Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Топар ауылдық Мәдениет үйінің қызметкер-лерінің ұйымдастыруымен «Ат баптау - ата салты-мыздың жалғасы» тақырыбында ат баптаудың қыр-сырын және жылқы малының ерекше қасиеттерін ұлықтау мақсатында әдеби танымдық іс-шара өтті. Шара барысында ауыл әкімі Қуат Нұрғожаев сөз кезегін алып, өз сөзінде: «Қазақ халқы үшін жылқы - ер қанаты болып саналады. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ батырларының Тайбурыл, Шалқұйрық, Керқұла, Бозайғыр деген арғымақтары болған. Жылқы біздің ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз. Жылқы түлігі туралы таным – түсінігімізді байыту, бүгінгі күннің талабы екенін білеміз, бүкіл қазақ баласының қиялын тербеп, мықтылыққа, сұлулыққа тәрбиеледі. Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ даламызды жаудан аман сақтау үшін ат жалына жармасып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған. Халқымызда «Ер қанаты - ат», «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» - деген қанатты сөздер текке айтылмаған» деп, ат баптау туралы бірнеше деректерден мысал келтіріп, ұймдастырылып жатқан іс-шараның тәрбиелік маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Келесі болып сөз кезегін алған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ернат Тапанов та ат баптаудың қыр-сырына толығырақ тоқталып, өзінің бала кезінде мінген сәйгүліктері туралы әңгіме өрбітті.
Осы орайда айта кетер болсақ, қазіргі уақытта жастардың көбі жылқыны тек теледидардан ғана көреді. Сондықтан бүгінгі жастарға жылқы малының тектілігі жайлы ақпарат берілетін мұндай шараларды өткізу-олардың танымын кеңейте түспек.
Шыңғыс ҚАШАҒАНҰЛЫ,
Топар ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.