Өткен аптаның жұмасы күні облыстық білім басқармасының бастамасына орай, детектив жанрының хас шебері атанған Кемел Тоқаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында Ақдала орта мектебінде «Еңбекпен өрілген өмір» тақырыбында сыр-сұхбат болып өтті. Аталмыш мәдени шараға «Кемел ағаның аманаты» кітабының авторы, Кемелтанушы, зерттеуші, жерлесіміз Бақтығали Айжігітов Талғар қаласынан арнайы келсе, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Динара Ақмолдаева, аудандық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері Жетпіс Қойшығұлов, сонымен қатар, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.
Мәдени шараны бастамас бұрын көркем сөздің хас шебері атанған жазушы Кемел Тоқаев жайында түсірілген «Өнегелі өмір» атты деректі фильміне шолу жасалынды. Мұнан соң Жетпіс Қойшығұлов сөз алып, ол өзінің бала кезінде Кемел Тоқаевтың қаламынан туындаған «Түнде атылған оқ», «Көмескі із», «Сарықабанда болған оқиға», «Соңғы соққы романы» тағы басқа шығармаларын оқып, ержеткенін әңгіме өзегіне айналдырып, қазіргі жастарға кітап оқудың маңыздылығы жөнінде кеңес берді.
Келесі кезекте мәдени шара-ның жүргізушісі Ақдала орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Мұхтарқызы Кемелтанушы, кездесу кештің қонағы Бақтығали Айжігітовке сөз кезегін берді.
Тәрбиелі мәні зор кездесу кеште сөз кезегін алған «Кемел ағаның аманаты» кітабының авторы, өзінің қаламынан туында-ған аталмыш кітаптың алдымен жазылу тарихына кеңінен тоқталып, «Кітап жазу барысында ең бастысы Кемел Тоқаев кім? деген сұраққа жауап таптым» деп әңгімесін әрмен қарай өрбітті. Ол кісінің айтуынша Кемел Тоқаев Бақтығали ағаның әкесімен жа-қын туыс болғандықтан бауыр ретінде өте жақсы араласқан. Бала кезінен Кемел ағасының шығармаларын сүйіп оқып, өзі де жазуға талаптанып ержеткен.
Сөз орайы келгенде Бақтығали Айжігітов Кемел Тоқаев жайында былай деп тебіренді «Әрбір өлкенің жас ұрпаққа үлгі болар біртуар перзенттері бар. Солардың бірі де бірегейі Кемел ағамыз еді. Ол кісі қазақ жазба әдебиетінің детектив жанрын қалыптастыруда толассыз қалам тербеп, үздік туындылар жазған көрнекті көркем сөз зергерлерінің бірі. Шежірені жақсы білетін. Өте бауырмал еді. «Бауыр деген тек қазақ халқына тән кұдіретті мағына беретін сөз» деп айтып отыратын. Ол кісінің шығармалары шынайы өмірден алынған» деп кездесу кешке келіп отырған оқушыларды кітап оқуға ақыл-кеңесін берді.
Сыр-сұхбат барысында Ақда-ла орта мектебінің түлектері, аудандық «Саз мектебінің» оқытушылары Нұрдәулет Мейрамбек және Айбол Жолдас «Дала дарындары» тобының өнерпаздары ұлттық аспаптарда әуелете ән шырқап мәдени кештің көрігін қыздырды. Жанды дауыста орындалған әннен кейін оқушылар Бақтығали Айжігітовке сұрақтар қойды.
Мәдени кешті қорытындыла-ған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Темірғалиұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Динара Нұржаханқызы ауданға арнайы атбасын бұрып, мектеп оқушыларымен кездесу өткізген Талғар қаласының тұрғыны, «Кемел ағаның аманаты» кітабының авторы, Кемелтанушы, зерттеуші, жерлесіміз Бақтығали Айжігітовке құрмет көрсетіп, алғыс білдіріп, иығына шапан жапты. Қаламгерге құрмет көрсетілгеннен кейін кездесу кеште бас қосқан көпшілік естелік суретке түсті.
Тіршілік қалыбында, өмір мен өнер жолында көргені мол, түйгені көп қазына кеуде қария-лармен сұхбаттасу жастарға қашанда қызық, әрі рухани азық болып қала береді.
Бұл кездесу де оқушыларға осындай ерекше әсер қалдырды деп ойлаймын.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».