
Жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болды деп өз басым есептеймін. Иә,реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіру, демократиялық институттарды нығайту, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейту, сондай-ақ конституциялық модельді қазіргі заманғы қоғамдық қауіп-қатерлерге бейімдеу болып табылады.
Қоғамдағы түйіткілді мәселелерге қалам тербеп жүрген қаламгер ретінде негізгі жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу болды деп білемін.Мұның бұрынғы модельден айырмашылығы, жаңа Конституцияда өкілді органдардың рөлі мен парламенттік бақылау тетіктері күшейтілді. Бұл тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін неғұрлым үйлесімді қалыптастыруға, сондай-ақ атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге қоғамдағы ең көп талқыланған өзгерістердің бірі заң шығару органының неғұрлым тиімді моделіне көшу болды. Ол заңдарды қабылдау рәсімін жеңілдетуге және бюрократиялық кедергілерді қысқартуға бағытталған. Бұл заң шығару үдерісінің жеделдігін және парламент қызметінің тиімділігін арттыруға тиіс. Елеулі өзгерістердің бір парасы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу жүйесіне де қатысты болды. Жаңа Конституцияда тікелей демократия институттарын, қоғамдық талқылаулар мен референдумдарды дамыту арқылы қоғамдық қатысудың кеңейтілген тетіктері бекітілген. Сонымен қатар, қоғам мүдделерін білдіруге және маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысуға арналған жаңа консультативтік-өкілдік институттар, оның ішінде Қазақстан Халық кеңесін құру көзделгені мені қуантты.
Бақтығали Дәуітбай,журналист.


