Қатты сырқаттанып, ауруымыз асқынған уақытта жанымызға шипа, дертімізге дауа іздеп емхананың есігін қағатынымыз ақиқат. Әрине, осы орайда ақ халатты абзал жандардың еңбегінің айрықша екендігін айта кеткен жөн болар. Өйткені, ауырып, ем іздегенде жылы шыраймен дереу көмек көрсетуге ұмтыла жөнелетін мейірбикелердің мейірімге толы жүзін көргенде дертіңе дауа тапқандай күйге бөленесің.
Ал қазіргі таңда, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты індет індеп тұрған уақытта медицина қызметкерлерінің атқарар жұмысы тіптен ауыр десем артық айтпаған болар едім. Қарусыз майданда от кешіп жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі қандай құрметке болса да лайықты екені сөзсіз.
12 мамыр-Халықаралық мейірбикелер күні. Бұл күннің тарихын көбісі біле бермейді. 1971 жылы Дүниежүзілік Медбикелер Кеңесінің ұйғарымымен бастау алып, содан бері Медбикелер күні деп аталып келе жатқан осы күнді ресми мереке ретінде атап өту бүгінде дәстүрге айналды. 12 мамыр – медбике ісінің негізін салушы, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туылған күні. Бұл кім десеңіздер, Флоренс Найтингейл Қырым соғысы кезінде (1853-1856) тұңғыш болып мейірбикелер қызметін ұйымдастырған абзал жан. Сондықтан Халықаралық Мейірбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейірбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланып келеді.
Біздің киелі өңірде де мейірбикелер күні ескерусіз қалған жоқ. Атаулы датаға байланысты біздің ауданда да салтанатты жиын болып өтті. Жиынға «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыс-керлерінің салалық кәсіптік одағы Респуб-ликалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бахтияр Валиханұлы келіп, өңір мейірбикелерін мерейлі мерекемен құттықтады. Сонымен қатар бес ақ желеңдіге-35 мың теңгелік сертификатты табыстаса, бұдан бөлек 5 мейірбикеге Алғыс хат және сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, 7 мамыр Отан қорғаушылар күнін де ескерусіз қалдырмаған ол бес ер азаматқа Алғыс хатпен қоса сыйлық табыстады. Ақ халаттылардың еңбегі еленген жиын соңында аурухана директоры Дәурен Иманәлиев аурухана іргесінде ұзақ жылдар қатарынан талмай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер мен аурухана бөлімдерінің әрқайсысына ақшалай сыйлықтар табыстады.
«Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде» демекші, ақ ниетімен халыққа адал қызмет етіп келе жатқан аудандағы мейірбикелер мерейі осылайша асқақтады.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ, «Балқаш өңірі».