Ұлы Жеңіске-75 жыл! «ЕРЛІКТІҢ ӨШПЕС АЛАУЫ - ЖЕЛБІРЕ ЖЕҢІС ЖАЛАУЫ!!!» Зәуреш Демеуқұлова, ауданның

Ұлы Жеңіске-75 жыл!

«ЕРЛІКТІҢ ӨШПЕС АЛАУЫ - ЖЕЛБІРЕ ЖЕҢІС ЖАЛАУЫ!!!»

Зәуреш Демеуқұлова, ауданның Құрметті азаматы, «Үздік өлкетанушы».


Заңғар көгімізде айбынды асқақ рухтың символындай, ерліктің өшпес алауы, жасампаз Жеңіс жалауы желмен ойнап, желбіреп, жерімізде бейбіт күннің салтанат құрғанына да биыл - 75 жыл.

Иә, осыдан 75 жыл бұрын қаралы күннің түндігін түріп тастап, зарыға күткен Жеңістің «сүйінші!» хабарын ала келген, ару көктемнің ақеркесі, ақжолтай мамырдың күнтізбесінің бірінші күні, бұл күнде Қазақстан халқының бірлігі мейрамымен басталып, мерейлі мереке Жеңіс күнінің шуағына бөленген дүбірлі тойға ұласып келеді.

9 мамыр – Кеңес халқының туған жерін, елін, одағын, Отанын қорғау жолында қолына қару алып, 1418 күн мен түнге созылған қанмайданда қаһармандықтың өшпес ерліктің ерен үлгісін танытып, Жеңіс шыңына жеткен күні!

Бұл Жеңіс – ұлықты ерліктің мерекесі, айнымас елдіктің мерекесі, мызғымас бірліктің мерекесі, жасампаз жеңісті жақындатқан тылдағы тың еңбектің мерекесі! Ел қорғаған Совет жауынгерлерінің майдан даласында отқа оранып, жалын құшып, оққа ұшып, жауыменен белдесіп, ажалменен беттесіп, төккен терімен, аққан қанымен, қыршынынан қиылған қаншама жас ғұмырдың құрбан еткен жанымен, асқақ арманын байрақ етіп, отбасы, Отан алдындағы перзенттік парызын, азаматтық борышын өтеудегі ерлеріміздің әппақ-адал арымен жеткен Жеңіс!

Баласынан айырылып аңыраған ананың, қайғы жұтып, аһ ұрған шерменді әкенің, жақынын жоқтап, боздаған бауырдың, қара жамылып, қасірет шеккен жесірлер мен жетімдердің көзжасы, қайғы-мұңының куәсі болған, дауылды, боранды, ызғарлы, қиын да қыстау, құз-жарлы тарихтың өткелінен өтіп, жетті бұл Жеңіс!!!

Кейінге шегініп, тарлан тарихтың беттерін парақтасақ, ел басына қаралы күн туған Екінші дүниежүзілік соғыста «Отан-Ана Шақырады!!!» ұранын ту етіп, елін, жерін қорғауға күллі Кеңес халқы жұмыла көтеріліп, осы бір шешуші кезеңде ұлы дала төсінде ұран салған ұлылардың ерлігін Қазақстандықтар тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тарих дерегіне сүйенсек, Ұлы Отан соғысына Қазақстан халқының 20 пайызы, 1200000-ға жуық отандастарымыз қатысып, ел рухын асқақтатты. Өшпес ерен ерліктің үлгісін танытқан 528 қазақстандық, оның ішінде төрт қазақ екі мәрте «Кеңес Одағының батыры» атағын алып, 110000 жауынгер «Даңқ орденімен» марапатталды.

1945 жылы Германияның астанасы Берлинді алудағы жанкешті шайқасқа мыңдаған жерлес әскерлеріміз қатысып, 30 сәуірде кеңес әскерлерінің алдыңғы сапында қызыл әскер, қатардағы жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа бірінші болып жетіп, оның қабырғасына Жеңіс туын қадаған қаһарман қазақ перзенті, барлаушылар взводының командирі, гвардия лейтенанты-Рахымжан Қошқарбаев ерлігі Қазақстан даңқын әлемге танытты.

Соғысқа қатысқан 33000 әйел адамдардың қатарында шығыстың қос жұлдызы, мерген қыздарымыз, Кеңес Одағының батырлары- Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, қазақтан шыққан алғашқы жалғыз ұшқыш жауынгер, әріптестерімен әскери тапсырмамен 300-ден астам рет аспанға көтеріліп, жауына жасын ойнатқан «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Жалау» ордендерінің иегері, «Халық қаһарманы», гвардия лейтенанты Доспанова Хиуаз Қайырқызы (лақап аты- «маленькая Катя») сынды аруларымыздың ерлігін ел ешқашан ұмытпақ емес.

Ұлы Отан соғысында тарих тақтасында аттары алтын әріппен айшықталып жазылған, Қабылов Төлен, Луганский Сергей Данилович, Нүркен Әбдіров, Сұлтан Баймағанбетов, Павлов Иван Фомич, Талғат Бигелдинов, Беда Леонид Игнатьевич, Рахымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров, Бауыржан Момышұлы есімдері- ерліктің өшпес алауы!

Ұлы Отан соғысының бірінші аптасының бесінші күні-ақ 42-ші авиация дивизиясы құрамындағы 1 авиация эскадрилия командирі, әуе ұшқыш капитаны А.Масловтың экипажында жаудың танк коллонасына жасын болып түскен, ерлігі елімізге 55 жылдан соң танылған, кіші сержант, «Ресей батыры», «Қазақстанның Халық қаһарманы» Бақтыораз Бейсекбаев- Балқаш перзенті.

Сондай-ақ туған ел тарихында қаһармандықтың шынайы үлгісін танытқан, ерлігі- дастан, даңқы- асқақ, мерейі- асқар қос батырдың бірі-Мұсабек Сеңгірбаевта Балқаштың төл тумасы. Ол- 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, генерал-майор В.И.Панфиловтың басшылығымен жасақталған Алматыдағы 316- атқыштар (8- гвардиялық) дивизиясының құрамындағы төрт қазақтың бірі. 1075- атқыштар полкінің қызыл әскері- «Артымызда Москва, шегінуге жол жоқ!» ұранымен Москва қаласын қорғаудағы 28 Панфиловшылардың сапындағы ерлікпен қаза тапқан ерен ер.

Ел басына күн туған сол бір қиын заманда, екінші дүниежүзілік соғыс тарихында да біздің Балқаш елі де елдігі мен ерлігін, уыздай ұйыған ынтымағы мен бірлігін, берекелі тірлігін танытты.

Біздің ауданымыздан 3185 адам соғысқа аттанып, 1898 адам ұрыс даласында қаза болып, 1287-сі ғана елге аман оралды. Олардың есімдері Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдығына орай жарық көрген «Отан қорғаған Балқаштықтар», «Мәңгілік, мәңгі жас Балқаштық есімдер», «Балқаштық батырларға мың тағзым» атты туындыларда мақтанышпен аталады.

Жеңісті жақындату үшін майданда ғана емес, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен есейген баладан, еңкейген кәріге дейін соғысқа кеткен ер азаматтардың орнында күні-түні еңбек етіп, Қазақстан майданға қажеттінің бәрін беріп, әскерлерді азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ, оқ-дәрі, снарядтармен қамтамасыз етті. Жауға атылған 10 оқтың 7-еуі Қазақстанда, Шымкент зауытында жасалса, танктер мен ұшақтарға қажетті жанар-жағармай да Қазақстаннан жеткізілді. Жекелеген адамдар тіпті қолдарындағы ақшалары мен құнды заттарын да беріп жатты.

Осы орайда алғашқылардың бірі, жинаған қаражатынан 100 мың сом өткізгендер қатарында – ХХ ғасырдың басында әлем чемпионы атанған, қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімін мақтанышпен еске алар едік. Осындай отандастар көтерген бастаманы қолдауда да балқаштықтар аянып қалған жоқ. Атап айтсақ, «Алматы колхозшысы» атты танк коллонасын жасау қорына 1943 жылдың қаңтар айындағы ақпар бойынша аудан колхозшылары 797500 сом жинап, аудан колхозының төрағалары Ақкүшік Асанов 10000 сом, төрағасы Мұқан Ерменбетов 50000, Нүсіп Жетібаев 50000, Оразбаева Қанапия 50000, Сұлтан Бөлекбаев 50000, Дүкенбек Қосымбаев 40000, Бақыбай Әуелбаев 60000 сом, Сұлтан Бөлекбаев, Әкінбай Қоржынбаев, Естай Мәкібаев, Мұқан Ерменбетов, Әшім Әбілдаев, Сағынбек Байтұрсынов, Зипа Қартбаева, Әбуқожап Өмірбаев, есепші Тауықбала Құлынбаева, дүкенші Әлия Байқабақова, өндіріс бригадирі Жақсытай Күдербаева, колхоз төрағасының орынбасары Жүніс Шабақов 20000 сомнан қаржылай көмек беріп, өзгелерге өнеге көрсетті.

«Шаруа», «Молотов», «Ақдала», «Буденный», «Қызыл Октябрь» колхоздарының колхозшылары және аудандық пария комитеті мен атқару комитеті, аудандық жер бөлімі, денсаулық сақтау бөлімі, «Бырынзатрест» және басқа да аудан мекемелері мен колхоз ұжымдары мемлекеттік «Екінші дүниежүзілік соғыс заемына» көптеп жазылып, еңбек ақылай, астық, ондатр терісін, қыстық киім-кешек (шолақ тон, пима, құлақшын, қолғап т.б) азық-түлік, ет, сарымай өткізіп, соғыс біткенше майданға жіберіп отырды.

Осындай игі шараларды ұйымдастыруда аудан белсенділері Байтана Сүгіров, Асқанбай Демеубаев, Қасымбек Тәжібаев, Рақымбай Бейсекбеков, Сәдуақас Дүйсенов, Ж.Оңланбекова, Сейітхан Байбеков, Сәрсен Оспанов,Тойынбет Кәрібаев, Молдақасым Сабырбаев, Алпысбай Текебаев, Әбдірахман Бұлдыбаев, Нүсіп Майшыбаев, Садық Терлікбаев, Айнабек Нұрбаев, Сырлыбай Елеусізов, В.В.Проскураков сияқты тағы басқалар белсенділік танытып, іргелі іске ұйтқы бола білді.

Соғыс жылдары елімізге Волга мен Донбастан жер аударылып келген Ресейлік немістердің бір тобы біздің елге қоныстандырылып, халық құшақ жая қарсы алып, бауырларына басып, бәрін аудан орталығына жинап, артель ашып, жұмысқа орналастырып, көмектерін көрсетіп, оқу жасындағы балаларын мектепке оқуға беріп, қамқорлығын танытты. Осындай Жеңіс үшін таңның атысы, күннің батысы тылда еңбек еткен қариялар мен әйелдердің, еңбек жасындағы балалардың өлшеусіз еңбегінің жемісі- 1944 жылдың қазан айындағы малшаруашылығы арасында ұйымдастырылған Социалистік жарыс қорытындысы бойынша мемлекеттік жоспарды орындаудағы қолжеткізген табысы үшін Алматы облысы бойынша Балқаш ауданы үздік деп танылып, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің ауыспалы «Қызыл Туы» табыс етілді.

«Тек әкелер, сендер ғана лайықсың, хан сарайы, патша тағына»- деп, өлең жолында айтылғандай, бұл күнде сол қанқұйлы соғысты көзімен көрген куәгер, Отан қорғау жолында қару асынып, еліне қорған, жеріне қалқан болып, бүгінгі ұрпағына Жеңіс сыйын тарту еткен, өлшеусіз құрметтің иесі, ардагерден ортамыздағы көзі тірісі Әбдіхан Рахимов әкеміз ғана. Төл тарихтың төріндегі тұлғамыз, ел мерейін асырған, ардақ тұтар асыл жан, соғыс және еңбек ардагері, көптеген марапаттардың иегері, ауданның Құрметті азаматы, ардақты асыл әкемізді бүгінгі Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтап, ерлікке толы ұлағатты өмірін, еңбектегі ғибратты ғұмырын өнеге етіп, кешегі жауынгерге бүгінгі ұрпақтары иіліп, тағзым етеміз. Бұл- Ұлы тұлғалардың ұлылығына көрсетілген құрмет. Бұл- ерліктің өшпес алауы, тарих сыйы, жасампаз Жеңіске көрсетілген құрмет!


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр