Рухани жаңғыру ұлттық
мәдениеттен бастау алады
Алмагүл ОСПАНОВА, Миялы ауылдық клуб үйінің меңгерушісі.
Тарихқа үңілсеңіз, әр елдің кемел келешекке ұмтылу жолындағы ізденістері әртүрлі. Әлем мойындаған, тарихи тамыры мықты, жасампаз ұлтқа айналу – сол мемлекетті құраушы кез келген халықтың арман-тілегі. Осындай үлкен жауапкершілік, ұлы мұраттар жолында жаңа идеялар бой көтереді, ізденістер мен жаңаша мақсат-мүдделер тоғысады.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бүкілхалықтық қолдауға ие болуының сыры да осында. Жаңа тұрпатты Қазақстанға қажеті Елбасымыз айтқан «ұлттық код» еді. Расында, ұлттық кодсыз рухани жаңғыру жоқ.
Елбасы айқындап бергендей: «... ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.Бұл-тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы».
Аталмыш мақала аясында «Туған жер» және «100 жаңа есім», «100 жаңа кітап» идеяларының қолға алынып, іске асырылып жатқаны да рухани жаңғырудың нәтижесі. «100 кітап» жаңа қаламгерлердің, жас қаламгерлердің қатарын көбейтеді, қазақ әдебиеті, мәдениеті мен ғылымының тынысын кеңейтеді. Ал, «100 жаңа есім» елдегі жаңа жұлдыздардың жарқырауына мол мүмкіндік беріп отыр. Ол жұлдыз әр саладан, әр өңірден жарқырайды. Осының арқасында мәдениет саласына үздіксіз үлес қосып жүрген бірқатар жандар анықталып, халыққа танылды. Сонымен қоса, бәсекеге қабілетті, талантты, идеяға бай, бойындағы жігері жалындап тұрған кез келген қазақстандыққа танымал болудың, ісін, идеясын алға ілгерлетудің жаңа мүмкіндігі іспеттес болып келеді. Сол себепті де бұл жоба «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» адамзаттың рухани кемелденуіне арналған жоба.
Елбасымыздың сарабдал саясаты ұлтты тағы бір мәрте марқайтты. Ұлттық идея қазақстандықтарды бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы секілді ұлы мұраттар жолында тоғыстырды. Ендігі жерде Қазақстан халқы «замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыруға» ұмтылады.
Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы»-деген сөз.
Рухани жаңғырудың Елбасы атап көрсеткен, Ұлттық бірегейлікті сақтау бөлімінде ұлт үшін қажет өте өзекті жайлар қамтылған. Өркениет көшіне ілесуді әр мемлекет әрқалай, өзінің ұлттық құндылықтарына қарай лайықтап алады. Бүкіл ізгілік әлем халықтарына ортақ, жер шарын мекендейтін бүкіл ел тарих бетінде ең әдемі естеліктермен, ең ізгі істерімен қалғысы келеді. Ол бірақ біреудің қолынан келеді, ал, енді бір ұлт шынайы өмірге әділетті қарау теориясынан ауытқиды. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.
Осы орайда аталмыш мақала аясында мәдениет саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік пен зор сенім жүктеліп отыр. Өйткені, біздер, яғни мәдениет саласының қызметкерлері халқымыздың тұғырлы тарихынан сыр шертіп, ұлттық мәдениетті, ұлттық кодты қалыптастыратын дүниелерді халыққа мәдениет саласы арқылы тереңірек дәріптеп, насихаттай білуіміз керек.
«Рухани жаңғыру» аясында қолға алынып жатқан көптеген игі істер мен мәдени шаралар келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын,
өскелең ұрпақтың өнегелі болып өсуіне мол мүмкіндік береді.