АҚ ЖЕЛЕҢДІ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!

Микоян (1).jpg

Жалпы өмірден түсінгенім, біздей қарт кісілерге «денім сау, басым аман, еш сырқатым жоқ» деп айтуға мүлдем болмайды. Ауру алыстан айқайлап келмейтініне де мен көз жеткіздім. Сап-сау отырып біреулердің сырқатын ойлап, менде ауырып қаламын деп уайымдаудың да қажеті жоқ екен. Осылай деп сөз бастауыма өзімнің қатты сырқаттанып, төсек тартып қалған кезім себепкер болып отыр.

Ауырып қаламын деп кім ойлайды?! Сол қаңтар айының ішінде ағайын кісілер шақырған соң құдайы тамаққа бардым. Ас дастарқанында отырғанымда бір бейтаныс жігіттің ауыз жаппай жөтеліп отырғанын байқадым. Ол өзінің қатты сырқаттанып, әзер дегенде сауыққанын әңгіме арқауына айналдырып отырды. Сол сәтте ойыма қайдан келгенін білмеймін, қарап отырмай «ойпырм-ай маған жұға ма?» деп, «әттең бетперде тағып келмегенім-ай!» деп өкіндім. Ас аяқталысымен үйге қайттым. Байқап қарасам кешке қарай қайта-қайта жөтеліп, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Сырқаттың алдын алу мақсатында дәрі ішіп, сорпаландым. Бірақ келесі күні сырқатым одан әрмен үдей түсті. Сауығып кетермін деп үміттеніп, үйде үш-төрт күн емделіп көрдім. Жоқ, байқасам, күннен-күнге сырқатым асқынып  барады. Тіпті дене қызуым көтеріліп, қан қысымымда жоғарылай бастады. Орнымнан қозғала алмай, төсек тартып жатып қалдым. Өзім ғана ауырмай жұбайым Қапизаны да сырқаттандырып алдым.

Әрине жан қысылғанда ауызға бірінші Алланы аласың, ал екінші дәрігерлер еске түсетіні айдан анық. Бір жанымды аман алып қалса, осы жігіт көмектесер деп аудандық Орталық аурухананың директоры Дәурен Иманалиевке қоңырау шалып, болған жағдайды бастан-аяқ баяндадым.  Білікті дәрігер бірден «Жедел жәрдем» көлігін жіберіп,  әйелім екеумізді ауруханаға алдырды. Алғашқы екі күндей хирургия бөлімінде жаттық. Сонан соң терапия бөліміне ауыстырды. Күніне үш мезгіл ине салып, тамырдан дәрі жіберіп, төрт-бес күн дегенде сырқаттың беті қайтты. Аллаға  мыңда бір шүкір! Ақ желеңді абзал жандардың арқа-сында, ел қатарына қосылдым.

Сонымен қатар, Дәурен баламыз  басшылық жасап отырған ауруханада бұрыннан қызмет жасап жүрген халыққа танымал  Ілияс Әлиев, Владимир Дербенов және Жарқын Беріков сынды білікті дәрігерлермен кеңесіп, жұмыс жасап жүргені мені қатты қуантты.   

«Ат тұяғын тай басар» демекші, жоғарыда аттары аталған білікті де білімді дәрігерлер -Абай Әлібаев пен Бақытжан Ғазизұлы сынды жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Оларға  деген алғысым шексіз. Ауруханадағы барлық ақ желеңді  абзал жандардың жұмыстарына риза болдым. Сырқат адамдардың көңіліне қарап, жылы қабақ танытқандарының өзі ауруға шипа, жанға демеу беріп тұрады екен.

Аурухана күрделі жөндеуден өткелі ғима-раттың іші жылы. Науқас адамдарға қажетті барлық жағдайлар жасалынған.

Осы бір сәтті пайдаланып, «Балқаш өңірі» газеті арқылы аудандық Орталық аурухана қызметкерлеріне шын жүректен Алғыс айтып, олардың отбасына амандық тілеп, өз ризашылығымды білдіргім келеді.

 

Микоян КҮРШАЛИЕВ, тыл және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы.

                                                       Бақанас ауылы. 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр