
Алматы облысында тұрғындардың психикалық денсаулығын сақтау, тәуелділіктің алдын алу және емделушілерді оңалту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірде психологиялық және наркологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде қолдау көрсетуге ерекше мән беріліп отыр.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Әлімбек Мұхтарұлының айтуынша, тұрғындарға психологиялық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында орталық жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін 1475 бірыңғай колл-орталығы іске қосылған. Енді облыс тұрғындары кез келген уақытта хабарласып, білікті мамандардан тегін консультациялық көмек алып, қажетті бағыт-бағдар ала алады.
«Өмірлік қиындықтар мен жан күйзелісі туындаған сәтте адамға уақтылы маман көмегі қажет. Осы мақсатта орталық жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай колл-орталығы іске қосылды. Басты мақсатымыз – азаматтардың өз мәселесімен жалғыз қалмауын қамтамасыз ету», – деді орталық директоры.
Өңірде наркологиялық қызметті жетілдіру және тәуелділіктен емделіп жатқан азаматтарды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу бағытында да жұмыстар атқарылуда. Орталықтың наркологиялық қызметінің жетекшісі Назым Жақыпбекқызының мәліметінше, есепті кезеңде облыста 2 703 адам наркологиялық бақылауда болған. Оның ішінде 2 414 адам алкогольге тәуелділік бойынша тіркелген. Сондай-ақ 133 пациент алғаш рет динамикалық бақылауға алынған.
Орталықта тәулік бойы жұмыс істейтін уақытша адаптация және детоксикация орталығы қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, емделушілердің әлеуметтік және еңбек дағдыларын қалпына келтіруге арналған арнайы шеберхана жұмыс істейді. Жыл басынан бері мұнда 54 түрлі бұйым дайындалған. Бұл жұмыс пациенттердің пайдалы дағдыларды меңгеріп, күнделікті өмірге қайта бейімделуіне мүмкіндік береді.
Жастар мен жасөспірімдер арасында тәуелділіктің алдын алу шараларына да басымдық берілген. Осы бағытта 188 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам адам қамтылды. Мамандар білім беру және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Алматы облысында психологиялық қолдауды қолжетімді ету, наркологиялық көмектің сапасын арттыру және тәуелділіктің алдын алу шараларын күшейту өңір тұрғындарының денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.


