Қараша айының 4-де Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Алматы қаласының іргесі Нұра ауылындағы сайлаушылармен кездесті. Алматыдан Жетіген ауылына қатынайтын № 220 автобусқа отырып, халықпен бірге соңғы аялдамаға дейін барды. Жол бойы ауыл жайлы әңгіме өрбітті. Нұрада тұрғындармен кездесті. Елдімекеннің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауылға дейінгі жол сапасын көзімен көрді. Олардың ел өміріне қатысты пікірлерін тыңдады.
Нұра ауылы Алматы қаласынан 42 шақырым жерде орналасқан елдімекен. Тұрғындардың басым бөлігі күн сайын Алматы қаласына қатынап жұмыс істеуге, студент жастары қала іргесіндегі ауыл саналатындықтан жатақханадан орын берілмейтіндіктен қатынап оқуға мәжбүр.
«Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңы бойынша қала маңындағы елу шақырымға дейінгі елдімекен қалалық қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілуі керек болса да, мәселе сот шешімі шықса да орындалар емес. «Алматы мен Нұра ауылы арасындағы автобус қатынасының мәселесіне «Ауыл» партиясы араласып, сотта ауыл тұрғындарының пайдасына шешім шығарылғанын білесіздер. Десек те, ол әлі де орындалған жоқ. Қала маңындағы ауыл осындай күйде болғанда шалғай елдімекендердің жай-күйі жайлы не айтуға болады. Сондықтан да менің сайлауалды бағдарламамның басым бөлігі ауыл шаруашылығын, ауылды жерлерді дамытуды басты назарға алған. Әлемдік қауымдастық мемлекет мәртебесін мегаполистермен емес, алыстағы ауылдың ахуалымен өлшейді. Сондықтан да мен Қазақстанды аграрлы державаға айналдыруға бар күшімді саламын», – деді Жигули Дайрабаев.