Жақсы кітап-жан азығы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық құндылығымызды дәріптеу арқылы болашаққа айқын қадам жасай аламыз деген пікір айтылған. Ал рухани азықтың бірі-ол кітап. Адам кітап оқыған сайын оның оқырманының ынтасы мен зейіні арта түсері анық. Кітап оқу – адам психологиясын сергітіп, рухани дамуға көмектеседі. Білімді толықтырып, ойлау жүйесін дамытады. Осылайша кітапты 1 рет қолына алған оқырманда әрі қарай басқа да кітаптарға деген қызығушылық туындайды.
Жалпы адам мен кітап арасындағы байланыс – көрін-бейтін көпір тәріздес. Оқырман оны оқыған сайын бекіп, нығая түседі. Бүгінде кітап оқу, кітапқа қызығушылық таныту азайып бара жатқаны рас. Алайда бұл адамдар мүлдем кітапты қолға алмайды деген сөз емес. Әр адам өз қызығушылығына сай жанрдағы қолайлы форматтағы кітаптарды пайдаланады. Мысалы, біреулер психология жанрын ұнатса, енді бірі бизнес саласындағы кітаптарды, ал кейбіріміз детектив, көркем шығарма туындыларын сүйіп оқимыз. Заман мен технологияның дамуына байланысты электронды және аудио форматтағы кітаптар да қазір зор сұранысқа ие. Алайда, денсаулығымызға зиян келтіретін, компьютер мен телефондардан бойымызды алшақтатып, ақ парақта жазылған, қағаз кітаптардың пайдасы едәуір мол.
Біріншіден, ол көздің тез шаршауы мен адам денсаулығына технология беретін кері әсерден аулақ. Екіншіден, қағаздан оқыған экраннан оқығанға қарағанда өте қолайлы әрі тиімді. Яғни, ғалымдардың зерттеуінің нәтижесінде қағазда жазылған ақпарат оқу жылдамдығын арттырып, зейін қоюға көбірек ықпал ететіні дәлелденген екен. Сондай-ақ, ақ парақтағы мәтінді оқу есте сақтау қабілетін арттырады. Ал экраннан оқылған мәлімет адам миының уақытша жадында сақталып, уақыт өте келе тез ұмыт болатыны да анықталған. Экран алдында ұзақ тапжылмай отырудың зиянын айтып та керек емес. Егер мұны да ескерер болсақ, қарапайым қағаз кітаптың аса пайдалы екенін аңғару қиын емес. Тағы бір айта кететін жайт, кітапсүйер қауым қағаз кітапты оқудан алатын ерекше сезіммен жақсы таныс. Ал электронды кітаптарды оқығаннан кейін ондай таңғажайып әсер алдым деп, ауыз толтырып айту мүмкін емес. Қағаз кітапты оқи отырып, оқырманның елестету, сезіну, кітаптың өзі бір кейіпкері іспеттес болып ерекше әсер алуы орынды. Алайда, мұның бәрін электронды кітаптан ала аласыз деп ешкім де кепілдік бермейді! Әрине, замана көшінен қалмай электронды кітаптарды жүктеп алу, оларды кез келген жерде отырып оқу, іздеу арқылы кітаптың тек керек деген бөлігінен үзінді оқу мақсатындағы артықшылықтарды алға тартатын жастар қауымы электронды басылымдарды құп көретіні хақ. Қандай форматта болмасын жақсы кітап – жан азығы. Дей тұрғанмен, мүмкін болса, жайлы жерде қарапайым қағаз кітапты оқыған, ерекше әсер алған жақсы-ақ!
Білімнің қайнар бұлағы - кітап. Сондықтан да мұны адамзаттың баға жетпес құндылығы деп білеміз. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетелейді. Француз философы және жазушысы Дени Дидро «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген. Мұны ғалымдардың зерттеулері де дәлдейді. Олардың зерттеулері бойынша кітап оқитындар қоғам өміріне белсенді қатысады екен. Олар мәдениет мекемелері – мұражайларға, картина галереяларына, театрларға, концерт залдарына басқаларға қарағанда жиі барады, спорттық шараларға да көбірек қатысады. Олардың тағы да бір ерекше қасиеті – рақымшылық танытуда да алдыңғы қатардан көрінеді. Міне кітаптың құндылығы осында, яғни, оның тәрбиелік мәнінде.
Аудандық кітапхананың кітап қоры қазіргі таңда 158706 дана кітапты құрайды. Жаңа әдебиеттер негізінен С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітап-ханасынан түседі, «Кітапханаға-кітап сыйла!» акциясы аясында кітапхана жанашырлары мен оқырмандардың жеке кітапханаларынан сый ретінде ұсынылатын кітаптар да тізім бойынша енгізіліп, өз оқырманын табуда. Кітапханада оқу залы, оқырмандарға қызмет көрсету, анықтамалық-библиографиялық, балалар бөлімі кітапханалық-библиографиялық қызмет көрсетеді. Кітап қорында ғылым-ның барлық салалары бойынша әдебиеттер жинақталған, оның ішінде – оқырман қызығушылығын туғызатын – көркем әдебиет, детектив, мотивациялық кітаптар бар.
Олай болса, парасат, рухани байлық ордасы-кітапханаға келіңіздер, білімдеріңізді молай-тыңыздар демекпін.
Алтынай Сымылтырова, аудандық кітапхананың әдіскері.