
Кәсіби білім алып, өз мамандығын терең меңгеріп, сол салада еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелерін- «Еңбек майталманы»- деп толықтай айтуға болады.
Өзінің мамандығын терең меңгеріп, халқына қалтқысыз еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері біздің өңірде баршылық. Олар аудан экономикасының артуына өзіндік сүбелі үлестерін қосып, өңірімізді дамытуда.
Иә, мамандық таңдауда еш қателеспеген адамдар ғана өз мамандығының хас шебері болып, халыққа кеңінен танылады.
Осында ел - жұртқа кеңінен танылған жұмысшы мамандық иесінің бірі - аудандық Обаға қарсы күрес бөлімінің жоғары санатты лаборанты Ақмарал Қаныбекқызы Хакимова.
Әріптестерінің алдында абырой - беделі үнемі жоғары тұратын жұмысшы мамандық иесі - 1977 жылы Бақбақты ауылында дүниеге келген. 1984 жылы №1 Жамбыл атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1994 жылы тәмамдады. Аталмыш білім шаңырағынан асқақ арманға қанат қаққан жас түлек сол жылы Алматы қаласындағы медицина колледжіне құжаттарын тапсырып, 1996 жылы «медбике» мамандығын алып шығады.
Сүйікті мамандығы бойынша білім алған әңгіме кейіпкері аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының лаборанты болып, өзінің еңбек жолын бастаған.
1998 жылы аудандық Обаға қарсы бөліміне лаборант болып жұмысқа орналасады.
Қазіргі таңда Ақмарал өзінің жұмыс орнында жұқпалы аурудың алдын алып, қауіпті індеттің таралып кетпеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген мейірбике. Ол халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттерді ойдағыдай атқарып, індеттің алдын алу шараларына қатысып, биологиялық және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ дәрігерлерге көмек көрсетіп, эпидемиологиялық бақылау жүргізеді.
Жұмыс барысында Ақмарал Қаныбекқызы санитарлық тәр-тіпті қатаң сақтайды, арнайы қорғаныш киімдерін пайдаланады. Оның күнделікті еңбегі үлкен қажыр мен төзімділікті қажет ететін мамандық. Қауіпті жағдайларда да сабырлық пен кәсіби шеберлікті сақтай отырып, ол өз борышын адал атқарып жүрген жайы бар.
Өз мамандығын терең меңгерген мейірбике еселі еңбегіне орай 2025 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық – эпидемиологилық бақылау комитетінің Құрмет грамотасымен және «SENIN» денсаулық сақтау жүйесі жұмыстарының салалық, кәсіптік одағы» РҚБ Жетісу облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды.
Мейірбике – адам өмірінің сақшысы, денсаулықтың қамқоршысы. Әсіресе қауіпті һәм жұқпалы ауруларға қарсы қызмет ететін оба дертіне қарсы мекемелерде еңбек ететін мейірбикелердің жұмысы ерекше жауапкершілікті талап етеді.
Жүректері мейірімге толы мейірбикелердің – халық денсаулығын қорғау жолында атқарып жатқан еңбектері мен ерліктеріне қарап, оларды «көрінбейтін қаһармандар» десек әбден жарасымды. Өйткені олар өз өмірін қатерге тігіп, қоғамның амандығы үшін қызмет етеді.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


