РИЗАШЫЛЫҒЫМЫЗ ШЕКСІЗ

«Ауылым-алтын бесігім, Ауылым-ұшар қанатым» деп ақын Орысбай Әбділдаұлының  сырлы жырына арқау болған алтын бесік ауыл  түтінінің түзу ұшуына жан-жүрегі ауыратын қамқор азаматтардың бірі-«Динара Групп Агрохолдингінің» басшысы, ауылымыздың тумасы Бақыт Атайбеков дер едім.

Олай деп айтуыма толықтай негіз бар. Өйткені, ауылдағы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін Бақыт ініміздің қамқорлығы мен шарапатын айқын сезінуде десем, ақиқаттан аттап кетпейтін шығармын.

Бүгінде Бақыт Ынтықбайұлы басқарып отырған шаруашылықта ауылымыздың еңбекке қабілетті азаматтары мен азаматшалары жұмыс жасап, өз нәсіптерін теруде.

Еңбектің қара қазанын қайнатып жүрген ауыл тұрғындарына шаруашылық тарапынан барлық жағдай қарастырылған. Тіпті біз зейнеткерлер де кезінде пайға алған жеріміздің есебі ретінде жем-шөп алып тұрамыз. Ауылдық жерде тұрғаннан соң азын-аулақ төрт түлік түрін өсіріп жатқан жәйіміз бар. Малға қажетті жем-шөптен қысылған кезіміз болған жоқ. Оның бәрі әрине ауылдағы іргелі шаруашылықтың арқасы.

Елбасымыз және Мемлекет басшысы қазіргі нарық заманында халықты тұрақты жұмыспен қамтуды алдыңғы орындарға қойып отыр. Оның үстіне «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұғым бүгінгі күннің басты тақырыбына айналуда. Бұл тұрғыдан сөз қозғар болсақ, жұмыс беруші тарапына тұрғындардың өкпе-назы жоқ. Керісінше алғыстарын жаудыруда.

Олай деуге толықтай негіз бар. Шаруашылықтың егіс алқабында және мал басын өсіру, сондай-ақ бордақылау мен сүт өндіру  ісінде  жұмыс жасап жүрген жұмысшылардың барлық жағдайы қарастырылған.

Көзбен көріп, куә болғаннан соң айтып отырмын. Малшылардың әлеуметтік жағдайлары жақсы. Маңдай тер еңбекақысы уақытылы беріледі. Сыйақы да қарастырылған. Қайырымдылықты назардан тыс қалдырмаған шаруашылық басшылары біз секілді зейнеткерлерге, ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созумен келеді.

Өткен жылдары қолға алған іргелі істерінің бірі-сүт зауыты. Аталмыш зауытқа ауыл тұрғындары жұмысқа тұрды. Бүгінде көршілес орналасқан Бақбақты ауылының тұрғындары да осы жерде жұмыс жасап, өз нәпақаларын айыруда. Олардың барып-келуіне арнайы автокөлік бөлінгенін көзім шалды.

Мал басын өсіру үшін ең алдымен малшылардың жағдайын жасау-дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қытымыр аязында еңбектің көрігін қыздырып жүретін малшылар қауымына ай сайын сойыс, жыл сайын соғымға соятын малын береді. Жылыту маусымында көмірмен қамтамасыз етіп, жарықтың ақысына дейін өздері төлеп беретіні тағы бар. Айта берсек, Бақыт ініміз басқаратын шаруашылық әр іске жауапкершілікпен қарайды. Біз осыған қуанамыз, біз осыған мерейленеміз.

Тіл-көзіміз тасқа! «Болар елдің баласы-бірін-бірі батырым дейді...» демекші, әңгіме кейіпкерінің туып-өскен жеріне деген ыстық ықыласы шексіз. Оны ініміздің әрбір ісінен айқын аңғарамыз. Тіпті «сырт көз сыншы» дегендей, алыстағы ағайын-туыстың өзі «Миялының жігіттерінің ауызбіршілігі-ай!» деп ауыздарынан суы құрып айтып жүргеніне талай мәрте куә болдым.

Мен осы шағын ғана мақала арқылы ауылымыздың тумасы әрі жанашыры Атайбеков Бақыт Ынтықбайұлының ел-жұрты үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей атқарып жүрген ерен еңбегін айтқым келеді. Жырдың Құлагері-Ілияс ақын жырлағандай: Өз елі өз ерлерін ескермесе, Жұрт тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» демекші, ардақты бауырымыздың ел мен жерге сіңіретін еңбегі келешекте бұдан да ерен болатыны сөзсіз.

 

Әбдіғали ЗАУЛАНБАЕВ, ауданның Құрметті азаматы.

Миялы ауылы.

 

 

 

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр