ЖАҒАДАҒЫ АУЫЛ

жігіт.JPG

Мезгіл бесін уақытынан ауып барады. Далада ыстық пен бірге қапырық ауа тұр.  Үп деген желдің лебі жоқ. Күннің аптабы биыл жылдағыдан басым. Түс кезінде сыртта ұзақ жүріп қалсаңыз-ақ болғаны. Өзен жағасында жайғасқан кішкентай ғана ауылға дария жақтан аздап болса да самал есуші еді, бүгін ол да жоқ. Шығыс жақтан тау асып келіп жатқан бұл өзен осы араға келгенде екіге айырылып, ауылдан шыға бере қайта түйіседі. Айырық ортасында пайда болған қайырда жиде ағаштары қаулап өсіп, әжептеуір ну тоғайды құрайды. Кешкі салқын түскен кезде сол араға қайықпен жетіп алып, тынығып қайту дегеніңіз сөз жоқ, тамаша серуен болар еді. Көктемде дала гүлдеген шақта осы аумаққа көз жібере қалсаңыз, жиде ағаштары бейнебір сарғыш-көкшіл гүлзар бағындай ажарланып тұрады. Ал, сол ағаштардың арасына бас сұға қалсаңыз танауды өзіне тартар ғажап гүлдің иісін құмарлана жұта бересің. Пай-пай, шіркін жазғы кезіндегісін айтсаңшы оның! Бітік болып өскен бүлдіргендердің дәмі тіліңізді үйіріп бара жатса, құлақты кернеген құстың сырнай даусы жанға рахат сыйлайды. Сондай-ақ қалыңның арасынан пыр етіп ұшып шыққан қырғауылда кішкентай тоғайды өзінше бір әрлендіріп жібереді.  

Осындай табиғаты мол ауылдың шеткі бір үйінде күннiң аптабына қарамастан сыртта екi -үш әйел жұмыс iстеп жүр. Үш бұтты ошаққа қойылған дәу   қазанда сарала шәй  бауырсақтар шыпырлап пiсiп жатыр. Арғы бiр көленкелеу жерде екі ер кісі мал сойып әлектенуде. Бұл үйде кешкiсiн кішігірім думан болмақшы Қаладағы жүгірмегі  КазМҰУ-ды тәмамдап, биолог мамандығына ие болып, соның қағазын алып келмекші екен. Қасында қаладан келетін жолдас-жоралары болатын көрінеді. Сол қонақтарды күтiп алу қамына үй иелерi жан-жақты даярлануда. Ауыл дегеніңіздің  мұндай кезде  ауызбіршiлiгi мықты  ғой.  Көрші-қолаңның, ағайын- туыстың, қыз-келіншек-тері жиылып кешкі салқын түскен кезге дейiн дастархан мәзірін жайнатып жiбердi. Бәрі әзiр болып, қызмет істеп жүрген кісілер шәйден енді  түрегелгелі жатқанда сырттан отарбаның жеңiл дауысы естiлдi де, «келді, келді» деген дауыстар естілді. Дарбазаға қарсы келiп тоқтаған ұзынша отарбадан бес-алты ұл-қыздар түсе бастады. Алдымен Анарбектің өзi түсті де әкейiнiң қолын алып, құшақтап амандасты. Әкенiң жүзiнен қуанышқа толы шырай жанып тұр.  Егерде басқа да қонақтар қаумалап келмегенде құшағында қапсырып мауқын басқанша  бiраз ұстар ойы да бар.  Бір-екі рет құшарлана   сүйiп алды да, шешесіне қарай бағыттап, өзі өзге қонақтарды қарсы алу қамына   кiрiсiп кетті. Шешесі аналық қуаныштан көз жасын жасыра алмады. Ұлы жанына жеткенше-ақ  көз нұрына жас толып кетті.

Келген қонақтар жиылған қауымның бәрiмен амандасып  болды-ау дегенде қол жуылып, бiрден дәмге отыруға шақырылды. Дастархан басында алғы тілекті балаларына  ата-анасы арнап, соңынан өзгелердің де жылы лебіздері жолданып жатты.

Үйдің іші лезде-ақ шыр-қалған ән мен күй күмбіріне толды. Ауыл жастары мен студент қауымы арасында осы өнер түрлерінен сайыс та қыза түсті. Қызықты әңгімелер мен жеке дауыстағы шырқалып жатқан  әуендер толастар емес.  Әcipece Анарбектің оң жағынан орын алған домалақ көзді, қысқа шашты,  әдеміше келген қызыл көйлекті қонақ қыздың өнеріне мына ауыл жұрты қайран қалуда. Өзi домбыраның құлағынан майын  шығара шерте-шерте келiп, көмейден балын  тамызып тұрып, сыңғырлай жөнелгенде анау-мынау  әpтiстерің  әдірем қалады. Мұнысымен қоймай, өзіне жарасып тұрған нәзік езумен, күлімдей шырқағанда әлдегiciнeн де бетер сұлуланып, көрнекіленiп кетеді екен.

Кеш өте көнiлдi, әрi қызықты өтуде. Үзiлiс жарияланып: би ұйымдастырылып, әртүрлі ойындар тамашалану үстінде. Әлгі әншi қызымыз биден де құралақан емес екен. Бірден-ақ алға суырылды. Үздік бишілерге сыйлықтар ұсынылғанда білдік оның есімі Шырын  екен. Анарбекпен бірге бітірген қалалық қарындас болып шықты. Өзгелерден гөрі Анарбектің өзі Шырынға ерекше көңіл бөлуде. 

Әне, тоңып қаларсың деп иығына өзінің  пиджагын да жауып жатыр. Енді міне, екеуі жекеше шығып, ауыл арасын аралап кетіп барады. 

Ауыл шырт ұйқыға шомған.  Айнала тып-тыныш. Қаладағы көлiктердiң  ығы-жығы жүрiс-терi мен дамылсыз дыбыстарына үйреніп қалған бұл екеуіне дала үнсіздігі де өзінше бiр қызық тәрiзді.  Тек арт жақта шығып жатқан көңілді әуен, анда-санда шәу етiп қоятын иттердiң үрген дауыстары түн сабырын тiлгiлеуде. Анарбек өзі оқыған мектептiң алдынан өтіп бара жатып сол маңайдағы клуб пен дүкендерді таныстырып, әрі қарай кете бердi. Бұлардан басқа ауылда көзге түсерлiк көрікті орын да жоқ еді. Ортасында құрылыс жүрiп жатқан саябақтың да сәні кеткелі қашан?!. Сондықтан Анарбек ол жаққа барудың мәнiсi жоқ екенін бiлiп, өзен жағасына қарай бет түзеді. Жаңа туған ай жарығы мен тізеден келер көкпеңбек мияның арасын екеуi қақ жарып асықпай келеді. Осы қалыңмен жүре берсеңiз алдыңыздан қос топ шеңгел кездеседі. Екеуінің арасынан өзенге қарай жол шыға келеді. Бұл жол барып өзен жағасындағы сазды көк шөпке тіреледі. Teп-тeгіс  көк алаңға шыққанда екеуі де жалаң аяқ  жүруге келісті. Сазда өскен майда  шөптер қызды еркелеткендей оның жұмсақ табанын қытықтай жөнелді. Қыздың сыңғырлаған күлкісі мен өзеннің әсем де,  нәзік қана ағын дыбысы қосылып, түңгі су бойын ерекше әуезге бөліп жіберді. Қыз  ерке қылығымен аяғын көтеріп екінші жерге секіреді, бірақ онда да сол еркелеткіш өсімдік дүниесі де тән келеді де, әуезді күлкі жалғасады.  Енді біраз жүрген соң үйреніп, сықылығын қойды, судың жағасындағы көкке жайғасты.   Қасына  келіп Aнарбек  те орын алды. Екеуі тыныштала қалып балықтардың сүңгіген дыбыстарына құлақ түрді. Енді бір кезде көкке де көз жіберіп  алды. Аспандағы жымың қаққан жұлдыздардың шексiз саны ертеңде ауа райының ыстығын меңзейтіндей. Ақ ниеттей болып ұзыннан-ұзақ «құс жолы» созылып жатыр.  Спутник болар, әне,  шамдары жанып-өшіп  жылдам қозғалып барады. Екеуін де үнсіздік билегендей. Көздері де, ойлары да бip нүктеге қадалған осы сәтте неге екені белгісіз Шырынның есіне бұл  екеуінің алғашқы кездесулерi елестеп  бipде бiр, жаймен ғана жымиып қойды. Мұнысын Анарбекке байқатып алғанын сезген ол өзінің неге езу тартқан себебін айтып салды.  

-Бacтапқы рет мені кештен шығарып салып тұрып маған  тiк қарай алмай  жасқанғандағы  қылықтарың есіңде ме, Анарбек? Сол мінезіңнің де әлi сақталып келе жатқанына күліп отырмын.

- Әрине ол кеш ой түбiнде мәнгі сақталатын гүл iспеттес емес пе? Жүрек пердесiн дір еткізген сол бейнең  жыл өткен сайын дауыл сезімге айналып бара жатканын сеземiсiң, - деген сөздерiн булығып әрең тәмамдаған Анарбек екi қолын тiреп артқа шалқайды.

Осы сәт  Анарбектің көзі қыз қолындағы бағана өзі үзіп берген гүлге түсті. Онын жұпар иiсiн екеуі кең  даладағы өзен жақтан ескен тәтті ауамен бірге құшарлана жұтуда.  Сәлден соң жiгiт алақаны қыздың гүл  ұстаған қолының сыртын сипалады. Гүлді иіскейміз дегенде беттері де жанасып кеткені сол-ақ екен, дене дегеніңіз дыр етіп дуылдай  жанды да, жүрек дүрсілі өршелене  кетті. Қолдағы гүл шоғы суға қарай сырғып  түстi де, ағынның ырқына көнiп зымырай жөнелді. 

Айнала бозарып, таңның белгiсi бой көрсетуде. Құс шақырып бейнесі байқалады. Алыстан өзен жақтан ауылға қарай бiр жұп келе жатыр.   Қолдарын  берік ұстасып алған. Қыз басын төмен салып, жiгiт сөзiн үнсiз тыңдап келеді. Өзі сөз қоспаса да анда-санда мақұлдап бас изеп қояды. Жігіт әңгімесін әлі де жалғастыра берер едi, бiрақ үйге де таяп қалған екен. Үзілген сөздi кейiн жалғастырамыз дей, екеуі ауылға ендi. Үйдегілер әлі демалмаған көрінеді, яғни бәрі де бұл екеуiн тосу үстінде. Би де, ән де  толастамаған.

Әлден уақытта жеңгейлер жақтан қуанышты хабар келіп жеттi. Орамал тағылып, үйге жас келін түсті. 

Сөйтiп кешегі кішігірім кешкі думан таңға созылып, таңғы көңiл кешкі беташарға ұласып, той-тойға жалғасып, жаңа думан басталып жатты.

 

Берік АЛТАЕВ, Бақанас орта мектебінің 1987 жылғы түлегі, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған оқытушы.

         

Алматы қаласы.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр