
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – мемлекеттің конституциялық құрылымын, мемлекеттік билік жүйесін және азаматтардың құқықтары мен міндеттерін қайта жүйелеуге бағытталған маңызды саяси-құқықтық құжат. Оның негізгі мақсаты – мемлекетті басқару тетіктерін жетілдірумен қатар, адам құқықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту және елдің ұзақ мерзімді дамуына қажетті қағидаттарды бекіту.
Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, оның унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы сақталатыны айқындалған. Мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидаты да бекітіліп, олардың арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қалыптастыруға мән берілген.
Жаңа Конституциядағы басты өзгерістердің бірі – Парламенттің орнына жоғары өкілді және заң шығарушы орган ретінде Құрылтайдың енгізілуі. Құрылтай 145 депутаттан тұрады және бес жыл мерзімге сайланады.
Оның өкілеттіктері кеңейіп, заңдар қабылдау, республикалық бюджетті бекіту, Үкіметке сенімсіздік білдіру, бірқатар жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға келісім беру сияқты маңызды функциялар жүктеледі. Осы арқылы Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі рөлі күшейтіледі.
Президент институты да сақталып, оның мәртебесі мен өкілеттіктері нақтыланады. Президент жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бұл лауазымға бір реттен артық сайлана алмайды. Сонымен қатар Президенттің саяси партияда болуына тыйым салу және жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметтер мен квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдарды атқаруына шектеу қою мемлекеттік басқарудағы мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған.
Үкімет атқарушы биліктің негізгі органы ретінде сақталады. Оның Президентпен қатар Құрылтай алдында да жауапты болуы және Премьер-Министрді Президенттің Құрылтай келісімімен тағайындауы мемлекеттік басқарудағы өзара жауапкершілік пен парламенттік бақылаудың маңызын арттырады.
Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше орын берілген. Адамның өмірі, қадір-қасиеті, жеке бас бостандығы, жеке өмірі, меншік, еңбек, білім алу, денсаулық сақтау, сөз және ар-ождан бостандығы сияқты негізгі құқықтар қорғалады.
Цифрлық дәуір талаптарына сәйкес дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және пайдаланудан қорғау құқығының жеке көрсетілуі де маңызды жаңалықтардың бірі болып табылады.
Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынады.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда Конституциялық Соттың рөлі күшейтіледі. Азаматтарға өз құқықтарына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш жасау мүмкіндігі беріледі. Сонымен бірге сот тәуелсіздігі, заңсыз алынған дәлелдемелерді пайдалануға жол бермеу және адамның кінәсіне қатысты күмәнді оның пайдасына түсіндіру сияқты құқықтық қағидаттар бекітіледі.
Жаңа Конституция әлеуметтік және экологиялық бағыттарды да қамтиды. Мемлекет әлеуметтік қамсыздандыруға, білім мен медициналық көмекке, еңбек құқықтарына және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға кепілдік беруге бағытталды. Білім, ғылым және инновация елдің стратегиялық дамуының маңызды негіздері ретінде танылады. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені белгіленіп, қоршаған ортаны қорғау мемлекетпен қатар азаматтардың да міндеті ретінде қарастырылды.
Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі артып, мәслихаттардың жергілікті бюджет пен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысуы көзделді. Әкімдерді қалыптастыру процесінде мәслихаттардың қатысуы жергілікті өкілді органдардың маңызын арттыруға бағытталған.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция мемлекеттік институттардың құрылымын ғана өзгертіп қоймай, олардың арасындағы өкілеттік пен жауапкершілік жүйесін қайта қарауға бағытталған. Оның басты ерекшеліктері – Құрылтай институтын енгізу, Президент өкілеттіктерін жаңарту, Үкіметтің есептілігін күшейту, Конституциялық Соттың рөлін арттыру, адам құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту және жергілікті басқаруды дамыту.
Ербаев Күмісбек, журналист.


