«ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ІЗІНЕН...»

Ахмет Қуанышбекұлы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.

 

Тамырын тереңге тартқан тарлан тарих дастанының өткен ғасыр  парақтарын аударсақ, Жетісу өңіріне танымал айтулы ақындардың бірі, халық ақыны Балтағұл Бигелдіұлының сарқылмас қазыналы бай мұрасы, дестелі ойы, кестелі өлең-жырлары, толғау-дастандарынан сусындап, өз заманында басшылық қызметтер атқарып, арқасүйер артқы жұртына тірек болып, халқына адал қызмет еткен ардақты жанның ғұмыр кешкен дәуірінің лебімен тыныстағандай боласың.

Балтағұл ақынның биыл – 130 жылдығы.

 

001 (1).jpg

Байтақ Балқаш жерінің Іле өзенінің арғы бетін жайлаған Тарақ елі - Жалайырлар, бергі бетін жайлаған Абақ елінің Ысты руларына өзінің азаматтығымен, ақындығымен, әділетті болыс-тығымен құрметтеліп, белгілі болған Балтағұл Бигелдіұлының ғұмыр кешкен 90 жылдық өмір өткеліндегі деректерге сүйенсек, ол Балқаш елінің Желтораңғы жерінде, Іле өзенінің жағасында, Күрті-Балқаш өңірін жайлаған жалпақ жұртқа аты әйгілі болған, өз заманында елі қадір тұтқан, қарақылды қақ жарған әділ би, айтыскер ақын, емші-сынықшы Бигелді Жошыұлының отбасында дүниеге келген. Балтағұл жастайынан арабша, латынша, орысша хат танып, шежіре, тарихтан, әдебиеттен оқып, біліп-түйгенін зерделеп, қазақы ауылдың өзіне тән қаймағы бұзылмаған салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қанық болып, мұсылмандық иман шарттарынан да мағлұмат алып, діни сауатын жетілдіріп, Мұқтасар мен Құранды толық оқып, Ислам дінінен хабардар болып өскен. Табиғатынан өнерге бейім ол  сырнай тартып, ән салып, күй шертіп, қазақ, қырғыз, татар халық әндерін жақсы орындайтын болған. Ел ішіндегі айтыстарға қатысып, айтыскер ақындығымен, жиын-тойларда жауырыны жерге тимеген палуандығымен де  аты ерте танылған Балтағұл Бигелдіұлы атамұра кәсібі -  қаршыға ұстап, құсбегілікпен, сәйгүлік баптап, атбегілікпен тазы жүгіртіп, аңшылықпен айналысқан саяткер атанған. Атжалын тартып мінген шағында-ақ, ел аузында «біздің Балтағұл-сегіз қырлы, бір сырлы ғой, шіркін!» деп елі сүйінген мақтауға ілігеді. Бұл жайында баласы Ізбасар Балтағұлұлының «Өмір дастан» кітабында сол кездердегі ат шаптыру, ас беру сияқты қазақтың ұлттық әдет-ғұрпының ең бір парасатты жиындарын басқарып, шаршы топты қақ жарып, шешендігімен танылғандығы, әсіресе, Жалайырдан шыққан Сүндетбай болыстың асын басқарып, сол жиында бәйгеге ат қосып, ат үстіндегі шеберлігін көрсеткендігі де айтылады.

Өлеңге құмар бала Балтағұл  ата-жұртына кіндік қаны тамған жері, ел іші- алтын тұғырына деген перзенттік махаббатын жүрек бесігінде тербетіп, бозбала шағынан бастап,  отты өлеңдерін жер жәннаты Жетісу көгінде жыр қанатында самғатып, жұртшылықтың жүрегіне нұр құя білген ақын. Балқаштағы Медет, Жұбай, Қалқабай, Бақыбай, Қағазбек, Бұқпантай ақындармен тең жүріп, Әбдіхан секілді ақындарға бас болып, өлеңмен елді бірлікке, елдікке шақырып, жаңашыл іске бас болған. Ол «Қазақтың 100 биі» деген кітапқа есімі енген әкесі Бигелдінің шешендік сөздері, мақал-нақылдары, өлең-термелерінен сусындап, өмірден жиған-тергенін, тоқып білгенін ел игілігі жолындағы кемелді істерге жұмсап, ел алғысына бөленеді.

«Біреуде ақың кетсе, Бигелдіге бар» деп, елі сенім артқан, ердің құнын, нардың жүгін, даудың пұлын екі ауыз сөзбен шешкен әкесі Бигелдінің билік үрдісіндегі ел ішіндегі алдына келген жүгінушілердің даулы мәселелерін, арыз-шағымдарын талқыға салып, таразыға түсірген тоқтам, шешіміне қатысып, «әділдік, төрелік, шыншылдық, бітімгерлік» өмір мектебінен сабақ алып, шайырлық, шешендік өнерін шыңдай түседі.

Ел басқару жұмысына да араласып, кейін Жетісуда  Кеңес үкіметін орнатуға да белсене қатысады. Алғашқыда ауылда қосшылық қызметтер атқарса, кейінірек халық ақыны Кенен Әзірбаев Қордай болысында ревком болған тұста, Балтағұл Бигелдіұлы Сартауқұм болысында ревкомдық қызмет атқарып, екі ақынның жақындығы осы жылдардан басталып, қос бәйтеректің өмірдегі де, өлеңдегі де егіз жолдары осылай сабақтасқан. Сол тұстары Мойынқұм ревкомын ашу кезінде Ақши селосының маңындағы Сартауқұм өңірінің ең ірі байы, Жетісудың феодалы атанған, мыңғырған малын Совет үкіметінің қажетіне жаратқан ізгі-ниетті Ғали Ордабаев сынды ақжүрек жанмен де (ол кісі Қазақ ССР-нің халық әртісі, көркемсөз оқу шебері Гүлжахан Ғалиеваның әкесі) үзеңгілес болған.

Баласы Ізбасар ағаның айтуынша, Балтағұл әкеміз Жотада тұратын атақты Малдыбай тұқымынан шыққан, аттары қырғыз-қазаққа жайылған әкелі-балалы Қасабек-Мамыт болыстардың туысы Мәделі байдың Мария атты қызына үйленеді. Ол кісі өте көрікті, ақылды, арабша-латынша оқы-ған, Құранды жатқа білетін, қазақ әйелдеріне тән жақсы қасиеттердің бәрін бойына жинаған кісі екен. Киімді өзі пішіп, өзі тігіп, үй жиһаздарының, киіз үйдің бүкіл жасау-жабдығын өзі әзірлеген. Киіз басу, текемет, алаша, басқұр, кілем тоқу, ши орау сияқты өте күрделі өнердің бәрін игерген. Он бір құрсақ көтерген кісі екен. Балаларының көбі жастай шетінеп, тек ұлы Ізбасар, қыздары Ажар, Қуан үшеуі ғана ер жетіп, үйлі-жайлы болған.

Балтағұл Бигелдіұлы рев-комдық қызметте жүргенде,  белгілі Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ораз Жандосов, Жұ-баныш Бәрібаев, То-қаш Бокин сынды тарихи тұлғалармен де танысып, олардың басшылығымен мемлекет және қоғам қызметтерінің қыры мен сырына терең бойлайды. Ол өзінің кіндік қаны тамған жері,  ата-жұрты Желтораңғысын ұжымдастыруға, әр-түрлі шаруашылық жұмыстарында, сауда, дайындық меке-мелерінде де  бас-шылық қызметтер атқарған.

Осы орайда ойымызды айқындай түсу үшін Балтағұл Бигелдіұлына қатысты осындай деректерге толы туындылардың біріне ғана, жерлесіміз, желтораңғылық Тұрғанбай Тай-шанұлының «Желтораңғы» атты жас ұрпаққа аманат-естелік кітабындағы мына бір жолдарға назар салалық.

Тұрғанбай ағай жоғарыда аталған кітабында сонау ел басына күн туған, қиын-қыстау кезеңдегі ауылдағы ел тірлігін былай баяндайды: «1930-1933 жылдар ашаршылық Желтораңғы жеріне де келіп жеткен. Жергілікті тұрғындар не істерін, неден бастарын білмеген, ағайындар жиналып, бір-бірінің үйіне барып ақылдасқан. Ауылда Балтағұл деген әкеміз болған. Осы кісінің бастауымен ауыл жұртын жиыстырып, қиыннан қиыстырып, елдегі ер-азаматтардың басын қосып, өзен-көлдерге ау салғызып, қауға тартқызып, аң-құсқа қақпан-тұзақ құрғызып, балықтың неше түрін, сондай-ақ қоян-қырғауыл, түлкі-қарсақ аулатқан. Осылай Балтағұл Бигелдіұлы ауылдан аңшы дүкенін ашқызып, ауға, қақпан-тұзаққа, қауғаға түскен балық-қоян, қырғауыл, түлкі-қарсақ, ондатр терісін дүкенге өткіздіртіп, отбасы жағдайларына қарай, бала-шаға санына байланысты азық-түлік беріп, елінің әл-ауқатының көтерілуіне ер-ен үлес қосқан. Бұл жайында «ашаршылық жылдардағы Балтағұлдың халықты аман-сау алып қалудағы еңбегі өте зор еді» деп, әкелеріміз бен шешелеріміз риза болып айтып та отыратын. Менің әкем де өзі атып алған, түз тағысы, қызыл жолақты үлкен жолбарыс терісін Балтағұл әкеміздің дүкеніне өткізгендігі жайындағы оқиғаның қалай болғанын рет-ретімен айтып берген еді.

Балтекең әкемнің жолбарыс атып алғанын сол күні жоғарыдағыларға рация ар-қылы жеткізіп, хабардар еткен. Кейін жоғары жақтағы басшылықтан арнайы өкілдер келіп, жолбарыстың атылған жерін көріп, сыйлыққа Балтағұл атамыздың қолына он алтыншы калибрлі қос ауыз мылтық тапсырып, сонымен қатар оқ-дәрі, азық-түлік берген екен. Бұл шамамен 1935 жылдары болуы керек. Әкемнің  атып алған жолбарысы Желтораңғы жеріндегі соңғы жолбарыс болған екен» дейді автор.

Иә, айта берсек, халық ақыны Балтағұл қарияның ақындығынан былай, нардың жүгін жұмыла көтерген, еліне сіңірген еңбегі, қалтқысыз қызметі жетерлік.

 «Атаның ғана ұлы емес, адамның ұлы» бола білген, халқының қалаулы ұлы, елі сүйген, елін сүйген, атына заты сай, әкесінің ізгілікті жолын жалғастырып, ізін басқан Ізбасары секілді халқына қамал, еліне тұтқа болған қайраткер, арда азаматты тағылым тұғырынан түлетіп ұшырған аяулы әкенің, халық ақыны, балқаштың Балтағұлының осындай өнегелі өмір жолы, ұрпақтары үлгі тұтар өрісті істері, өшпес іздері – тарих тағылымы.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр