Спорт-салауаттылық кепілі
Қария-ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, қарттарымызда да дәл сондай. Ақсақал-әжелер –халықтың тұнып тұрған хаты. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керек-ті. Ал үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сол салт-дәстүрді аудан тұрғындары да бекем ұстанған.
1-қазан Қарттар күні мере-кесіне орай Көкжиде ауылында жылдағы дәстүрге сай Құтпан-бетов Әбдібай мен Әбдібаев Тұлғабайды еске алуға арналған шағын футболдан ересектер арасында аудандық турнир болып өтті.
Аудан тұрғындары арасында футбол спортын одан әрі дамыту мен жетілдіру, өңіріміздің асыл қарттарына құрмет көрсету, сонымен қоса салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа командалар өзара іріктеліп,жарысқа барлығы 7 команда қатысты.
Өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен нар тұлға-ларды еске алуға арналған турнирдің шымылдығын түрген аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлі-мінің басшысы Гаухар Аманжолова өз сөзінде: -«Біз бүгін Қарттар күні мерекесіне орайластырып Көкжиде ауылында Құтпанбетов Әбдібай атамыз және Әбдібаев Тұлғабай ағамызды еске алуға арналған шағын футболдан ересектер арасында өтіп жатқан аудандық турнирге арнайы келіп отырмыз. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қазақ халқы қашанда қартын сыйлаған халық. Соданда болар әрқашан «Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» немесе «Қарты бар елдің-қазынасы бар» деп ол кісілерді құрметтеп, төбеге көтере білген»-деп сөзін аяқтады.
Мұнан соң сөз кезегін алған Әбдібаев Әуесхан Қарттар күнімен құттықтап, жиылған көпшілікке алғысын білдірді.
Жарыстың ашылу салтанатынан соң спортшылар көп күттірместен тартысты доданы бастап та кетті. Ойыншылардың жеңіске деген құлшынысын арттырып, жарыс жанкүйерлерінің делебесін қоздырған дода барысында командалар арасындағы ойын қыза түсті.
Жарыс өз мәресіне жетіп, нәтижесінде Бақанас командасы І-ші орынды қанжығалады. ІІ-ші орынды Береке ауылының командасы иеленсе, Ақдала командасы ІІІ-ші орынды місе тұтты. .
Байрақты бәсекенің марапаттау рәсімінде жеңімпаз командалардан бөлек, үздік ойын өрнегін көрсеткен футболшылар да марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік ардагер спортшы» номинациясына Байсалбаев Қаржаубай, «Үздік қорғаушы» номинациясына Әліпбай Ернұр, «Үздік шабуылшы» номинациясына Мәдіғұлов Жандос, «Үздік қақпашы» номинациясына Медеш Бақнұр лайық деп танылса, ал Әлімұлы Нұржан «Үздік ойыншы» атанды.
Ауданымызда өтетін игі шаралардың басы-қасында жүріп, демеушілік көрсетіп, өңір тұрғындарының алғысын арқалаған Әбдібаевтар әулеті ұйымдастырған бұл жарыс тартысты өтті.
Айжан АХМЕТБАЙ, «Балқаш өңірі».