
Балқаш ауданы бойынша атқарылған профилактикалық іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстары нәтижелі жүргізіліп келеді.
Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бура ауылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және алкоголизмнің алдын алу бағытында бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғындарының бастамасымен «Алкогольсіз ауыл» жобасы қолға алынып, ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тарту туралы шешім қабылданған болатын. Соның нәтижесінде Бура ауылында соңғы төрт жылға жуық уақыт бойы спирттік ішімдіктер сатылмай келеді.
Аталған бастама қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің артуына, құқық бұзушылықтардың азаюына және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға оң ықпал етуде. Ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді тұрғындар жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізуде.
Бүгінде Бура ауылы қоғамдық тәртіпті сақтау мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудағы тиімді тәжірибесімен өңірдегі үлгілі елді мекендердің біріне айналып отыр.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Балқаш ауданында алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан үш ауыл бар. Осындай игі бастамаларды қолдайтын ауылдардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосуда.


