Өмірде ел жадында есімі ерекше сақталатын тұлғалар болады. Олар өзгелерден дараланып, артында өшпес із қалдырып, ел-жұртына қызмет етіп, өзгелерге пайымды парасаттылығымен жасампаздықтың үлгі-өнегесін көрсетіп, ірі тұлға ретінде тарихтан айрықша орын алады.
Дара туған тұлғалардың ұрпақ үшін жасаған игі істері мен ұлағатты сөздері сан мыңдаған ғасырлар өтседе ел есінде сақталып, жылдар көші ілгері жылжыған сайын жаңғырып, тарихи мұраға айнала береді.
Осындай халқының сүйікті перзенті болып, ел-жұртының бақыты үшін саналы ғұмырын арнаған дара туған жандардың бірегейі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, «Елу жыл ел ағасы» атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Биыл Ұлы тұлғаның туғаны-на 110 жыл толуына орай елімізде көптеген игі шаралар атқаралып, Д.Қонаевтың ел-жұртына сіңірген еңбектері ұрпаққа насихатталуда.
Тіршілігінде-ақ әулие атанып, халқының ыстық ықыласына бөленген дара тұлғаның 110 жылдық мерейтойы өткен ап-таның сенбі және жексенбі күндері Желтораңғы ауылында ауыл тұрғындарының ұйымдастыру-ымен жоғары деңгейде өткізілді.
Мерекелік шараның алғашқы күні республикаға танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама аясында Ақбота Керімбекова, Бақыт Шағырбаев, Сержанәлі Әлібек, Елнұр Наурызбек, Шыңғыс Құралбаев және Гүлден Сағдат, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Лашын Мұратқызы, Асылжан Абдулла әуелете ән шырқап, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлектері өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің көрігін қыздырды. Концерттік бағдар-ламаның соңы би кешімен жалғасып, алыс-жақыннан келген қонақтарға дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Мерекелік шараның келесі күні аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов бастаған құрметті қонақтар Д.Қонаев атындағы орта мектебіндегі Ұлы тұлға мұражайын аралап, ол жердегі Димаш атаның тіршілігінде қолданған дүниелері мен фото суреттер галереясын тамашалап, мектеп ауласында орналасқан Ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әруағына тағзым жасап, естелік суретке түсті.
Мұнан соң жиылған көпшілік Желтораңғы мешітіне барды. Ол жерде ауыл имамы Ыдырыс Жанат қажы Димекеңнің рухына Құран бағыштап, ауыл-аймақ болып өткізіп жатқан игі шараның сәтті болуына тілегін білдірді. Қасиетті Құран кәрімнің нұрына бөленген көпшілік той өтетін алаңға жиналды.
Бұл кезде орталық алаңда ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, мәдени шара өтетін сахна көркем безендіріліп тойды бастап кетуге дайын тұрған еді.
Той түңілігін түрген аудан әкімі Ғалым Қасымұлы Ұлы тұлға есімін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып жатқан той қонақтарына өзінің жылы лебізін білдіріп, Д.Қонаевтың халқы үшін атқарған ерен еңбектеріне тоқталып, игі шараны ұйымдастырып жатқан ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.
Келесі кезекте алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақтарға сөз кезегі берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Омархан Өксікбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы-ның мүшесі, ақын-жазушы Әли Ысқабай, Желтораңғы ауылының перзенттері Ажар Балтағұлқызы мен Әсен Беспаева «елу жыл Ел- ағасы» атанған қазақ халқының дана перзентінің ұрпаққа үлгі-өнеге болатын ерекше қасиеттерін айтып, жиналған қауымға жүрек- жарды тілектерін жеткізді.
Сөз тізгінін алған Халықаралық «Д.Қонаев» қорының мүшесі, жерлесіміз Дәулетбек Жанботаев сахна төріне шығып, аталмыш қордың президенті Қонаев Елдар Асқарұлының құттықтау хатын оқып, өзінің «Алатаудай асқарлы» атты жаңа әнін нақышына келтіріп орындаса, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Бақыт Шағырбаев «Дәуір тұлғасы» әнін көпшілікке тарту етті.
Осыдан кейін Желтораңғы ауылының өнерпаздары мен Д.Қонаев атындағы орта мектеп оқушыларына кезек беріліп, өнер сүйген ауылдың өрендері той көрігін одан әрмен қыздырды.
Ал осы кезде ауыл жанындағы бәйге алаңында ауыздығымен алысқан арғымақтардың бағы мен бабы сыналар ат жарыс басталып кеткен болатын-ды. Дүбірге толы бәйгеде Желтораңғы ауылының тұрғыны Досым Құлбаевтың «Сүлікқара» арғымағы құнан бәйгеде алдына қара салмай озып келді. Бабы келіп, бағы жанған арғымақтың бәйгелі болуы барша балқаштықтардың таудай биік абыройы болды.
Ат бәйгесі аяқталған соң киіз үйлерде той қонақтарына арнайы дастархандар жайылып, ас беріліп, Ұлы тұлғаның рухына Құран бағышталды. Димекеңнің атажұрты саналатын киелі өңірден дәм татқан қонақтар спорттық сайыстарды тамашалауға жиналды. Гір тасын көтеру сайысында бақ сынаған Жетісу жерінің намысын қорғаған спортшылар Айдын Нұғманов пен Батыржан Ибров жеңіс тұғырынан көрінсе, көкжиделік Бейбіт Кенжебек жүлделі ІІІ-ші орынды еншіледі. Ал қошқар көтеру сайысында талдықорғандық балуан Батыржан Ибров жеңімпаз атанды.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, нағыз тартысты бәсеке алыптардың алыбы күш сынайтын түйе көтеру сайысы барысында Бақанас ауылының тұрғыны Айбек Мырзағалиұлының ерлі-гін ешкім қайталай алмады.
Спорттық шаралардың қызық-ты жері деп қазақ күресінің балуандары күш сынаған сайысты айтуға болады. Бұл сайыста жүлдеден үміт күткен балуандар жеңіс тұғырынан көріну үшін бар өнерлерін ортаға салып, тартысты жекпе жек өткізді. Балуандардың жас ерекшеліктері мен салмақ дәрежелері әртүрлі болса да білегін сыбанып, бар қайратын қайраған кіл мықтылар арасында өткен сайыста өнер көрсеткен көкталдық Әлімжан Жұмахметовтан Бақанас ауылы-ның балуаны Айбол Айтбай айласын асырып, жарыстың «Түйе балуаны» атанды. ІІ-ші орынды Әлімжан Жұмахметов еншіледі. Жүлделі ІІІ-ші орындарды Жиделі ауылының балуаны Ержан Кәрібай мен Еңбекшіқазақ ауданынан келген Нұрғали Жолтай місе тұтты.
Торқалы тойдан тобықтай сый-құрмет болсын деген мақсатта халықаралық «Д.Қонаев» қо-рының мүшесі Дәулетбек Құрманәліұлы аталмыш қор-дың атынан бірқатар аудан азаматтарын мерекелік орден-медальдармен марапаттады.
Ұлы тұлғаның 110 жылдық торқалы тойын бабаларының атамекені саналатын Желтораңғы ауылында жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған Мұрат Мырзахметовке ат мінгізіп, лайықты құрмет көрсетті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, Алаштың ардақты ұлы болған дана да дара перзентті ұлықтау мақсатында Желтораңғы ауылының азаматтарының ұйымдастыруымен өткен торқалы тойды көзбен көрген де арманда, көрмеген де арманда қаларлықтай дәрежеде өтті. Береке-бірлігі жарасқан, ауызбіршілігі ажырамаған ауыл тұрғындарының әрқайсысының үлес қосуымен өткен игілікті шара ел аузында біразға дейін айтылары анық. Бұл шараға ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін атсалысқандығы айқын аңғарылып-ақ тұрды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».