ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰРМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

5135084c-42e9-4951-a508-9be2d6d641a5.jpg

9 маусым күні Абай облысында  орман алқаптары өртеніп, елімізде қайғылы оқиғаның  орын алғаны баршаңызға белгілі. Мұндай жағдайда көмек көрсетпей, қол қусырып отыру халқымызда ешуақытта болмаған. Ықылым заманнан бері қазақ халқы ел басына қауіп төнген сын сағаттарда бір-біріне қолдау көрсетіп, жақынының қайғы-қасіретін бірге бөліскен.

Өткен аптада №10 аудандық өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері  Абай облысына барып, алапат өрттің өшірілуіне  көмек көрсеткен болатын-ды. Ел үмітін арқалап, қауіпті іске белсене араласып, батырлық танытқан жерлестерімізді атап айтар болсақ, көлік жүргізуші, аға сержант Санат Мыңбаев, өрт сөндірушілер, кіші сержанттар Талғат Азамат пен Мақсат Жайсекенов және қатардағы өрт сөндіруші Бақтияр Бақбер өз міндеттерін ойдағыдай орындап қайтты.

Тілсіз жаумен арпалысып, қызыл жалын, көк түтінге оранып, адам өміріне қауіпті болса да еш нәрсеге қарамастан өрттің сөнуіне қолдарынан келген бар мүмкіндікті жасап,  үйлеріне аман-есен оралған жерлестерімізді құрметпен күтіп алды. 

Аудан әкімдігінің ұйым-дастыруымен өткізілген іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Азат Құтпанбетов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев және бірқатар мекеме-ұйымдардың басшылары қатысты.  

Өздерінің қызмет бабымен азаматтық парыздарын адал атқарып, туған жерге аман-есен оралған өрт сөндірушілердің құрметіне аудандық Саз мектебінің оқытушылары ұлт-тық аспаптарда патриоттық әндерді орындады. Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары да өз өнерлерін көрсетіп, өрт сөндіру қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, ауданның атқамінер азаматтар оларға батырлық танытып, адалдықпен атқарған  істеріне Алғыс білдіріп, бата - тілектерін жаудырды.

                           Бақтығали  ДӘУІТБАЕВ,  «Балқаш өңірі».                      

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР