Діни экстремизм – мемлекеттік біртұстастыққа төнген қауіп

Діни экстремизм - бұл мемлекеттік жүйені күшпен өзгертуге немесе билікті күшпен басып алуға, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға, сонымен қатар осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін діни араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған діни мотивті немесе діни камуфляжды әрекет.

Діни экстремизм – бұл зорлық-зомбылыққа, аса қатыгездік пен агрессивтілікке негізделген діни догматика.

Діни экстремизм – кез келген діннің көлеңкелі, қараңғы, қауіпті жағы. Діннің атын жамыла отыра аморальді көзқарастар мен принциптерді қорғайтын, жекелеген адамдардың немесе бүкіл қоғамның мүдделеріне зиян келтіруге әкеп соғатын дүние. Ол демократия мен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен дамуына қарсы тұратын негативті фактор.

Діни экстремизм тікелей діни секталар мен деструктивті ағымдармен байланысты. Мұндай діни ұйымдар өздерінің жымысқы пиғылдарын дінге деген қызығушылық пен жанашырлықтың артына ғана жасырып, іс жүзінде деструктивті идеяларды насихаттайды. Осындай пропогандалық жұмыс арқылы адамның санасын улап, оны тұлға ретінде бұзады. Нәтижесінде, экстремистиік көзқарастарды насихаттаушы деструктивті ағым ұстанушысы айналасындағы адамдардың құқықтарын аяққа таптап, діни жанжал туғызады. Мұндай азаматтар дінаралық мәселелерді саяси келеңсіздікке айналдыру арқылы оларды конфликт қоздыратын құрал етіп пайдаланады.

Діни экстремизмнің негізгі мақсаты – өз ұстанымын өзгелерге мойындау және оны барлығына күштеп таңу, негізгі мемлекеттік идеологияға айналдыру. Олар кез келген жат пікірді мойындаудан бас тартып, компромисске келуден үзілді-кесілді қашады.

Діни экстремизммен күресу – күрделі, әрі маңызды іс. Діни экстремизм негізінен жастарға тән құбылыс. Діни экстремизмді жеңу үшін қарсы әрекет етудің әр түрлі формаларын қолдануға болады: саяси, әлеуметтанулық, психологиялық, ақпараттық және т.б. Осы себепті бұқаралық ақпарат құралдарында, мектептер мен жоғары оқу орындарында діни фанатизм мен экстремизмнің антигуманистік сипатын ашып, фанатизмге негізделген идеология мен практиканың утопиялық сипатын және деструктивтілігін айшықтайтын түсіндіру жұмыстарын жүргізу – діни экстремизм профилактикасының ең негізгі құралы. Аталмыш бағытта орасан зор еңбек етіп отырған – ҚМДБ мен Дін істері басқармасы теологары.

Діни экстремизмнің себептерінің бірі – шовинизм, ксенофобия, өзге пікірге төзімсіздік сияқты дүниелерге алып келетін интеллектуалды соқырлық пен надандық. Сондықтан бұл мәселеге, ең алдымен, интеллектуалдық деңгейде қарсы тұру қажет.

Қазақстан Республикасының конституциясы әрбір азаматтың ар-ожданы мен сенім бостандығын қорғауды мақсат етеді. Дегенмен сенім бостандығына толық мүмкіндік беретін зайырлылық принциптері діни салада экстремистік идеологияға негіз болатын теріс діни догмалар мен деструктивті ағымдардың да еркін жұмыс жасауына әкеп соқты.

Діни мотивке негізделген экстремизм жаһандық деңгейдегі өзекті мәселе болғаны себепті, әрбір діни әдебиетпен таныспас бұрын, оның авторларымен және деструктивті ағымдарға қатысы бар-жоғын анықтап алуымыз керек. Сондай-ақ, өзімізді және жақындарымызды жат ағымның арбауынан сақтау үшін ҚР-ның заңнамасына сәйкес миссионерлік лицензиясы бар тұлғаларға ғана құлақ түргеніміз абзал болады.

          Естай ҚАЛМҰРАТ «Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ «Дін  саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің маман-дінтанушысы.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр