
Бүгінгі таңда қоғам өміріндегі маңызды саяси оқиғалардың бірі – референдум. Бұл – халықтың өз тағдырын өзі айқындайтын, ел болашағына тікелей ықпал ететін демократиялық тетік. Ана ретінде мен үшін референдум – жай ғана саяси науқан емес, ол – ұрпағымның ертеңіне деген жауапкершілік.
Біз, аналар, әрқашан баламыздың амандығын, елінің тыныштығын, болашағының жарқын болуын тілейміз. Сондықтан мемлекет тағдырына қатысты шешім қабылданатын сәтте бейжай қалу – ана жүрегіне сын. Себебі бүгін қабылданған шешім ертең біздің балаларымыз өмір сүретін қоғамның бағытын айқындайды.
Референдум – халықтың пікірі ескерілетін, әр азаматтың дауысы маңызды саналатын үдеріс. Бұл – бірлік пен ынтымақты, елге деген жанашырлықты көрсететін мүмкіндік. Ана ретінде мен елдің тұрақтылығы мен дамуын қолдаймын. Өйткені тұрақты мемлекетте ғана бала қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, арманына қол жеткізе алады.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Ал ұлттың болашағы – бүгінгі таңдауымызға байланысты. Сондықтан әрбір ана өз даусын беріп, саналы шешім қабылдауы тиіс деп ойлаймын. Бұл – біздің азаматтық парызымыз әрі аналық аманатымыз.
Ел ертеңі – біздің қолымызда. Ана жүрегі әрдайым бейбітшілік пен берекені қалайды. Сол себепті референдумға қатысу – болашақ үшін жасалған маңызды қадам.
Алтын Дауылбекова, «Алтын алқа» иегері.


