ЖОЛДАУҒА-ҚОЛДАУ

ЖОЛДАУҒА-ҚОЛДАУ

ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Бақыт Сқабаев, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Күздің жаймашуақ алғашқы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жариялаған кезекті Жолдауы жаңа серпін, жаңа бағыт берді.

Оларды нақты атап өтсек, дамудың жол картасының 2025 жылға дейін жүргізілуі, геологиялық қызметтің құрылуы, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ветеринария саласын арттыру, субсидиялардың талан-таражға салынбауы, азық-түлікпен қамту, денсаулық сақтау және білім саласына ерекше ден қоюы айтылды.

Сонымен қатар, ұстаздардың біліктілігін көтеру, соның ішінде ауылдық жерлердегі мектептерге көңіл бөлу, «Еститін мемлекет» бағдарламасы бойынша халықпен тығыз байланыс орнатуды күшейту, мемлекеттен бөлінетін бюджетті дұрыс бағытта жұмсау, экология проблемаға жіті мән беру, қазіргі кезде ауыз су мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселелердің қатарында.

«Судың да сұрауы бар» дегендей, тіршілік нәрін үнемді пайдалану, гендерлік тепе-теңдіктің болуы, яғни, «әйел азаматтарының басшылық қызметтерде жұмыс жасауына мүмкіндік берілуі, этносаралық мығым қарым- қатынасты сақтау, сол секілді басқа да саладағы қарапайым қызметкерлердің жалақысының ұлғаюы айтылды.

Осындай көпшілік көкейінде жүрген маңызды мәселелердің барлығы қамтылып, оның жүзеге асырылуына барша қазақстандықтар мен Балқаш ауданының жұртшылығы қуанышпен қабылдап, қолдау білдіруде.

Жолдау барысында Президенттің тұрғын үй мәселесін баса айтқаны ерекше көңілден шықты.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеру, тіл мәселесін тайға таңба басқандай атап өтті. «Болашағын Отанымен байланыстыратын әр азамат қазақ тілін үйренуі тиіс»- деген сөздің өзі ана тілімізге деген құрметтің жоғары деңгейде екенін білдіреді. Тәуелсіздік тербеген 30 жыл ішінде көптеген тың өзгерістер мен жетістіктер көп болса да, бұнымен тоқтап қалмай ары қарай даму мен жетілудің бағытында еңбек етуіміз керегін нақты айтты.

2025 жылға дейін мектептер салуды алдағы уақытқа жоспарлап, тапсырма бергенінің өзі білім саласына деген ерекше назар аударылғанын аңғартады.

Мектеп санының артуы білім көр-сеткішінің де артуына тікелей ықпал ететіні белгілі. Материалдық техникалық базасы  жаңарған, заманға сай оқу құралдары мен білім берудің жаңа технологияларын енгізуге барынша жағдай жасау да осы сатыға кіретіні белгілі.

«Жастарды отаншылдыққа, білім-ділікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке дәріптеу керек», - деп атап өтті.

Ең бастысы, жас кадрларды қолдау, оның ішінде агрокәсіпкерлерді, айти мамандарын, ветеринарларды қолдау керектігін айтты.

Басты бағыт мәдениетке оның ішінде мүсіншілерге, музыканттарға, суретшілерге барынша қолдау көрсетілуін тапсырды. Осы бағыт бойынша айтып өтерім, қазіргі кезде талантты жастар өте көп, бірақ елеусіз қалып жатады. Алда көптеген жетістіктерімен Қазақстан Республикасын танытады деген ойдамын.

Жастардың білімге деген және спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында мектептер мен спорт кешендерін салу тапсырмасы қуанта түсті. Жаңа заманауи мектепке және спорт кешеніне бару-бар баланың арманы деп ойлаймын және ауылды жерлерге бұндай нысандар өте қажет.

«Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құрғандықтан мемлекеттік қызметкерлер қатарына жаңа серпін, жаңа көзқарас, жаңа бағыт алып келетін жастар толқынын жұмысқа алуды» тапсырды. Бұл елімізде жұмыссыз жүрген білікті мамандарға үлкен мүмкіндік тудырды.

Қорыта келгенде, жолдау деген сөздің астарынан жаңалық пен өзгеріс күтетін халыққа бұл жолғы жолдау да толықтай серпін бергендей болды.

Еліміз аман, келешегіміз жарқын, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

 

 

 

ЖОЛДАУ-ӨРЛЕУ ӨЗЕГІ

Гаухар Аманжолова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Қыркүйек айының алғашқы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  Парламенттің бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» - атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемиядан кейінгі экономикалық даму, цифрландыру жедел ілгерілету, денсаулық саласының тиімділігін арттыру, ауылшаруашылығы саласын өркендету, ғылым мен білімді алға бастыру, спорт пен дене тәрбиесінің бұқаралылығын көтеру, экология, еңбек нарығы, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және тағы да басқа осы тәріздес аса өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарына назар аудартты. 

Президент Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған

                                                                                                                                                                                                        жүрекжарды сөздерімен бастады.

–Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Орта Азияда экономикасы дамыған көшбасшы мемлекеттің біріне және халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті.

Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.

Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.

Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.

Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды.

Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.

Көптің қалауы - Президент назарында. Дәстүрлі Жолдау өткенді саралап, барымызды бағалап, кем-кетігін түзеп болашаққа бағдар құратын құжат.

Мемлекет басшысы еліміздің қазіргі жеткен жетістіктеріне, береке-бірлікпен еселі еңбектің арқасында қол жеткізгенімізге тоқтала келіп, келешекте де кез-келген сын-қатерге дайын болуды ескертті.

Еліміздің әр азаматы Тә-уелсіздіктің игілігін сезіну керектігін, жас ұрпақтың өз болашағына нық сеніммен атау тиіс екендігін айтты. Осы орайда, еліміздің әлеуметтік саяси дамуының бірнеше басым бағыттарын айқындап берді: ауылшаруашылығын технологиялық қолдау мен аграрлық саланы, ұлттық геологиялық қызметті дамытуды және жер қойнауын пайдалануды тапсырды. Сондай – ақ, «Ұлт жоспары» аясында басталған реформаларды аяқтауды, тұрғын үй бағдарламаларын халыққа тиімді етіп жоспарлауды ұсынды.

Жолдауда Президент еліміздегі басты бағдарламаларды 2022 жылға дейін ұзарту жөнінде сөз қозғады.

«Үдере көшкен уығын сындырады, жұмыла жұмыс істеген - жұмысын тындырады» - демекші, саяси құжаттың ұтымды идеялары аясында бірігіп, алдымызға қойған тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырамын.

Президент Жолдауында әдет-тегідей осы жолы да білімге көп көңіл бөлген. Яғни, Мемлекет басшысы жас ұрпаққа заманауи сапалы білім беруді одан әрі жақсарту жолында атқарылар ауқымды жұмыстар жайын кеңінен баяндады. Оның ішінде мұғалімдердің жалақы мәселесі, оқушылар орнының жетіспеушілігіне байланысты жаңа мектептер салу, балаларды ерте бастан мамандыққа дайындау, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларының, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға толық қолжетімділігінің болуы сияқты өте өзекті істер қамтылған. Ғалымдарға өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керектігін айтып, нақты тапсырма берді.  

Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн деп баса айтты Мемлекет басшысы.

 

Міне ағайын, бұл Жолдау елдің даму бағыт-бағдарын айқындаған, еліміздің болашағын, экономикасын бағамдатқан, ішкі-сыртқы саясатты қамтыған еңбек болды.

 

БАСТЫ БАҒЫТ- БЕЛГІЛІ,  МАҚСАТ-АЙҚЫН

Алмас ҚЫСТАУБАЕВ, «Агрофирма «Бірлік» ЖШС-ның директоры.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын дәстүрлі түрде халыққа арнайтын Жолдауын асыға күтетіндердің қатарынанмын. Биылғы Жолдауды  да басынан-аяғына дейін мұқият тыңдап шықтым. Көкейге қонымды істер мен жаныңды жадыратар жаңалықтар көп болды. Әсіресе  кейінгі жылдары халықты мазалап жүрген көптеген түйінді мәселелер осы жерде әңгіме арқауына айналды.

Біздің бақ дарыған Балқаш ауданы - әу бастан-ақ аграрлы өңір саналады. Ауылшаруашылығы саласының негізгісі болып есептелетін-мал өсіру  мен егін егу бағытында толағай жұмыстар жасалып, ауданның экономикалық өсу қарқыны жыл сайын жоғарылап келеді. Соның есебінде халықтың да әл-ауқаты артып отыр. Жер-Ананы еміп, төскейінде  төрт түлігін өсіріп отырған аудан халқының бірлігі мен ынтымағы да жарасым тапқаны және ақиқат.

Биылғы Жолдауды да аудан халқы бар  ынтасымен тыңдап, оған лайықты қолдау білдіруде.

Мен өз басым ауылшаруашылығы саласының қарақазанында қайнап келе жатқан маман ретінде Президентіміз  Қасым-Жомарт Кемелұлының ауылшаруашылығы саласы мен оның келешегі жайлы айтқан мәселелері мен ұсыныстары көңіліме қонды.

Әсіресе ауыл шаруашылық  жерлерін қолынан іс келетін азаматтарға беру, жем-шөп дайындау мәселесін ретке келтіру, батыстағы ағайынның биылғы қиын жағдайдан сабақ алып, мал азығын  реттеуді ұйымдастыру және ветеринария саласын реформалау жұмыстары ең өзекті мәселелер деп білемін. Сондай-ақ субсидияны рәсімдеу жағы мен оның шағын және орта шаруашылықтар үшін қолжетімді  болуы тиіс дегені агроөнеркәсіп секторына келешекте оң ықпал ететіні қуантады.

Жолдауда айтылған төмендегі мәселелер де өз өзектілігімен құнды.  Атап айтсақ, «Ауылшаруашылығын технологиялық  тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек.

 Жалпы, ауылшаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету.

 Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын  түзетулер енгізілді.

Бұл өзгерістер ауылшаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. 

Соның арқасында ауылшаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналатынына сенемін-деп Мемлекет басшысы өз сөзінде қадап айтты.

Президентіміз өз сөзінде: «Біздің бағытымыз-белгілі,  мақсатымыз айқын. Ең бастысы сол  мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Кез-келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге  дайынбыз» деді. Осы жоғарыда айтылған сөздер барлық қазақстандықтардың көңіл пернесін дөп басты деп білемін.

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр