Осы аптаның бейсенбісі күні облыс орталығы Қонаев қаласында Грек-рим күресінен жастар арасында облыстық чемпионат болып өтті.
Республикалық чемпионатқа іріктеу мақсатында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге аудан спортшылары да қатысып, жүлдеден құр алақан қалмады.
Облыс көлеміндегі кіл мықтылар басқосқан спорттық сайыста бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді атап айтар болсақ, 55 кг салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Бекарыс Мейрамбек қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Ал 130 кг салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен Абай Серікқазы күмістен алқа тақты.
Аталмыш чемпионатта жеңіске жетіп, аудан абыройын асқақтатқан спортшылардың осындай жетістікке жетуіне сүбелі үлестерін қосқан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары - Фархат Мұсаев, Назтай Мейрамбек, Жәнібек Лебай және Нұрболат Қошқарбайдың еңбектері орасан зор екені жасырын емес.
Жастардың жан-жақты дамуына үлкен үлес қосатын ол спорт. Адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік саланың дамуына елімізде ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлінген. Ендеше осындай жерлестеріміздің жеңіс тұғырынан көрінген сәттін пайдаланып, олардың алда алар асулары биік болсын деген тілегімізді арнап, бүгінгі жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануларына мол мүмкіндік бар екенін айта кетуді жөн санаймыз.
Өз тілшімізден.