Өзекті мәселелермен танысты

DSC_4534.JPGDSC_4329.JPG

Ауданымызға  іссапармен келген облыс әкімі Қанат Бозымбаев күрішті өңірдің келелі мәселелеріне құлақ қойып, жергілікті жұртшылықтың өтініш-тілегін тыңдады.

Алдымен «Бірлік агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабына барған жұмыс тобы күріш, астық, шөп өсірілетін алқаптағы дала жұмыстарына куә болды. Іргетасын 2001 жылы құрған серіктестік биыл 800 гектарға күріш, 1100 гектарға бидай, 3547 гектар жерге көпжылдық шөп өсіруді жоспарлап отыр. Дала жұмыстарына жыл сайын 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық науқан кезінде жұмыскерлер саны 500-ге дейін өседі.  

Жұмыскерлердің орташа айлық жалақысы 120-150 мың теңгеге тең. Одан бөлек жауапкершілігі шектеулі серік-тестік қажетті техникамен толық қамтылған.

Келген қонақтарға шаруа-шылықтың жетістігі мен жұмысын таныстырған облыс-тық мәслихаттың депутаты, шаруашылық басшысы Әбдіжаппар Қыстаубаев өңір жұртшылығын толғандырып отырған мәселе – су жетіс-пеушілігін алға тартты. Оның айтуынша, жыл өткен сайын Іле өзенінің суы тартылып барады. Соның кесірінен күріш өсірудің көлемі азайып отыр. Себебі, белуарына дейін суда тұруы тиіс күріш дақылы ылғалды қажет етеді. Жаздың шыжғырған ыстығынан күріштің тамырына су жетпей өнімділігі төмендейді. Осыған орай Агрофирма «Бірлік» ЖШС-гі күріш алқабын азайтуға мәжбүр болған. Биыл 800 гектарға күріш егудің себебі сол.

Сонымен қатар, Балқаш ауданындағы егістік жерлерін 4 мың гектарға өсіру туралы мемлекеттік бағдарламаның тиімсіз екендігін алға тартқан шаруашылық мамандары алдымен осы уақытқа дейін игеріліп келген жерлерді сумен қамтамасыз етудің қажеттігін алға тартты. Одан бөлек, Іле суын Миялы, Бақбақты, Бірлік ауылдарының егістігіне су жеткізетін «Тас-мұрын» магистральді арнасын жаңарту қажеттігін алға тартқан Әбдіжаппар Өгізбайұлы сонау 1940-шы жылдары қолмен қазылып, салынған арнаның су жіберу көлемін ұлғайтуға көмек беруді сұрады. Өтінішке жауап берген облыс әкімі Қанат Бозымбаев:

– Алда өтетін облыстық мәслихаттың отырысында су арнасын тазартудың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қажетті қаржы қарастырайық. Сосын алдағы күз айларында ұзындығы 20 шақырымға тең арнаны тазартуға көмектесеміз, – деп жергілікті жұртшылықтың көкейінде жүрген өзекті мәселені тап басты. – Дегенмен арна суының табанын терең қазбайтындай болуы керек. Әйтпесе, ылғал жоғалту мәселесі толастамайды. Ертеректе су арнасының табанын «Драглайн» деп аталатын арнайы техникамен тазартатын. Мүмкін сондай техниканы алдырып, Балқаш ауданының су шаруашылығына беруді қолға алу керек шығар?! Онда ауданның су арналарын тазарту оңай болар еді.

Осылайша диқандарды тол-ғандырған мәселенің шешімін табудың жолын қарастырған облыс әкімі одан соң Бақбақты ауылының маңында орналасқан «Агрофирма «Dinara-Ransh» ЖШС-ның мал бордақылау алаңына барып, байлауға қойылған 5 мың бас ірі қараның семіртудің жолдарымен танысты. Жылына 210 тонна етті сатылымға шығаратын шаруашылық тұрақты жұмыспен қамтып отырған 60 адамның орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды.

Одан соң осы серіктестіктің сүт-тауар фермасына барған жұмыс тобын күтіп алған «Агрофирма «Dinara-Ransh» ЖШС-ның құрылтайшысы Бақыт Атайбеков көпшілікке сапалы сүт сауылатын фермада Нидерландыдан әкелінген «Голштейн» тұқымды ірі қара екендігін атап өтіп, 1500 сиырдан күніне 40 тонна сүт сауылатынын жеткізді. Сауылған сүт «FOOD MASTER» компаниясына, «Danone» ЖШС-на, «Райымбек-Агро» ЖШС-на өткізіледі. Осындай қарқынды еңбектің арқасында жылына 24 мың тонна сүт өндіріледі.

Бұдан кейін аудан орталығы Бақанасқа бет алған көпшілік Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжіне барып, кәсіптік оқу орнының жұмысымен танысты. Колледж директоры Бақытжан Өксікбаев 400 студентке білім беретін оқу орнының 1977 жылы салынған жатақханасының 2 қабаты ғана пайдаланылатынын жеткізіп, осыған орай жоғарғы 3-4 қабаттарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек беруді сұрады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұрған жатақхананы жөндеуге көмек берілетінін айтқан облыс әкімі С.Сейфуллин көшесінің бойындағы екі қабатты 6 тұрғын үйдің жай-күйімен танысты. Аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов 1971 жылы тұрғызылған үйлерге жылу жеткізуге көмек сұрап, табиғи газ қазандығы көлемі аздық ететіндіктен қосымша қаражат керектігін атап өтті. Қажетті қаржыны қарастыруды орынбасарларына тапсырған облыс әкімі одан соң Балқаш аудандық Орталық ауруханасын аралап, денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен танысып шықты.

Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізген облыс әкімі Жетісу жерінің жетістігі мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін таныстырды. Оның айтуынша, өңірдің барлық саласында өркендеу баршылық. Атап айтқанда, 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 97 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жетісу жерінің негізгі кәсібі ауылшаруашылық болғандықтан мал өсіру мен диқаншылық кеңінен дамыған. Соның қатарында Балқаш ауданының да үлесі барлығын атап өткен Қанат Алдабергенұлы әр салаға жауапты орынбасарларына тапсырма беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті міндеттер жүктеді.

Оның айтуынша, күрішті алқабы жайқалған Балқаш өңірінде балық шаруашылығы да кең дамыған. Соған байланысты Үкіметтің балық саласын дамыту жөніндегі бағдарламасына сәйкес жауапты мамандарға тапсырма берілді. Осындай мақсаттардың қатарында Балқаш жұртшылығы табиғи газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, баспанамен қамту сынды аса өзекті міндеттерді жақын арада қолданатынын жеткізген баяндамашы тұрғындар қойған сауалдардың жауабын берді.

Тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға тоқталсақ, аудан орталығына «Халық Банк» филиалының қажеттігі, тұрмыстық қалдық-тарын өңдейтін шағын өндіріс орынының жоқтығы, медицина мамандарының жетіспеушілігі, шөп бағасының қымбаттығы, кекек шөбінен мал уланып қалатындығы, қыс мезгілінде көмір бағасының аспандап кететіндігі, Бақанас ауылындағы Қ.Бижанов көшесінде жаяу жүргіншілер жүретін жолдың жоқтығы, балабақшаларда бүлдіршіндерге арналған Ясли топтары мен жедел жәрдем көлігінің жетіспейтіндігі сынды аса өзекті мәселелер көтерілді. Аудан тұрғындарының әрбір сауалына жеке-жеке тоқталған облыс әкімі Қанат Бозымбаев мәселенің орындалуын өзінің қадағалауында ұстайтынын жет-кізді.

Осылайша әрбір тұрғынның сұрағына тоқталып, көтерілген мәселені шешудің жолдарын қарастыруды өзінің орынбасарларына тапсырған облыс әкімі бұдан соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Мәди Алжанбай,

журналист.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр