Қазақ поэзиясының көгінде жұлдыздай жарқыраған, Хантәңіріндей асқақ тұлға, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 92 жыл толуына орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен осы аптаның сейсенбісі күні «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты жыр байқауы өткізілді. Шараға ереженің шартына сәйкес әр ауылдан 13- 17 жас аралығындағы үміткерлер, жырсүйер оқырмандар, аудан кітапханашылары қатысты.
Аталмыш байқауға аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Сәлімжанова Гүлзат Мәметнұрқызы, Алматы облысы мемлекеттік архивінің Балқаш аудандық филиалының директоры Айнақұлова Ақтоты Мұхтарханқызы, аудандық кітап-хананың директоры Қапсаланова Нүрия Тайыпқызы төрелік етті.
Байқаудың алғашқы кезеңі бойынша үміткерлер «Өзіме өзім айтам өз жайымды» тақырыбында өздерін таныстырды. Ал екінші кезеңінде «Поэзия-жүрек тілі» кезеңі бойынша үміткерлер Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін көркемдеп, мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар үшінші кезеңінде «Жыр эстафетасы» бойынша қатысушылар ақынның «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек!» атты поэмаларынан үзіндінілерді жатқа оқып және сахналық көрініс көрсетті.
Аталмыш кезеңдер бойынша қатысушылар өзара бақ сынасып, әділқазылар алқасының шешімі бойынша дарындылығымен, мәнерлеп оқу шеберлігімен, зеректілігімен көзге түскен жас оқырмандар байқау жеңімпаздары атанып, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдеге желтораң-ғылық Бақытбек Жанетта лайық деп танылса, бақбақтылық Ерболған Махаббат жүлделі І-ші орынды, ақкөлдік Ақжан Маратқызы жүлделі ІІ-ші орынды, ал Бақанас мектеп-интернатынан қатысқан Қаратай Мұхамеджан мен балатопарлық Төлеу Айсана ІІІ-ші орынды иеленді. Өзге қатысушылар да Алғыс хатпен марапатталды. Байқау жеңімпаздарының марапаттау рәсімін аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Мәметнұрқызы мен аудандық кітапхананың директоры Нүрия Тайыпқызы жүргізіп, жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, шара барысында «Қайран, Қарасазым - ай» атты слайд-шолу ұсынылса, аудандық кітапхананың кітап-ханашысы Сайлау Абылдаева ақынның шығармашылығына арналған «Сарқылмас мәңгі жыр кені» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіп, әдеби мұрасымен таныстырды.
Шараны жүргізген аудандық кітапхананың кітапханашысы Қаракөз Жұмаділова ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған өлең байқауын аяқтай келе, ақынның ақындығы атақта емес, ақынның ақындығы арда ғана, - деп, арым – өлеңім деген мұратпен ғұмыр кешкен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың халқына «бірге туған жан дүниесі» мәңгі өшпес өлеңдерін қалдыра білгенін айта келіп, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, шараны қорытындылады.
Дарабоз ақынның әдеби мұрасы арқылы поэзия құдіретін таныту, ақын шығармаларының идеялық–көркемдік мазмұнын ашу, өлеңді жатқа мәнерлеп оқуға дағдыландыру; ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, жеке тұлғаны рухани жан-жақты болуға тәрбиелеу, жас оқырмандарды шығармашылыққа, ізденімпаз-дыққа, мәнерлеп жатқа оқу шеберлігіне баулу осы іс-шараның негізгі мақсаты болды.
Алтынай СЫМЫЛТЫРОВА, аудан-дық кітапхананың әдіскері.