1
Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәлсихатында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы ахуал мен оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы мәлімдеді.
Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір ауытқулар байқалып, ұлттық валюта бағамы әлсірегені атап өтілді. Осыған байланысты, азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдауда.
Нұрлан Байбазаров ұлттық валютаның бағамының түзетілуі тек сыртқы фундаменталды факторлардың ықпалынан туындаған құбылыс екенін атап өтіп, олардың негізгі үшеуіне тоқталды:
соңғы айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі;
мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі;
Ресей рублінің әлсіреуі. Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін ескере отырып, рубль бағамындағы ауытқулар теңге бағамына әсер етуі мүмкін.
«Мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті – азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, олардың әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар», — деп атап өтті Н. Байбазаров.
2
Үкімет ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті реттеу және қорғау есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жалғастырады
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауданы және тарифтерді реттеу есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды жалғастыратынын айтты. Осындай әрекеттердің арқасында Қазақстанда 2023 жылғы жылдық инфляция жылына 20,3%-дан 9,8%-ға дейін төмендегені және 2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 8,4%-ды құрағаны атап өтілді.
«Үкімет жағдайға мониторинг жүргізеді әрі әлеуметтік маңызы бар өнім түрлері бойынша экономикадағы бағаларды тежеуге бағытталған шаралар қабылдайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін қысқы және көктемгі маусымаралық кезеңге қарай жеткілікті көлемде қалыптасқан жаңа өнім қоры шығарылатын болады. Тұрақтандыру қорларының, сауда объектілерінің қоймаларында және ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 29 негізгі түрі бойынша 826 мың тоннадан астам азық-түлік сақталады. Бұл қорлар сақтау мерзімдерін ескере отырып үнемі толықтырылып отырады және еліміздің қажеттіліктерін бірнеше айға қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ жаңа жылдық мерекелер қарсаңында бағаның ықтимал өсуін тежеу үшін қосымша шаралар қабылдануда. Өңірлерде тұрақты ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Қысқы кезеңде және маусымаралық кезеңде бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ақпан айының басында тұрақтандыру қорларынан көкөністерді босатуды бастау жоспарлануда, бұл нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге және баға ауытқуларының алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.
Өңірлік комиссиялар бағаның өсуіне талдау жүргізеді, өнімсіз делдалдар анықталады және сауда үстемесінің асып кету фактілері қаралады. Аталған комиссиялардың қызметі осы жылы бақылау-фискалдық және күштік органдарды тарту есебінен күшейтілді. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықты көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында жақын шетелден ерте көкөністерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылады. Бұдан басқа, сауда саласында бизнеспен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.
3
2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстеледі
«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып жатыр және одан әрі қарай да орындала береді. Бұл – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі», — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров брифингте.
Атап айтқанда, биыл қаңтардан бастап барлық зейнетақы мен жәрдемақылар жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып индекстелуде. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстеледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр.
2025 жылға арналған республикалық бюджетте 42 түрлі әлеуметтік төлемдер бойынша 6 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға көп.
Республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн-ға жуық қазақстандық отбасы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алады.
«2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстеледі. Балалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды төлеуге 2025 жылға арналған республикалық бюджетте 875,1 млрд теңге қарастырылған. Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау атаулы әлеуметтік көмек көрсету арқылы жалғасады. 2023 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 76 мың отбасы немесе 403 мың адам АӘК алды. АӘК көрсетудің жаңа тәсілдерін азаматтардың шығыстарын ескере отырып қайта қарау шеңберінде бұл көмек Цифрлық отбасы картасы және мемлекеттік әрі мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен интеграциялау арқылы трансформацияланады», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда стипендия көлемі: бакалавриат бойынша 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға өсті. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18%-ға артты, 2025 жылдан бастап 17%-ға көбейеді.
4
Үкімет инвестицияларды ынталандыру және экономиканы әртараптандыру жөніндегі белгіленген жоспарларды іске асыруды жалғастырады
«Қазақстанда мұнай-газ химиясы, машина жасау, металлургия және АӨК жоғары деңгейде қайта өңдеудің 17 ірі жобасын іске асыру басталды. Экономикаға үлкен инвестициялар құйылуда. Биыл Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, өңірлерді газдандыру, ТКШ жаңғырту, көлік инфрақұрылымы бойынша ауқымды бастамаларын іске асыру аясында ғана экономиканы қаржыландыру 2 трлн теңгеден асты. Осы жылы жалпы сомасы 40 трлн теңгеге жуық Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды 2029 жылға дейін іске асыру басталды. Жыл соңына дейін Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қабылданады. Фермерлерді қолдау жалғасуда. Келесі жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда фермерлерден өтінімдер қабылдануда, олар 5%-дық жеңілдігі бар қаржыландырумен қамтамасыз етіледі», — деді баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Сонымен қатар Үкімет экономикаға шетел капиталын тарту бойынша шараларды күшейтті. Сондай-ақ бизнес үшін жағдайды жақсарту және экономиканы ырықтандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғастырылады. Үкіметтік бағдарламаларды іске асырудан экономикаға шетел валютасының түсуі валюта нарығына тұрақтандырушы әсер етеді әрі экономиканың одан әрі өсуіне ықпал етеді деп күтілуде.