Мемлекеттік тілдің мәртебесі артуда
Алтынай Талғатқызы, «Балқаш өңірі».
Біздің мемлекеттік тіліміз-ол қазақ тілі екендігі баршаға мәлім. Міне, биылғы жылы ел болып еңсемізді түзеп, егемендігімізді алып, іргемізді бекіткенімізге 30 жыл толғалы отыр. Халқымызда «Отызында орда бұзар» деген мағыналы тіркес бар. Осы уақыт аралығында мемлекет қалай өркендеп дамыды, гүлденген Қазақстанды алпауыт мемлекет ретінде дүниежүзі қаншалықты мойындады және бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілдің мәртебесі қаншалықты артты деген сауалдар бізді әлі де алаңдататыны сөзсіз. Расыменде, қазіргі уақытта мемлекеттік тіл мәртебесенің анағұрлым артқаны белгілі. Осы орайда, қазақ тілі-ол ел Тәуелсіздігімен қатар жүретін егім ұғым десем артық айтпаған болар едім.
Иә, еңселі еліміз егемендік алып, Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан сәтінен бастап, республика халқының мемлекеттік тілге деген құлшынысы артып, ана тілін үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге деген патриоттық талпыныс халықтың ынта-жігерін арттырғаны рас.
Қазақ тілін үйренгісі келетін барша азаматтарға қазіргі таңда ешқандай кедергі жоқ деуге болады. Тек мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныс, талпыныс болса жетіп жатыр. Бұл сөзіме дәлел ретінде, қазіргі уақытта ана тіліміздің контентін арттыруға бағытталған және қазақ тілін үйрететін түрлі сайттарға деген сұраныстың артқанынан-ақ байқауға болады. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан әртүрлі сайттар, мобильді қосымшалар әрі қарай жетілдіріліп, азаматтардың мемлекеттік тілді емін-еркін меңгеруіне мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған түрлі шаралар іске асырылып, қарқынды жүзеге асуда. Әрине, бұл тұрғыда республика көлеміндегі Тіл сарайлары мен Тілдерді дамыту басқармалары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың қомақты екендігін мойындаған жөн.
Сонымен қоса, аталған мекемелер тарапынан ұйымдастырылатын түрлі мемлекеттік тілдегі байқаулар да тіл мәртебесінің артуына ерекше ықпал етуде. Осыдан-ақ, қазақ тілінің мәртбесінің анағұрлым артқанын байқауға болады. Иә. Бұл көңілқуантарлық жәйт. Бүгінгі күні еліміздегі қалалардың қақ ортасында орналасқан түрлі плакаттардағы қазақ тілінде жазылған мәтіндердің қателері де азайғанын байқауға болады. Әрине, бұл мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдар бедерінде жеткен жетістігінің айқын дәлелі, анық көрінісі.
Мемлекеттік тіл мәртебесінің артқанын мынадай жай ғана мысалдардан да аңғаруға болады. Мен өзім Алматы облысына қарасты, Балқаш ауданының тумасымын. Қазіргі уақытта өзім туып-өскен өңірде аудандық «Балқаш өңірі» газетінде еңбек етудемін. «Еңбектің наны тәтті» демекші, мен секілді қызмет етіп жүрген кез-келген азаматтың айлық еңбекақысын алуға асығатыны сөзсіз. Иә, еңбекақымызды біреулеріміз қолма-қол ақшамен пошта торабынан алсақ, ал ендібіріміз жалақы карточкасынан, яғни арнайы банкоматтар арқылы аламыз. Міне, менде өз жалақымды алуға барғанда басқа азаматтардың жалақы алып жатқанына куә боламын. Әңгіменің астарында не айтқым келді? Мен секілді басқа да қызметкерлердің банкомат бетінен қазақ тілінде ақпарат алуды таңдағанын көргенде ерекше күйге енемін. Өйткені, осы бір жай ғана мысал мемлекеттік тілге деген сұраныстың артқанына дәлел.
Алматы қаласы-армандар қаласы. Бұл қалаға еліміздің түкпір-түкпірінен сан мыңдаған жастарды үлкен арман жетелейді. Жалпы, жастардың ана тілге деген құлшынысының артуына ең әуелі ақ сүтін берген анасы, одан кейін тәрбие берген отбасы, және ең соңында жүрген ортасының ықпалы зор. Яғни, бұл алып қалада орналасқан азық-түлік дүкендеріндегі сатушылар, түрлі ойын-сауық орталығындағы қызметкерлер, тіпті күзетшілердің де жастардың ана тіліне деген құлшынысын арттыруға үлес қосатыны анық. Олай дейтінім, осындай қоғамдық жерлерде қызмет ететін түрлі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде жауап қайтарғанында немесе мемлекеттік тілде әңгіме өрбіте бастағанында кез-келген жастың ой-санасындағы қазақ тілге деген құрметі одан әрі арта түсетіні анық. Бірақ, соған қарамастан біз қолына найза алып жауға шапқан, Тәуелсіздіктің ақ таңы үшін жанын қиған батырлардың ұрпағы екенімізді естен шығармағанымыз абзал. Біздің ұлттық құндылықтарымыздан бастау алатын мемлекеттік тіліміз бен дініміз бұл ата-бабалардан қалған аманат. Жас ұрпақты, еліміздің болашағын жарқын ететін жастарды біз тал бесіктен бастап тәрбиелесек, ана тілін ана сүтімен дарытсақ, мемлекеттік тіл мерейінің үстем бола түсетіні хақ.
«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» демекші, ойымызды мемлекеттік тілде дамытып, қазақша сөйлеп, қазақ тілін құметтейік дегім келеді. Өйткені, қазақ тілі біздің халқымыздың ұлттық болмысынан бастап түсінік беретін халқымыздың баға жетпес байлығы, басты қазынасы. Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер-мәңгүрт екенін естен шығармай, өз тілімізде құрметтеуге асығайық.