АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

8fd91ba9-2be2-493c-bb94-3955c7989c31 (1).jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығы негізінде аудан әкімдері әр ауылдық округте тоқсан сайын кемінде бір рет көшпелі кездесу өткізу жоспарланған.  Бұдан бұрын газет бетінде хабарлағанымыздай аудан әкімі Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы аудан орталығындағы Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының акт залында белгіленген кестеге сәйкес Бақанас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді.

Сонымен қатар бұл кездесуге аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудан әкімінің орынбасарлары Бауыржан Дәрібаев, Азат Құтпанбетов, сондай-ақ аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары қатысты.  Кездесу жиын барысында аудан басшысы әдеттегідей 2022 жылы атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, алдағы уақытта атқарылатын жоспарлы жұмыстары жайында қысқаша баяндады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несие түрлерін алу жолдарын ауыл тұрғындарына түсіндіріп, ауылдық округ әкімі Қабыл Күлтебаевқа «кәсіпкерлікпен айналысамын» деген азаматтарға қолдау  мен көмек көрсету қажеттігі жөнінде баса айтты.

Кездесу жиын барысында Бақанас ауылының тұрғындары ауылдың тыныс-тіршілігі жайында өз ойларын ортаға салып, көше жарығы, ауызсу тағы басқа маңызды мәселелерді көтеріп, табиғи газ қосыла ма?- деген сұрақтарын қойды. Сөз орайы келгенде аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Сайран Смағұлов мінбе төріне көтеріліп, аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға оң бағасын беріп, кездесу жиынға қатысушы ауыл тұрғындарына осындай келелі жиындарда көтерілетін өзекті мәселелер мен ұсыныс-пікірлердің айтылу ретін түсіндіріп, отбасы-ошақ қасы әңгімелерді ел-жұртқа жарияламау жөнінде  өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ денсаулық, білім, мәдениет салаларындағы кемшіліктер мен қыс айларында жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалау жұмыстары жөнінде және бұдан бөлек бірқатар өзекті мәселелердің күрмеуін шешу жөнінде өз пікірін білдірді.

Кездесу жиын барысында аудан басшысы Ғалым Қасымұлы тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, барлық айтылған ұсыныс-пікірлердің шешу жолдарын қарастырып, олардың дер кезінде орындалуын өз бақылауына алатынын айтты.

 

Аудан орталығына жыл сайын тұрғын үйлер салынып, көше жолдары жасалынып,  түнгі жарықтар орнатылуда. Бақанас ауылы қанатын кеңге жайып, заман талабына сай өсіп-өркендеп келеді. Ел игілігі үшін атқарылған ауқымды жұмыстар көзге көрініп-ақ тұр. Ал осындай жетістікке жетуіміз тұғыры биік Тәуелсіздіктің жемісі екені жасырын емес. Ендеше алдағы уақытта да  ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстардың жемісін бірге көрейік.


                                                      Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,"Балқаш өңірі".

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР