Осы аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында алқа отырысы болып өтті. Келелі жиынға аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің мүшелері, мәслихат хатшысы, мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп, балабақша, аудандық мәдениет және денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қа-тысты.
Алқалы жиын отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алпысбай Өмірбаев ауданның 2022 жылдың жарты жылдық әлеуметтік-экономикалық дамуы-ның қорытындылары және ІІІ-ші тоқсандағы міндеттері туралы баяндамасын оқыды.
Мұнан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімі басшысының мін-детін уақытша атқарушы Динара Ақмолдаева аудан бойынша «Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру барысында алты айда атқарылған жұмыстар және қысқы от жағу маусымына дайындық барысы туралы баяндады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәсе-лелер бойынша баяндамалар тыңдалғаннан кейін аудан басшысы талқылау үшін сөз кезегін аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалым Нарбаевқа беріп, ауылшаруашылығы саласындағы кеткен кемшіліктерге тоқталып, оны түзету жолдарын тез арада қолға алу қажеттігін айтты. Сонымен қатар аудан әкімі Ғалым Қасымұлы алғашқы жарты жылдық көлемінде жіберілген кемшіліктері үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дархан Төлеубекке, Миялы ауылдық округінің әкімі Асқар Мырзахметовке, Ақдала ауылдық округінің әкімі Нұрбол Нарбаевқа және Бақбақты ауылдық округінің әкімі Айдархан Түймебаевқа жоғарыда қаралған мәселеге қатысты ескерту жасады.
Сондай-ақ білім саласы бойынша да кемшіліктерге баса тоқталып, жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі аппаратының басшысы Қанат Ақылбеков сөз алып, жіберілген кемшіліктер бойынша қабылдаған қаулымен таныстырды.
Алқа отырысында атқарылған жұмыстар осылайша сараланды.
Өз тілшімізден.