ҮМІТКЕР БЕЙСЕНБЕК САҒИ АЛМАЗҰЛЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен Бейсенбек Сағи Алмазұлы 1991 жылы Балқаш ауданы, Қарой ауылында дүниеге келдім. 1998-2009 жылдары Қарой ауылындағы «Үлгілі» орта мектебінде оқыдым. 2009-2013 жылдары Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің әлеуметтік жұмыс мамандығын, 2014-2016 жылдары Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын құқықтану мамандығы бойынша тәмәмдадым.
Еңбек жолымды 2013 жылы «Алматы облысының жер қатынастары басқармасы» ММ-де инспектор мамандығы бойынша бастап, сол жылдың қараша айында «Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-не кадр жұмысы бөлімінің инспекторы қызметіне ауыстым. 2014-2017 жылдары аралығында «Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы» ММ-де әртүрлі бөлімдерде бас маман қызметін атқардым. 2017 жылдың 13 қарашасынан аталған мекеменің еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы қызметін атқарып, 2019 жылдың 3 маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Балқаш ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры қызметін атқарып келемін.
Жанұялымын, 2 баланың әкесімін.
Құрметті сайлаушылар!
Мен өзімнің сайлауалды бағдарламам бойынша басты мақсатым – Әділетті Жаңа Қазақстанды құруға атсалысу.
Балқаш аудандық мәслихат депу-таттығына үміткер ретінде алдыма нақты міндеттер қойып, оны жүзеге асыруға өз үлесімді қосуға еңбек ететін боламын.
2027 жылға дейін аудан орталығына іргелес орналасқан ауылдық округтерді сапалы газдандыруға үлес қосамын.
Мемлекет тарапынан халыққа берілетін жеңілдетілген несие түрлерін аудан тұрғындарының алуына ықпал етемін.
Аудан тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсарту бойынша алға қойылған міндеттерді шешемін.
Мемлекеттік гранттар есебінен оқитын ЖОО-ның барлық түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету.
Жас мамандарды, мұғалімдерді, ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарламасын қабылдау.
Үздіксіз білім беру және қашықтықтан электронды білім беру моделін шалғай ауылдардың тұрғындары, мерзімді қызмет солдаттары және елімізде халықтың әлеуметтік қорғалмаған барлық топтары үшін қолжетімді ете отырып, оны дәйекті түрде енгізу қажет.
Өзім әлеуметтік салада көп жылдардан бері жұмыс жасап келе жатқандықтан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға және де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын созуды азаматтық парызым деп санаймын.
Аудан тұрғындарына өз кәсіптерін дамыту мақсатында шағын несиелер мен қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға қол жеткізуге бағыт-бағдар беру.
Әлеуметтік қорғау. Мүгедектерге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға және көпбалалы аналарға үнемі көмек көрсетіп, бақылауда ұстау.
Медициналық қызмет. Ауылдағы меди-циналық қызметтің сапасын арттыру.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Жастармен үнемі жұмыс жүргізу. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылға жастарды шақырып, бос жұмыс орындарын ұсыну.
«Жұмыспен қамту», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жұмыстарды жүргізіп, ауыл халқының әлеуметтік жағ-дайын көтеру.
Міне осындай дүниелерді қолға алуды мақсат тұтып отырмын.