда ән шырқаса, мектеп оқушылары да өз өнерлерімен мәдени іс-шараның көрігін онан әрмен қыздыра түсті.

                                                                               Өз тілшімізден.

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр