ТІЛ-БАҒА ЖЕТПЕС ҚАЗЫНА

ТІЛ-БАҒА ЖЕТПЕС ҚАЗЫНА

Алтынай СЕЙТКЕН, «Балқаш өңірі».

Ана тілі-ең әуелі әрбір адам баласының бойына ана сүтімен бірге дариды. Шыр етіп өмір есігін ашқаннан кейін, тіліміз жаңа шыға бастаған мезетте бірінші «Ана» деген  аяулы сөздің өзін ана тілінде айтамыз. Өзіміз өсіп-өніп, тәлім-тәрбие алған шаңырақта да халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, тарихи құндылықтарымызды бойымызға сіңіреміз.

Снимок.JPG

Мектеп табалдырығын аттаған уақытта да алғашқы ұстазымыз қазақ тіліндегі кітап «Әліппені» қолымызға ұстатты. Сол кезде ең алғаш рет әріптің жазылуын, айтылуын түсіне бастадық. Ең бастысы әріптерді қосу арқылы әлемдегі ең бай тіл- қазақ тіліндегі қастерлі сөздермен таныстық. Одан кейін, қолымызға ана тілін алып, бастауыш сыныпты бітіргенше сол кітаппен сусындадық. Иә, иә алғаш рет танысқан ертегім «Мақта қыз» туралы да осы Ана тілінен оқып білген едім. Сонымен қатар, басқа да түрлі аңыз-әңгімелер, ертегілер мен қисса-дастандарды оқи жүре, менің мемлекеттік тіл-қазақ тіліне деген шексіз құрметім сол кезден-ақ басталып кетті. Тіліме деген шексіз құрметімнің оянуына ең алдымен қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім арқау болса, мұнан соң қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп-оқуыма септігін тигізген ұстазым-Жұмакүл Елшібаеваның да үлесі зор болды. Мектеп қабырғасында Жұмакүл апайымыздың ұйымдастыруымен өткен түрлі дөңгелек үстелдер мен іс-шараларда біздің ана тілімізге деген құрметіміз одан сайын арта түсті.

Қазақ тіліне деген ықыласымның артқаны соншалық, көшеде ілінген вилборттардағы қазақша жазылған нақыл сөздер, мақал-мәтелдер мен тәмсілдерді оқып, сөздердің қатесіз жазылғандығына айрықша мән беретінмін. Көше ортасында ілулі тұрған плакаттарда қазақша жазылған сөздерден қателік көрген сәттерде қатты қынжылатын едім.  Осындай қателіктердің мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің шұбарлануына әкеп соғатыны белгілі еді.  Өйткені, әрбір сөздің тұңғиығында қазақ халқының мәдениеті, тұғырлы тарихы, өнегелі өнері, ән-жыры, ауыз әдебиеті мен біздің еркіндігіміз бен Тәуелсіздігіміз сияқты құндылықтар  бар.

557464_1480307286.jpg

Жаңалықтың жаршысына айналған көгілдір экран-теледидардан қазақ тіліндегі бағдарламаларды қуана тамашалайтынмын. Әсіресе, «Қазақстан» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Мая Веронскаяны өзіме үлгі тұтатын едім. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері және "Тіл жанашыры" құрмет белгісінің иегері  Аслы Осман мен айтыскер ақын Надежда Лушниковалар жайлы әңгіме мүлдем бөлек. Осы кісілерге бала күнімнен қатты қызығатынмын, әлі күнге дейін пір тұтамын.

Неге дерсіз?! Өзге ұлт өкілі бола тұра, өздері туып-өскен қазақ жерін үнемі мақтан тұтады. Мемлекеттік тіліміз қазақ тілінде анық сөйлеп қана қоймай, сонымен қоса тіл жанашырларына айналған жандар. Сірә, туған топырақтың, ана тіліне деген зор сүйіспеншілігінің әсері болса керек-ті.

Осындайда батыр Бауыржан Момышұлының «Қазақ тілі-сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм-құятын кемел ғажайып тіл» деген нақыл сөзі ойға оралады.  Мемлекеттік тіл-қазақ тілінің мәртебесі-біздің мәртебеміз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Міне сондықтанда, тіл – қай ұлтта, қай елде болсада ең қастерлі, ең құдыретті баға жетпес қазына. Осы бір тағылымды сөзді ұстаздарымыз мектеп қабырғасынан бастап санамызға сіңіріп, мемлекеттік тіліміз-қазақ тілінің мәртебесін айшықтады. Абай, Мұхтар, Шәкәрім сынды ақын-жазушылардың шығармаларымен сусындап, еліміздің болашағы-қазақ тілінде екенін ұғындық.

Бірақ, «Әттеген-ай» дейтін сәттерде жоқ емес. Әсіресе қазақтың ұл-қыздары қоғамдық көліктерде  жол ақысын төлегенде «Возьмите пожалуйста» деп орыс тілінде тіл қатқанын естігенде, сонымен қатар азық-түлік және киім-кешек дүкендеріне, ірі сауда орталықтарына да бас сұққанда жастарымыздың бір-бірімен орыс тілінде сөйлескеніне жиі куә болып жатамыз. Тіпті, такси жүргізушілерінің де жолаушыларға сөз арасында «Девушка, қайда барасыз?» немесе «Сізге до дома ма?» деген сөздерді құлағымыз шалып тұратыны да рас. Базар аралағанда да қара көз сіңлілеріміз бен әпкелеріміздің «Проходите, посмотрите» деген сөздерін де естіп кете барамыз. Сондай сәттерде шыныменде қынжыласың. Себебі, қазақ тілінің шұбарлануы осындай дүниелерден бастау алады емес пе?!

Өз халқының қадір-қасиетін ұға білген жан ана тілін аяқ асты етпейді, өзге тілді де өзекке теппейді. Қазақ тілінің байлығы-қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез келген елмен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады.

                                                                                                          

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр