Осы аптаның жұмасы күні ауданымызға Алматы облысының прокуроры-аға әділет кеңесшісі Адамов Берік Абызбайұлы және Алматы облысының полиция департаметінің басшысы, полиция полковнигі Әленов Бауыржан Төлегенұлы арнайы іссапармен келіп, аудандық «АMANAT» партиясының мәжіліс залында аудан әкімі Тоқпейісов Ғалым Қасымұлының қатысуымен аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, халықпен кездесу өткізді.
Кездесу жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы және мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме-ұйым басшылары қатысты.
Жеке қабылдау барысында Бақанас ауылының тұрғыны Ермұхан Бейсенбаев Іле өзінінің жағалауы су ағысының иірімінен құлап, Бақанас, Жиделі ауылдарының тұрғындарына қауіптілік төндіріп тұрғанын айта келе, өзен жағалауына су ағысын тосқауылдайтын шара ұйымдастыруға көмек сұрады. Сонымен қатар Береке ауылының тұрғыны Гафур Дусматов пен Бақанас ауылының тұрғыны Дархан Совет өздерінің жеке мәселелері бойынша сауалдарын қойды.
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап болған соң, жалпы халықпен кездесу жиын өткізді.
Жиынды жүргізіп отырған аудан басшысы Ғалым Қасымұлы қонақтарға сөз кезектерін берді.
Ауданға арнайы атбасын бұрған құрметті қонақтар маңызды мәселелерден мағұлматтар беріп, өңір тынысының дамуына сүбелі үлес қосып, аудан халқын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Сөз орайы келгенде аудандық «Бірлік» кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайран Смағұлов бүгінгі таңда әлемді жаулаған ұялы телефон арқылы халықты алдап-арбап, алаяқтық жасап жүрген қылмыскерлерге құрық салынып, оларға қатаң жаза қолданылса деген ұсынысын білдірді. Бұл сауал бойынша Республика көлемінде тиісті жұмыстар жасалынып жатқаны жөнінде Алматы облысының прокуроры Берік Абызбайұлы айта келе, аудан тұрғындарын қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің тарқатар болсақ, құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез-келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.
Өз тілшімізден.