ТЕМІРҚАНАТ БАЛАПАН...
Ізтілеу ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
Талай көрдім даңқты, ұлық ерлерді,
Құлқынға құл болып, бәрі жерге енді.
(Жүсіп Баласағұн.)
Кейде тұйыққа тірелген сәттерде мен : «Осындай кездерде әкем болса қалай, не істер еді?»-деп өзіме-өзім сауал қоям да, сол сұраққа артынша әке тұрғысынан жауап іздеп табуға өзімше әрекет жасаймын. Менің әкем қол бастаған батыр болмаса да, сөз бастаған шешен, болыс болған кісі дейді.
Тоғыз жасымда қош айтыссам да, әлі есімде, қариялар жиі үйге келіп тартымды әңгімелер айтатұғын, сонда мен әкемнің тізесіне басымды қойып әңгімелерін қызыға тыңдаушы едім. Әдейі тындасын дей ме, сол тізесінде жатып ұйықтап қалғанша басымды сипап, әңгімесін айтып отыра беретін. Сол әңгімелердің кейбірі есімнен шығып ұмыт қалғанымен, кейбірі еміс-еміс есте қалыпты.
Бірде қыран бүркіт туралы әңгіме айтылды. Жыртқыш құс туралы болған соң қатты зейін қойып тыңдағандықтан ба, біразы жадымда жатталып қалыпты.
-Бүркіт ұзақ өмір сүреді,-деп бастады әңгімесін әкем.-Бірақ ол өзінің ұзақ өмірінде ұяда жатқан әр балапанын небәрі бір рет қана ұшырып үйретеді.Ұяда ұзақ отырған бала бүркіт ұяның ернеуіне шығып тұрып үш рет қомданып қанат қаққаны, «мен ұшуға дайынмын» дегенді білдіргені екен. Үнемі бақылап қарап жүрген ана бүркіт, енді ғана темірқанат болып келе жатқан балапанын қанатымен қағып өтіп, өзі қоса ұша жөнеледі. Балапан бүркітте зәре жоқ, әйтеуір жан-далбаса, қос қанатын қаққыштай береді. Құлдилап төмен қалықтап барады. Бір екі рет биікке қарай ұмтылмақ болып еді, онысынан түк шықпады, денесі төмен тарта беретіндей сезінді. Енді қара жерге барып құлаймын-ау дегенде, осы сәтті күткендей ана бүркіт зулап келіп оның астыңғы жағынан қанатын жайған күйі тік көтеріп, көз жетпес биік аспан тұңғиығына самғап ұшып шықты да, кенет балапанын төмен қарата тастап жіберді.
Алғашқыда әлі де бір рет те қанат жазып, ұшып көрмеген өз балапанын аямайды екен-ау деп қаласың. Бірақ қас-қағым сәтте әлсіз қанаттарын жаюға шамасы келмей, жерге қарай құлдырап бара жатқан балапанды соңынан ана бүркіт бақылап қалықтап келеді. Егер балапан жерге жақындағанша қанатын жая алмаса, онда ана бүркіт оны шүйіліп кеп қағып алады да, қайтадан биік шың басындағы өз ұясына апарып қояды. Бірақ ана қыран шексіз аспан әлемінде өз күш-қуатымен бірден самғап ұшып кете алмаған темірқанат балапанына қайта мойын бұрып қарамайды екен.
Енді әлгі балапан өзінің жер бауырлап жүретін жылан емес, аспан әлемінде құйындап ұшатын қыран екенін тек өз қайратымен, күш-жігерімен ғана дәлелдей алады. Егер оған рухы жетпей қалса, онда қайырусыз қанаттарына қарғыс айтып, үн-түнсіз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасады екен,-деп бітірді әңгімесін әкем.
Иә, сол кездегі қыран құстар туралы айтылған әңгімені, кейін ержеткенде жиі есіме алып жүрдім, әкем маған текке айтпаған екен ғой. Бұнда үлкен ой, бекзаттай мән барын кейін сездім, ақыры әкемнің астарлап айтқан сөзін ұқтым. Ол маған: «Өмір сүргің келсе, өз бетіңмен тіршілік етеуді кәзірден бастап үйрен. Өмір аспанында өз қанатыңмен ұша алатын қыран екеніңді балапан кезінде көрсет. Мен сені сақалың шыққанша сүйрей бермеймін. Жетелеген ит аңға жарамайды. Өз әрекетіңді өзің жаса. Мен қартайдым»,-деп айтқан сөзін шынын айтайын, сол кездегі тоғыз жаста қалған мен ұқпадым. Бірақ, содан бері арада талай жылдар қанатын талдырып өтті. Мен қыран боп өз күшіммен көкке көтеріліп ұша алдым ба, жоқ па? Оны мен айта алмаймын, оны басқалар айтсын. Сонда да болса, өмірбақи аспанға ұша алмай, темірқанат күйімде қалып қоймау үшін барымды салып, жан-дүниемді аямай еңбек жасап келе жатқаным даусыз. Ешкім ешқашан қолтығымнан демеген емес, өз жетер жерім, өз биігім, өз талпынысыммен тырбанып күй кешіп келемін.
Ал, бүгінгі «жаңа қазақтардың» өз ұлдары мен қыздарына жөн-жосықсыз жасап жүрген «қамқорлықтарын» көргенімде әкемнің қыран құстар туралы әңгімесі еріксіз есіме түседі. Әлдеқашан-ақ сақал-мұрты сапсиып шықса да әлі «темірқанат балапан» атанып, әке-шешесінің қолтығынан шыға алмай, рухани мүгедек боп қалған жастармен жолыққанымда көңілім су сепкендей басылып қалады. Өйткені, бүгінгі «жаңа қазақтар» өз балапандарын биік аспан әлеміне шығарып, өмір сынағына салмақ түгілі, шөжелерінің әлсіз қанаттарын өз қолдарымен қиып тастап жүр. Мүмкін, олар өз ұрпағына қамқорлық емес, қастандық жасап жүргенін өздері де зерделей алмайтын шығар, бәлкім. Менің барлық жаңа қазақтарды кінәлауға қақым жоқ және ондай оғаш ойдан аулақпын. Дегенмен ортамызда байқалатын кейбір оғаштықтарды айтпауға қақым да жоқ. Осы айтқаным түсініктілеу болу үшін, кейбір «жаңа қазақтар» туралы бірер мысал әңгіме айта кетейін.
Бірде, бір танысымның үйіне бір жұмыспен бара қалсам, қатты күйініп отыр екен. Аз да болса себебім тиер деген оймен, неге күйінгенін сұрай қойдым. Сол танысым:
-Әлгі жалғыз ұлым бар ғой...-деп бастап кетті әңгімесін. Ұққаным-әкесі жалғызынан аянып қалмаған. Оған Алланың емес, адамның қолынан келетін жақсылықтың бәрін жасаған. Жиырма беске биыл толған осы армансыз жігітте бәрі бар. Одан несі бар деп сұрағаннан, несі жоқ деп сұраған әлдеқайда жеңіл сияқты. Бірнеше қалада үйі, толып жатқан жеңіл машиналары, банкілерде дербес есеп-шоттары, дүкендері, мейрамханалары және ойын-сауық клубтары бар. Бірнеше рет үйленіп те, ажырасып та үлгерді. Жұмыр жердің бетінде араламаған елі, көрмеген қаласы, жүзбеген теңізі жоқ. Өмірдегі адамға арналған ләззаттың бәрінен дәм татып көрген. Алған мамандығының үдесінен шыға алмаса да, бірнеше оқу орнының дипломдары да қалтада. Сырттай қарағанда одан бақытты адам жоқ сияқты. Ал шындығына келгенде, қара жердің бетінде одан бақытсыз жанды іздеп табу қиын шығар?!
Қашанда адал байлық бірден емес, біртіндеп келеді, адамға тер төккізіп келеді. Ондай дәулет өзімен бірге қыруар қуаныш ала келеді. Адал еңбекпен төгілген тердің өзі адам жанын ләззатқа бөлеп, бойындағы таудай құлшыныс, еңсеңді биіктете түседі. Енді ол бұрынғыдан да биік шыңдарға шығуға әрекет жасайды, бір белестен кейін екінші белеске құлшына өрлей түсесің. Өзіңнің бойындағы күш-қуат пен ақыл-парасатыңа деген сенім де осылайша арта береді. Өмір сүру дегеніміздің өзі, өзің үшін ғана емес, өзгелердің бақыты үшін де белестен-белеске шығып, алға қарай ұмтыла беру шығар.
Әлгі «әлемдегі ең бақытты жігіт»-осы айтқандардың бәрінен мақұрым болған бақытсыз жан. Ол ешнәрсеге қызықпайды, ешқандай ұмтылыс жасамайды, ешнәрсені армандамайды. Себебі онда бәрі бар. Баласының өмірден көретін қызығын да, қиындығын да «қамқоршы» әкесі әлдеқашан-ақ алып қойған. Дәлірек айтқанда, өмірдегі өз үлесін місе тұтпай, ашкөздік жасап, баласының өмір-сыбағасын да қоса жеп қойған. Бұлар-адамгершілік, қайырымдылық, сүйіспеншілік, мейірім, т.с.с. Бұл өмірдің қызығы мен қиындығын көрмей, тіршілік үшін күнделікті күреске түспей, ешбір әрекет жасамай, бәрінен тыс қалған шала жігіт ақыры рухы дәрменсіз, қауқарсыз, бейшара күйге түсті. Сол жігіттің көзінен бақыт шапағаты емес, қасіреттің көлеңкесі көрінгендей.
Иә, иә, әрбір адам өзінің бақыт шыңына өз қанатымен ұшып шығуға тиіс. Сонда ғана ол бақыт көгінде емін-еркін қалықтап ұшудың шексіз ләззатын өзінің жан-жүрегімен толық сезінетін болады.
Десек те, тәуелсіздіктің арқасында туған аласапыран кезеңді «ұтымды» пайдаланып, бұрынғы қоғамдық меншікті заңды түрдегі жекеменшігіне айналдырып алып, сол арқылы бірер жылда мыңғырған бай боп шыға келген кейбір «жаңа қазақтар» көл-көсір дүниесін игере алмай қалды. Асып-тасып жатқан ақшасын егеменді еліміздің игілігіне, өндірісіне, болашағына емес, қара бастың қамын күйттеуге аяусыз жұмсады. Ең қатыгездігі сол-олар асыл дініміздің басты қағидасы саналатын қанағат-ынсап ұғы-мын ұмытып кетті. Құлқынға құл болды. Әдетте мұндайлар өзін де, елін де ұятқа қалдырды. Ал, байлық пен билік қашанда бір-бірімен ауыз жаласпақ...
Рас, кейбіреулер кешегі сұрқия заманнан туған дертті бүркеп қалғысы келеді. Соның салдарынан қазіргі кейбір «жаңа қазақтар» бүгін рухсыздық науқасымен сырқаттанып жүр, олар өз тарихын да білгісі келмейді. Өз анасының тілін ұнатпайды, өз ақындарының өлеңін оқымайды, өз сазгерлерінің күйін тыңдамайды, өз ұлтының өнеріне тамсанбайды. Олар өзгелерге табынып үйренген, әлі табына бергісі, жалына бергісі, жалбақтай бергісі келіп тұрады.
Арамызда солай жаралған жандар да аз емес. Қазақта бұрыннан келе жатқан «жарымжан» деген сөз бар. Демек, мұндай «жарты адамдар» бұрын да болған. Қазақ ақыны байырғы «жарымжан» деген сөзді, бүгінгі ұрпаққа түсінікті болу үшін «жарты адам» деп алыпты. Меніңше, тауып айтқан. Міне, сол «жарты адамдар» биліктің тізгінін иеленумен келеді! Олар бәрін қарпып қалғысы келеді. Байлыққа да, билікке де ашкөздік жасайды. Ал, ашкөздік тірі пенденің бәрін киелі рухынан айыратыны мәлім. Рух құдіретін сөз еткенде әлемге аты танымал қазақтың айтулы ақыны Мұхтар Шахановтың мына бір өлең жолдарын іштей қайталай бергің келеді:
Сорласа жұрт, рухсыздан
сорлайды,
Қырандардан биік қойсақ торғайды.
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырымсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы.
Қыран демекші, темірқанат балапан күнінен байқаған адамдарға қырандардың көксеңгір көкте бірде қалықтап, енді бірде мұз басқан шыңға қарай самғауы олардың көңіл-күйлерін айтқызбай-ақ аңғартып тұрады емес пе? Кейде олар көз жетпес шыңға көтеріліп алып, бұлттарға ентелей еніп, біресе бұлттың кез-келген тұсынан жарқ етіп жарып шығып, тас қараңғы шыңырауға түнгі аққан жұлдыздар секілді төмен ағындайды-ау, шіркін! Кейде жеті-сегіз шақырымнан да жоғары көтеріліп, артынша керегедей қанаттарын лезде артқа қарай жинап жіберіп, немесе екі бүйіріне қыса ұстап, мойнын алға созыңқырай шүйіле зымырап, сақпанның тасынан да артық зулайды-ау келіп. Көзді ашып-жұмғанша жерге жуықтап, қонбастан жер бауырлай заулап аңдардың зәре-құтын алып, тым-тырақай қашырып, өзі түгілі көлеңкесі түссе жүректері жарылып кетердей үрейлендіріп, безіп бергендерін қызық көріп, біресе ана қырдан, біресе мына қырды бауырлай, бөктерлей көрініп, бірақ ештеңені де ілместен, тек көлеңкесін байқатып, соған марқайып, жерден көтеріле соққан ауаның ағымымен лезде әуелеп кетеді. Бұл оның жан-тәнімен қуанышқа бөленіп, сайран салып, ләззатқа батқан сәтті болар, сірә.
Шіркін, биіктік жақсы ғой! Еңсең көтеріліп, шаң-тозаңнан, қоқыс-қоқырдан аулақтап, рухың жоғарылап, жаның тазарып, сезімің сергектеніп, арманың асқақтап, ой-қиялың өткірленіп самғайсың-ау, самғайсың!
Түйіндей келгенде, темірқанат балапан күніңнен бастау алып, әлгі де мен айтқан жаңа қазақтың баласы болудың уақытында бас тартып өз күшіңмен, өз қабілет-қарымыңмен самғағанға не жетсін, шіркін! Сонда рухымыздың биіктігін әркезде сезіп жүрер едік-ау!