«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында осы аптаның дүйсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Балық өсіру шаруашылығы, инновациялық жобаларды қолдау, несие және улы кекек шөбіне қарсы күрес жолдары» атты семинар отырысы болып өтті.
Аталмыш семинар отырысының жүргізу тізгінін өз қолына алған аудан әкімі Азат Құтпанбетов ауданымызға арнайы атбасын бұрған қонақтарды таныстырып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сала мамандарына кезекпен сөз беріп отырды.
Жиында алғашқы сөз кезегін алған Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айдар Мағзумов пен Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Ринат Кумешов балық өсіру шаруашылығын дамыту бағыты бойынша баяндама жасап, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңіл-детілген несие алудың жолдарын түсіндіріп, бау-бақша өнімдерін тамшылатып суару, ауылшаруашылық саласын өркендету бойынша бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.
Келесі кезекте сөз алған «Алматы кредит» корпорациясының бас маманы Ержан Артығалиев мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алудың және оны мақсатты жүзеге асырудың жолдарын түсіндірсе, «KAZ-KIOTI» зауытының сату бөлімінің менеджері Нұрлан Аятбеков егін шаруашылығына қажетті тракторларды сатып алудың жолдарын және қандай құжаттар рәсімделетіні, сондай-ақ отандық өнімнің сапасы жайында әңгіме өрбітті.
Мұнан соң, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау ғылыми зерттеу институтының ғалымы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сенбі Арыстанғұлов сөз кезегін алып, кекек шөбінің төрт түлік түрлеріне қауіпті екенін айтып, көптен бері күрмеуі шешілмей жүрген өзекті мәселе бойынша қандай іс-шаралар атқарып жатқанын және улы шөппен күресудің жолдары туралы баяндама жасады.
Жиынға қатысушы аудан тұрғындары күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша баяндама жасаған қонақтарға сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салып, еркін пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Азат Үкітайұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасының барлық жобасы-аграрлы ауданымыздың дамуына оң ықпалын тигізетінін айта келе, аудан тұрғындарының мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардан шет қалмауы үшін осы салаға қатысты мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеретін негізгі күретамыры - ауылшарушылық саласы екені жасырын емес. Сондықтанда мемлекет тарапынан ауылшарушылық өнімдерін дамыту, әлемдік нарықта бәскеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер дайындайтын өндіріс орындарын ұлғайту, халықты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірқатар күрделі жұмыстар жасалып жатыр.
Ендеше алқабы ақ күрішке, өрісі малға толы, суында балығы тулаған өңіріміздегі ауылшаруашылық саласының дамуына атсалысып, ауқымды істерді қолға алып, нәтижелі жұмыстарды атқарып жүрген азаматтардың берекелі істері әрдайым ілгері жылжып, өрістерінің кеңейе беруіне тілектес болайық, ағайын!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».