Ұлы Отан соғысы кезінде ауданымыздан 3000-нан астам тепсе темір үзетін азаматтар қан майданға аттанды. Отан үшін отқа түскен жерлестеріміздің тек мыңнан астамы ғана елге оралды. Сондай ардақты ақсақалымыздың бірі-тартысқа толы ғұмырында басынан небір қиындықтар мен ауыртпалықтарды өткізген соғыс және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы, Миялы ауылының тұрғыны Әбдіхан Рахымұлы.
Отан үшін отқа түскен ардагер Әбдіхан атаның өмір жолы мен майдан даласында көрсеткен ерен ерлігі жас ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге.
Ардақты ардагер аудан-ымыздың Ақтоғай деп аталатын шағын ауылында дүниеге келген екен.
Әкесі-Рахым Дарханбаев пен анасы-Қапаш Шыныбекова екеуі қарапайым отбасында өз балаларын болашаққа үмітті етіп, патриоттық тәрбиеде өсірген көрінеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда Рахымның шаңырағынан бес бірдей азамат Отан қорғауға аттанады. Осы шаңырақтың үлкені Балабай соғыста политруг болса, Әбдіғали өз мергендігімен көзге түседі. Ал Көккөзі қан майданда қаза болса, Әбдімырза сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен екен. Осы ағаларының соңынан кенже ұлы Әбдіхан 1944 жылы қан майданға аттанады. Ол Белорусь майданында, атақты қолбасшы Рокосовскийдің армиясында Берлинді алу жорығына қатысып, Эльба өзенінің бойында Жеңіс күнін қарсы алады. Содан әскер қатарында болып, туған жерге 1947 жылы оралады.
Мұнан кейін Әбдіхан ата әскерден келдім деп, қол қусырмай, қоғамнан шет қалмай ел тірлігіне белсене араласып кетеді. Алғашында тауарлы сүт және қой фермаларында есепші, кейіннен «Қызыл отау» меңгерушісі, ауылдың комсомол ұйымының хатшысы болып еңбек етеді. 1954 жылдан бастап сол кездегі Куйбышев атындағы колхоздың сиыр фермасын басқарады. 1957 жылы совхоздар құрылған тұста «Бақанас» асыл тұқымды дегерес қой совхозына аға шопан болып орналасады.
Абыз ақсақал шопан бола жүріп, қой тұқымдарын ас-ылдандыруға да үлкен үлес қосады. Атақты «Дегерес» қойын өмірге енгізген ғалымдармен бірлесе еңбек етіп, осы асыл тұқымды малды өсірушілердің бірі атанады. Отанымыздың сол кездегі астанасы болған Москвадағы Бүкілодақтық ауыл-шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне өзі апарған дегерес қошқары таза элита жүні мен тірі салмағы 135-137 кг тартып, көрмеден І-ші дәрежелі Алтын медалімен марапатталып, ақшалай сыйлықпен оралған екен.
Еңбек демалысына бір орында тапжылмай 32 жыл еңбек етіп, осы «Бақанас» асыл тұқымды дегерес қой совхозынан шығады. «Еңбектің де зейнеті бар» демекші, еселі еңбегі еленеді. Осылайша, табысты еткен еңбегі жемісті болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Лениннің 100 жылдығы» медальдары мен көптеген мақтау Грамоталарының иегері атанады.
Тағы да бір айта кететін жайт, ардақты ақсақал қазақтың дана перзенті Д.Қонаевтың №27 Бақанас сайлау округі бойынша сенімді өкілі болып, Ел ағасымен сырлас, сыйлас бола жүріп, бір табақтан дәм татқан екен. Бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңеске депутат болған. 1971 жылы Қазақстан Компартиясының ХІІІ-съезінде делегат болып сөз сөйлеген. Көп жылдай №1 фермада цехтық партия ұйымының хатшысы болып, қоғамдық жұмыс ретінде қосымша атқарған.
Жүзі имандылық пен нұрға толы Әбдіхан қария бүгінде Миялы ауылы тұрғындарының ақылшысы. Зейнеткермін деп үйде жатып алмай, талай жыл ақсақалдар алқасының төрағасы мен «Алланың» жердегі үйі «Атайбек қажы» мешітінде бас имам болып, діндік жолды ұстанды. Сондай-ақ, халық арасында дінді кеңінен насихаттады. Ал 1957 жылдан бастап аудандық басылым-«Ленин туы» газетінің, бүгінгі күнгі ауданымыздың айнасы-«Балқаш өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі. Бұл әңгіме кейіпкерінің көпшілік біле бермейтін бір қыры десек те болады. Ол жөнінде әңгіме бір төбе.
«Жақсының-жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына жетіп отырған ардагер-Әбдіхан атаның ерен ерлігі өлшеусіз. Сол себепті, Әбдіхан атамыз қандай құрметке болсын лайықты.
Алтынай СЕЙТКЕН,
«Балқаш өңірі».