30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Биыл Қазақстан халқын бір тудың астына біріктірген Ата Заңымыздың қабылданғанына - 30 жыл толып отыр.
Мерейлі мереке қарсаңында аудандық кітапханада «Ата Заң – мемлекет кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдасты-руымен өткізілген іс-шарада қатысушылар кезекпен сөз алып, «ҚР Конституциясы Тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағын анықтап, соның арқасында елдіктің қа-зығы қағылып, қабырғасы қаланды. Шаңырағымыз биіктеп, босағамыз бекіді. Заңы кемелденген, саясаты орнықты, қоғамы тұрақты, сыртқы және ішкі геосаяси ахуалы қалыптасқан іргелі елге айналдық» - деп еліміздің тәуелсіздік алған жылдардағы жетістіктерге баса тоқталып, өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел үстінде ашық пікір алмасқан кеш қонақтары бұл Конституция қоғамымызда өміршең құжат болып, соның арқасында қоғамдық тұрақтылық нығайды. Әлеуметтік - экономикалық тұрғыдан алға ұмтылуымыздың құқықтық алғышарты жасалды. Дүниежүзіндегі қазіргі озық ойлы қағида жарғыларымен теңдесетін Конституциямыздың қадір-қасиеті әрқайсымыздың азат елімізді сүйіп, кеңбайтақ еліміздің өсіп-өркендеуіне жеке үлес қосуымызбен асқақтайтынын шынайы сезінуге қызмет етеді, ал біз елге қызмет етуге тиіспіз деген пікірлерін білдірді.
Іс-шара барысында М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Қарақат Ысқақ «Отан» әнін орындап, мерекелік кештің көрігін қыздырды.
Шын мәнінде Ата Заң әрбір қазақстандықтың құқығын қорғайтын, әділет пен теңдікті, мемлекет пен қоғам арасындағы келісімді бекітетін қасиетті құжат.
Тәуелсіз мемлекетіміздің үш онжылдық ішінде Конституция елмен бірге жаңарып, нығайып, заман талабына бейімделіп, өзгерістер енгізіліп отырды.
Конституцияның 30 жылдығы – Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінін бағамдап, болашағын бағдарлайтын маңызды межелік кезең. Бұл – еліміздің жаңғыруына жол ашқан тарихи құжаттың өміршеңдігін дәлелдейтін уақыт.
Өз тілшімізден.