Аграрлы ауданымыздың негізгі саласының бірі-мал шаруашылығы болғандықтан, мал тұқымын асылдандыру және мал басын көбейту жұмыстары үнемі басты назарда. Мал өсірумен тұрақты айналысып жүрген шаруашылықтар үшін бұл жауапты науқан. Өйткені мал төлімен көбейеді. Осыны назарға алған малшылар қауымы көктем айларында кірпік қақпастан мал төлдету жұмыстарына барынша мұқият қарайды. Бүгінде мал төлдеп, қорада шу болып жатыр. Оның жемісі де жоқ емес.
Жалпы айтқанда аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 1113 шаруа қожалықтары бар. Шаруа-шылықтарда өсіріп жатқан мал басына тоқталар болсақ, аудан бойынша 103 427 бас ірі қара, 28 713 бас жылқы, 129 бас түйе және 119 074 тұяқ қой-ешкі, 243 372 бас әртүрлі құстар өсіріледі.
Жоғарыда атап көрсетілген мал басының төлдеу көрсеткішіне тоқталар болсақ, бүгінгі таңда ірі қара-70 пайыз, жылқы-43 пайыз болса, қой-ешкі-70 пайыз және түйе-15 пайыз төлдеген. Алдағы күндері төл басы арта түседі деп күтілуде.
Малы төлдеп, қорасы шулап жатқан шаруашылықтардың бүгінгі жағдайымен жақын танысу мақсатында осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық ау-ылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевпен бірге Миялы ауылдық округіне қарасты «Жұман» шаруа қожалығына арнайы барып қайттық. Біз атбасын бұрған шаруашылықтың төрағасы Жұман Талқанбаев шаруашылық басында жүр екен. Оның айтуынша 2004 жылы 500 гектар жер алып, мал өсірумен айналыса бастапты. Кейіннен қосымша 91 гектар жер алып, мал өрісін кеңейткен көрінеді.
Бүгінгі таңда шаруашылықта 25 бас жылқы, 270 тұяқ қой және 130 бас ірі қара болса, оның 5 басы асыл тұқымды «Қазақтың ақбас» бұқасы, 100 бас аналықтан 30 бұзау туылған. Қалған аналық сиырлар алдағы күндері бұзаулайды деп күтілуде. Алдағы уақытта мал басын көбейту үшін, мал өрісін кеңейту мақсатында қосымша жер алуды жоспарлап жүр екен.
Шаруашылық басшысының айтуынша мал тұқымын асылдандыру үшін 2014 жылдан бері жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін субсидияға яғни қаржылай көмекке қол жеткізіп келеді. Сонымен қатар көктем және күз мезгілдерінде «Қарасан», «Аусыл», «Пас-тереллез», «Сібір жарасы» тағы басқа да жұқпалы ауруларға қарсы мемлекет тарапынан тегін екпе жасалынады екен. Былтырғы жылы қысқы мал азығы ретінде 200 рулон шөп, 3 тонна жем сатып алынған.
Сапар барысында аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаев пен шаруашылық төрағасы Жұман Талқанбаев асыл тұқымды бұқалардан түскен төлдерге көңіл бөліп, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының нәтижесі жөнінде әңгіме өрбітті. Бұл жауапты науқанда төл басын аман сақтап қалу үшін бақташылар Мұқали Талқанбаев пен Игорь Латышков күндіз-түні, екі-қарап бір шоқып, өз жұмыстарын атқарып жүр екен. Бақташылардың айтуынша мал өрісінде жусан, изен, ебелек және басқа да шөптер ерте көктемде өсіп жетіледі. Жаздың аптап ыстықтарында күнге күйіп кетпесе, жаз жаңбырлы болса жері шүйгін, малы қоңды болады.
Ол жерден аңғарғаным, мал қоралары және малшыларға арналған 4 бөлмелі тұрғын үй талапқа сай салынған. Тұрғын үйдің электр жүйесі күн сәулесімен қуаттанатын құрылғы орнатылған.
Мал төлдету науқаны малшылар қауымы үшін аса бір жауапты кезең болып есептеледі. Жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін мал шаруашылығы мол еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Ал Жер ананың арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселене түседі. Атакәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін күш-қайраттарын да аяп жатқан жоқ.
Мал өсірумен айналысып жүрген шаруашылықтардың бәрі осындай жетістікке жету үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер алып, мал басын көбейтіп, қайтарылмайтын субсидияға қол жеткізіп, мал тұқымын асылдандырса, аудан көлемінде мал шаруашылығы өркендеп, аудан экономикасы бұдан да арта түсер еді.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».